KAZINFORM – Қазақтың қабырғалы қаламгері Әбдіжәміл Нұрпейісовті жерлестері әрдайым мақтан тұтады. Айдынды Аралдың толқыны тербелген жағалауында дүниеге келген жазушы қаламынан туған шығармаларында теңізді өлкенің өмірі мен тынысы көрініс тауып, жалпақ жұртқа әйгілі болды. 

Көзінің тірісінде туған топыраққа жиі келіп тұратын белгілі жазушы әрдайым жерлестерімен жиі жүздесетін еді. Сол жүздесудің барлығы көзінің тірісінде Арал қалалық тарихи музейінің жанындағы Әдебиет үйінде өткізілді. Бүгінде бұл орын аралдық ағайынның құрмет тұтатын, әрбір жәдігерін қызыға тамашалайтын көрнекті шығармашылық ордасына айналып үлгерді.

Kazinform тілшісі Әдебиет үйінің бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысып, оның жұмысына зер салып көрген еді.

ескерткіш
Фото: Қызылорда облысы Арал қалалық тарихи музейі

«Соңғы парыз» кейіпкерлеріне ескерткіш

Әдебиет үйіне келген адам алдымен ғимарат алдындағы «Соңғы парыз» романының кейіпкерлері – Жәдігер мен Бәкизат бейнеленген символикалық белгімен таныса алады. Кезінде аталған белгінің ашылуына белгілі жазушы өзінің отбасысымен келіп қатысты. Қоладан құйылған тартымды дүниенің биіктігі 2,5 метрді құраса, ені 3,6 метрді шамалайды. Ол ақтаулық мүсінші Көшер Байғазиевтің қолынан шыққан.

– Бұл романдағы оқиғалар барысы негізінен Бәкизат, Әзім және Жәдігер атты үш кейіпкердің арасында өрбиді. Онда сол кезеңдегі заманның тыныс-тіршілігі, экологиялық проблемалар, қоғамның моральдық жағдайы бейнеленген. Сондай-ақ сол уақыттағы азаматтардың ар-ождан мен азаматтық міндеттері алдындағы жауапкершілігі шығарманың өзегіне айналған. Автор оқиғаны жазу барысында адамдар арасындағы екі түрлі көзқарасты назарға алып, өткір экологиялық проблемаларды меңзейді. Арал теңізінің тартылуы жайында тілге тиек етеді. Роман әйгілі «Қан мен тер» трилогиясына ұқсайтын әлеуметтік-психологиялық шығарма ретінде бағаланады. Жалпы, Әбдіжәміл Нұрпейісовтің елге белгілі «Қан мен тер», «Соңғы парыз», «Курляндия» шығармаларымен қалың оқырманға кеңінен танылды, – дейді жергілікті қаламгер Жұмабай Жақып.

Қызылорда облысы Арал қалалық тарихи музейі
Фото: Қызылорда облысы Арал қалалық тарихи музейі

Әбдіжәміл Кәрімұлы Нұрпейісов 1924 жылы 22 қазанда Қызылорда облысы, Арал ауданының Құланды елді мекеніне қарасты Үшкөң ауылында дүниеге келген. 1956 жылы М. Горький атындағы Әдебиет институтын бітірген. 1962-1964 жылдары «Жұлдыз» журналының бас редакторы болды. Халықаралық Қазақ ПЕН клубының президенті қызметін атқарды.

Қызылорда облысы Арал қалалық тарихи музейі
Фото: Қызылорда облысы Арал қалалық тарихи музейі

1941-1945 жылдардағы екінші дүниежүзілік соғысқа қатысып, Оңтүстік және Прибалтика майданында, Луганск түбінде миномёт ротасында саяси қызметкер болды. Кейін Балтық маңында Курляндия плацдармындағы шайқастарға қатысқан. Аталған соғыс жөнінде қалам тербеген «Курляндия» романы 1950 жылы баспа жүзін көрсе, 1958 жылы толықтырылып қайтадан жарыққа шықты. Ал «Қан мен тер» трилогиясы «Ымырт», «Сергелдең», «Күйреу» деген атаумен үш кітап болып, әртүрлі жылдарда қалың көпшілікке жол тартты. Ал «Сең» атты шығармасы 1983 жылы елдің іздеп жүріп оқитын шығармасына айналды.

Қызылорда облысы Арал қалалық тарихи музейі
Фото: Қызылорда облысы Арал қалалық тарихи музейі

Қарымды қаламгерге құрмет

Әбдіжәміл Нұрпейісов қай шығармасында да өзінің еңбекқорлығы, жауапкершілігі, ізденімпаздығымен ерекшеленді. Сондықтан қалың жұртшылық қарымды қаламгердің шығармашылық дүниесіне жоғары бағасын берді.

– Әбдіжәміл Нұрпейісов 1974 жылы КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанса, 2001 жылы Мәскеудегі Халықаралық Әдеби қордың «За честь и достоинство», 2003 жылы Халықаралық М.Шолохов атындағы сыйлықтардың лауреаты атанды. Оған қоса «Қызыл Жұлдыз», «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі», «Халықтар достығы», «Отан» орден-медальімен марапатталған. 1985 жылы ол кісі Қазақ КСР Халық жазушысы құрметті атағна лайық деп танылды. 2019 жылы 22 қазанда жазушының 95 жасқа толған мерейтойына орай ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ә. Нұрпейісовке «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын берді. Сол жылы «Қазығұрт» баспасынан қаламгердің жеті томдық шығармалар жинағы жарық көрді, – дейді Арал қалалық тарихи музейінің меңгерушісі Ботагөз Сарбасова.

Қызылорда облысы Арал қалалық тарихи музейі
Фото: Қызылорда облысы Арал қалалық тарихи музейі

Айта кетсек, 1978 жылы Әзірбайжан Мәмбетов пен Юрий Мастюгин Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Қан мен тер» романының желісі бойынша екі бөлімнен тұратын кино түсірді. Фильм 1979 жылы Мәскеуде өткен КСРО-ның «Алтын медалін» және Ашхабад қаласындағы өткен кинофестивальде «Ең үздік тарихи-революциялық фильм» номинациясы бойынша бірінші жүлдеге лайық деп табылды.

Өткеннің өшпес өнегесі

Арал қалалық тарихи музейі жанындағы Әдебиет үйі аудан әкімінің 2014 жылғы 24 қарашадағы № 494 қаулысымен құрылған. Онда Халық жазушысы Әбдіжәміл Кәрімұлы Нұрпейісовтің байланысты жәдігерлерді зерделеуге мән берілген. Музей қаламгердің жазба ескерткіштерін жаңғырту және жинақтау мақсатында жасақталған. Бір қабатты ғимаратта орналасқан музей қорында жазушының әр жылдары басылып шыққан кітаптары, шет тілдеріне аударылған шығармалары, қолжазбалары, фотосуреттері, баспасөз беттеріне жарияланған мақалалары, көзі тірісінде тұтынған заттары бар.

Қызылорда облысы Арал қалалық тарихи музейі
Фото: Қызылорда облысы Арал қалалық тарихи музейі

– Биыл ашылғанына он жылға жуықтаған Әдебиет үйі шығармашылық адамдары мен жергілікті халықтың жиі келетін орнына айналды. Жазушының өзі көзі тірісінде мұнда ат басын бұрып, жерлестерімен жүздескенді жаны қалайтынын көзіміз көрді. Бүгінде келушілер мұнда құнды жәдігерлерге қызығушылық білдіреді. Әрбір дүниенің шығу тарихына назар аударады. Өзінің өмір жолында қаламымен Аралдың адамдарын, тарихын, өмірін, балықшылар тіршілігін шебер бейнелеп, елдің жүрегінен орын алды. Бұл әрбір қаламгерге бұйыра бермейтін бақ деп білемін. Туған жерді, қасиетті мекенді сүйіп өткен жазушының шығармалары сондай сүйіспеншіліктен жазылған деп ойлаймын, – дейді Ботагөз Сарбасова.

Қызылорда облысы Арал қалалық тарихи музейі
Фото: Қызылорда облысы Арал қалалық тарихи музейі

Қазір бұл орында түрлі әдеби және мәдени шаралары жиі өткізіледі. Оған қатысушы жас ұрпақ Әбдіжәміл Нұрпейісовтің шығармаларымен етене танысып, қаламгер тұтынған бұйымдарға қызығушылығын білдіріп жатады.

– Тағы бір айта кетерлігі, 2008 жылы 14 қараша күні Ақтөбе қаласында «Қан мен тер» трилогиясының кейіпкерлеріне арналған ескерткіш ашылды. Бұл – еліміздегі әдеби туынды кейіпкерлеріне арнап жасалған алғашқы туынды. Ескерткіш Ақтөбе облыстық Сақтаған Бәйішев атындағы кітапхананың алдында орналастырылған. Мүсіндік копозицияда Беларан аралындағы романның негізгі жеті кейіпкері және ит мүсінделген. Одан кейін 2014 жылы Әдебиет үйінің алдындағы «Соңғы парыз» романының кейіпкерлеріне қойылған белгі елдің игілігіне айналды. Айта кетсек, Әдебиет үйінде жазушының өзі тұтынған көзілдірігі, портфелі, темір күнтізбесі, қаламсап жиынтығы. бас киімі, костюм-шалбары және жейдесі тамашалауға келген азаматтардың қызығушылығын туғызады. Жыл басында мекеменің жылдық жоспары бекітілді. Аталған іс-шара жоспарына сәйкес «Ғасыр жасаған ғажап ғұмыр», «Теңіздей толқыған қаламгер» атты жазушының өмірін, шығармашылығын насихаттау мақсатында жылжымалы көрмелер ұйымдастырылды. Бүгін, 22 қазанда Халық жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейісовтің туғанына 100 жыл толуына орай «Әлем әдебиетінің абызы» атты ақын-жазушылармен кездесу кеші жоспарлануда, – деді Б. Сарбасова.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!