Абай Құнанбайұлы – қазақ әдебиетінің ұлы тұлғасы, ақын, ойшыл әрі ағартушы. Оның шығармашылығы қазақ қоғамының рухани-мәдени дамуына теңдессіз үлес қосып, ұлттың болашағына бағдар берді. Абайдың туындылары арқылы адамзаттың ортақ құндылықтарына негізделген жаңа әдебиет, жаңа ойлау жүйесі қалыптасты.

Абайдың шығармашылық мұрасы үш негізгі бағыттан тұрады: өлеңдері, аудармалары, қара сөздері. Ақынның өлеңдері көркемдік пен философиялық тереңдікті ұштастырып, адам мен қоғамның күрделі мәселелерін бейнелейді. Табиғат лирикаларында («Қыс», «Жазғытұры», «Күз») қазақ даласының сұлулығы ғана емес, тіршілік философиясы да айшықталған. Абай өлеңдерінде білім, еңбек, адамгершілік сынды тақырыптар ерекше орын алады. Оның «Ғылым таппай мақтанба, Орын таппай баптанба » деген өсиеті әрбір адамның өмірлік қағидатына айналуы тиіс.

Абайдың аудармалары да оның шығармашылығының бір қыры. Ол орыс әдебиетінің жауһарлары – Пушкин, Лермонтов, Крылов туындыларын қазақтіліне тәржімалап, ұлттық әдебиеттің көкжиегін кеңейтті. Аударма арқылы Абай қазақ халқына жаңа мәдени-рухани көкжиек ашты.

Қара сөздері – ақынның даналық ойларының жиынтығы. Абай 45 қара сөзінде адамдық пен адалдықты, еңбек пен ғылымды дәріптейді. Әрбір сөзінде терең философиялық ой мен өмірдің мағыналы қағидалары жатыр. Мәселен, отыз жетінші қара сөзінде ол «Кім өзіне махаббат қылса, ол адамға махаббат қылмақ борыш іс» деп, өзара сыйластық пен адамгершілік қағидаларын насихаттайды.

Абайдың шығармашылығындағы ең басты идея – ағартушылық. Ол білім алуды қоғам дамуының негізгі шарты деп есептеді. Ақын «Біріңді қазақ, біріңді дос, Көрмесең істің бәрі бос» деген өлең жолдары арқылы ұлт бірлігі мен адамгершілік қасиеттерді дәріптейді.

Қорыта айтқанда, Абай Құнанбайұлының шығармалары қазақ халқының рухани қазынасы ғана емес, адамзатқа ортақ құндылықтардың үлгісі. Оның мұрасы ұрпақ санасын жаңғыртып, болашаққа жол сілтейтін мәңгілік мұра ретінде қала бермек.

Гүлсезім БОЛАТҚЫЗЫ,
Қосымша білім беру оқу-әдістемелік
орталығы, «Жас тілші» үйірмесінің оқушысы

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!