Арал ауданында қазақ әдебиетінде өзіндік қолтаңбасы бар, аса көрнекті қаламгер, ұлт намысын ұран тұтқан ерен тұлға Әбдіжәміл Нұрпейісовтың 100 жылдығына арналған «Ғасырлық ғұмыр ғибраты» республикалық ғылыми-танымдық конференция өтті.

Конференцияға арнайы қатысқан облыс әкімінің орынбасары Шахмардан Байманов Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Тынымбайұлы Қариннің арнайы Құттықтау хатын оқып, аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаевтың ыстық лебізін жеткізді.

Конференция жұмысына ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет», «Барыс» ордендерінің иегері, «Алтын жұлдыз» сыйлығының және Қазақстанның мемлекеттік сыйлығының иегері, ТҮРКСОЙ жазушылар одағының төрағасы Есдәулет Ұлықбек Оразбайұлы, халықаралық Қазақ ПЕН-клубының президенті, жазушы-журналист, Ғабдуллин Бигелді Қайырдосұлы, ақын, жазушы, Қазақстан жазушылар одағы төрағасының бас кеңесшісі, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Мырзан Кенжебай, жазушы, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Қуаныш Жиенбай, ақын, филология ғылымдарының докторы, «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері, профессор, ҚР Ұлттық Академиясының академигі, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы Жақып Бауыржан Өміржанұлы, ақын, «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстанның мемлекеттік сыйлығының иегері Светқали Нұржанов, жазушының баласы Кәрім Нұрпейісов және облысымыздың зиялы қауым өкілдері арнайы қонақ ретінде шақыртылып, қатысты.

Айта кету керек, Әбдіжәміл Нұрпейісовтың 100 жылдығына арналған шаралар топтамасы қазан айынан басталды. Алматы қаласында «Қазақ ПЕН» клубының ұйымдастыруымен және Жазушылар одағының бастамасымен халықаралық деңгейдегі ғылыми-танымдық конференция ұйымдастырылды.

Облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлының қолдауымен жарыққа шыққан «Біздің Әбе» атты естелік кітаптың тұсаукесері, Әбдіжәміл Нұрпейісовтің тұрған үйіне ілінген ескерткіш тақта ашылып, жазушының рухына Құран бағыштау рәсімі өткізілді.

Кейінгі тағылымды шаралар легі классик жазушының туған жері Арал ауданында «Ғасырлар толқынының дарабоздары» шарасы аясында Әбдіжәміл Нұрпейісов атындағы әдебиет үйінде «Әлем таныған Әбе» салтанатының ашылуы, Балықшы қауымның бір күндік өмірін қамтыған «Теңіз өмір арнасы» атты қойылым, қазақ күресінен республикалық турнир және «Қалам ұшындағы ғалам» атты халықаралық суретшілер симпозиумымен жалғасын тапты.

18 желтоқсанда «Өнер» орталығында облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлының қатысуымен «Әлем таныған Әбдіжәміл» атты еске алу кеші өтті.

Сөз өнерінің әкесі ретінде танылған Әбдіжәміл Нұрпейісовтың рухына жасалып жатқан құрмет – ұрпақтың рухани қазынасын молайта түсудің бір жолы.

«Қазақ әдебиетінің қара нары» Әбдіжәміл Нұрпейісовтің 100 жасқа толған мерейтойы – бүкіл қазақ халқының, қазақ әдебиетінің тойы.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!