Картина авторы: Фриц Цубер-Бюлер «Поэтесса»
Жер бетіндегі ең алғашқы ақын қай жыныстың өкілі? Ер ме, әйел ме? Нақты шешімін таппаған бұл сұрақ талайды толғандырған тақырыпқа айналғалы қай заман.
Ең алғашқы ақынның әйел немесе ер адам болғаны туралы нақты дерек жоқтың қасы, себебі бұл сұрақ адамзат тарихының ең алғашқы кезеңдеріне сай және жазбаша деректердің болмауына байланысты нақты дәлелденбеген.
Алайда ғалымдардың зерттеуіне сүйенсек, ежелгі Месопотамиядағы алғашқы ақын – Энхедуанна есімді әйел. Б.з.д. XXIII ғасырда өмір сүрген Энхедуанна – тарихта аты қалған ең алғашқы ақын ретінде белгілі. Ол Аккад билеушісі Саргонның қызы. Энхедуанна әкесі билік құрған жылдары шумер өркениетінің діни жырларын, ғибадатхана гимндерін тасқа қашап жазған. Ғалымдар бұл таңбалы тастарды зерттеу барысында шығарманың соңына авторлық қолтаңба қоюды ең алғаш болып Энхедуанна бастады деген тұжырымға келген. Оның шығармалары ежелгі Месопотамияның мәдени мұрасы ретінде әлі күнге дейін сақталып келеді. Ал ерлер арасындағы алғашқы ақындар дегенде ежелгі грек поэзиясында Гомердің есімі аталады. Дегенмен Энхедуанна одан бірнеше мың жыл бұрын өмір сүргенін қаперіңізге саламыз.
Есенғали Раушановтың «Әйелден ақын шықпайды, биші не күйші болмаса…» деп келетін өлең жолдары поэзия сүйер қауымға жақсы таныс. Бұл тармақтар өлең әлеміндегі ерлер мен әйелдер арасында әлі күнге дейін дау тудыратыны өтірік емес. Әйтсе де Есенғали ақын өз сөзінде екі бірдей өлеңіне түсінік бермейтінін айтқан. Бірі «Қара бауыр қасқалдақ» жыры болса, екіншісі дәл осы «Әйелден ақын шықпайды» атты өлеңі. Оқырманның ойы осы тұста екіге бөлінеді. Бірі бұл өлеңді гендерлік кемсіту деп тапса, ал енді бірі «қылдан нәзік қыз жанын аяған соң туған жыр, өйткені өлең үлкен рухты қажет етеді» деп бағамдаған. Дегенмен ер азаматтар жазған жырдың барлығынан бірдей рух көре аламыз ба? Ал, Фариза мен Ақұштап апаларымыздың рухты жырларын қайда қоямыз?
Аталған өлеңге ақын Асылзат Арыстанбектің жауап ретінде жазған жыры поэзиядағы бұрымдылар қауымын қайрағандай болды.
«Бишіліктен бақытыңды табасың », Енді бұлай демессің. Өйткені сен де АҚЫН ғанасың, Құдай емессің! – дейді ол. Кейінгі жазған туындысында да дәл осы ойға тағы бір тоқталды. Бұл жолғы жырдан ер азаматтарға деген реніш пен кек барын байқау қиын емес.
Әйелден ақын шықпайды деп, Әлсіздер жылап-сықтайды деп, Еркектің ығын ықтайды деп, Өлсе де өрлік жұқпайды деп, Жүрсіңдер-ау, Көрерсіңдер әлі! – деп өреді ол өлеңін.
Ал ақын Жанна Елеусіз «Ойы озып кеткен қарындасына өкпелеп, бір ағам айтса кешірер едім. Бірақ бүтіндей әйел баласына бұлай баға беру жігіттерге жараса қоймас.Жалпы, қазақ қыз баласын қадірлеп, көкке көтере отырып, «жат жұрттық» деп қарадай безініп, «қатын ашуланса, қазан қайнатады» деп сылқ еткізіп, көктен жерге түсіре салатын тамаша, парадоксы мол халық қой» дейді кезекті сұхбатында.
Есенғали Раушановтың аталған өлеңіне қарсылық танытып, қалам тербегендер қатарында қыз-қырқын, әйелдерден бөлек ер азаматтар да бой көрсетті. 2013 жылы Жолтай Жұматтың сайт беттерінде жарық көрген «Ару-ақындарға бас ию» атты эссе-мақаласында бала күнгі досы Есенғали Раушановтың жоғарыда аталған өлеңін сынға алған болатын. Мақала мазмұны ақынның Астанада өткен 50 жас мерейтойындағы оқиғадан бастау алып, аяулы аналар шырқаған бесік жырына тоқталады. Әрі қарай Төлегеннің Марфуғаға жазған жырын, Мұқағалидың Фаризаға шаққан мұңын тарқата отырып, бұл өлеңдерді ақын аруларды мойындауға балаған.
Араға бір ай уақыт салып, дәл осы сайтта Есенғали Раушановтың сұхбаты жарық көрді. Онда ақын өзі атап өткендей қос бірдей өлеңіне түсінік бермейтінін қадап айтты:
– Мен екi өлеңге түсiнiк бермеймiн. Бiрi – «Қара бауыр қасқалдақ», екiншiсi – «Әйелден ақын шықпайды». Бiрақ менiң Жолтай Жұмат деген досым да, танысым да жоқ. Болған да емес. Бала кезде тiптi де болған емес. Әдебиетте ондай атты естiмеппiн де. Бәлкiм, Жұмат Тiлепов шығар, сондай ғалым бар, ҚазҰУ-де сабақ бередi. Бiрақ ол өзi де кезiнде өлең жазған, поэзияны бiр адамдай түсiнетiн кiсi. Жаңағыдай «әйелдi қорлады» деген қылмыстық iс қозғауға дайындалған жандармериялық тұжырымды процессуалдық факт тұрғысынан ол айтпайды. Жоқ, бiлмеймiн. Бәлкiм, бiреудiң псевдонимi шығар, ондай-ондай болады. «Ағайыны едiм, досы едiм, бiрге өсiп едiк, бiрге iшiп едiк» дейтiндердi естiп жатамын, бiрақ шыным сол, солардың көбi бiлмейтiн кiсiлерiм боп шығады. Қалай болғанда да, сiз оған айтыңыз, эссе жазса рақмет, сынаса да рақмет, қорлау десе де рақмет. Бiрақ түсiнiгi бағанағы Айсекеңнiң түсiнiгi секiлдi ондай Жолтай, Балтайларды оқуға уақытым жоқ, уақытым болса да оқымаймын, – деп түйіндеді ол.
Иә, қазақ әдебиетіндегі гендерлік мәселелерді зерттеу арқылы қазақ қоғамының дамуын, мәдени ерекшелігін тереңірек түсінуге мүмкіндік аламыз.
Мәселен қазақ әдебиетінің ерте кезеңінде ер мен әйелдің рөлдері көбінесе патриархалды қоғамның талаптарына сәйкес сипатталды. Батырлар жыры мен тарихи дастандарда, мысалы Қобыланды, Алпамыс секілді батырлар арқылы ерлер қауымы қайсарлықтың, ұлттың қорғаны ретінде сипатталса, хандар мен билер биліктің символы ретінде суреттеледі. Олардың бейнесі ер азаматқа тән мінсіз қасиеттерді көрсетуге бағытталған.
Ал әйел образы әдетте отбасының берекесі мен тәрбиенің бастауы ретінде суреттеледі. Қыз Жібек, Баян Сұлу сынды кейіпкерлер сұлулық пен нәзіктіктің, сондай-ақ адалдықтың символы ретінде жадымызда сақталды. Сонымен қатар әйелдер образында белгілі бір дәрежеде еркіндікті шектеу, қоғамның қатаң ережелеріне бойұсыну көрініс табады.
ХХ ғасырдың басында қазақ қоғамы білім мен мәдениетке бетбұрыс жасады. Дәл осы кезеңде әйелдердің әлеуметтік рөлі мен құқықтары жиі қозғалды. Мәселен Алаш зиялыларының, яки Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Жүсіпбек Аймауытов сынды ұлт зиялылары өз туындылары арқылы әйелдердің білім алуы, тең құқылы болуы туралы мәселелерді кеңінен көтерді.
Ал кеңес дәуірінде әйелдердің қоғамдық рөлі туралы жаңа көзқарастар пайда бола бастады. Әдебиетте әйел бейнесі еңбекқор, қоғамның белсенді мүшесі ретінде суреттелді. Бұл кезеңдегі шығармаларда әйелдің өндірістегі рөлі, қоғамдық-саяси өмірге араласуы, гендерлік теңдікке жету идеялары айқын көрініс тапты. Осы тұста Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов сынды жазушылар әйел бейнесін жаңа қырынан ашты. Мысалы, Ғабит Мүсіреповтің «Ананың анасы», «Ұлпан» повестері әйел затының нәзіктікпен қатар қайсарлығын, асқақ рухын бейнеледі.
Тәуелсіздік алғаннан кейін қазақ әдебиетінде әйел образы мен гендерлік мәселелерді талқылау тіпті кеңейе түсті. Бұл кезеңде әйелдер тек отбасы мүшесі ғана емес, қоғамда өзіндік орны бар тұлға ретінде қарастырылды. Бүгінде ақындар мен жазушылар, әсіресе әйел қаламгерлер өз туындылары арқылы гендерлік теңдік, әйел құқықтары, қоғамдағы әлеуметтік шектеулер жайлы еркін әрі терең ой қозғап жүр. Бұған бір ғана мысал ретінде жазушы Сәуле Досжанованың «Екі күйеулі келіншек», «Жатқа туған бала», «Жалғыздың жарасы», «Қасірет пен тағдыр» атты туындыларын келтіруге болады. Әйелдің тауқыметке толы тағдыры жайлы жиі қалам тербейтін жазушының оқырмандар қатары бүгінде күн санап артып келеді.
Әдебиеттегі әйел мен ер адамның бейнесін поэзия арқылы зерттеу – ұлттық болмыстың өзгеру процесін түсінудің бірден-бір жолы. Әдеби шығармалардағы гендерлік мәселелер уақыт өткен сайын өзгеріп, қоғамның дамуына сай жаңа мазмұнға ие болуда. Мәселен бүгінде ақындар шығармашылығында әйел затының қоғамдағы рөлі туралы, әйелдер психологиясы, олардың өзіндік «менін» табуы, қоғамдағы түрлі шектеулерге қарсы күресі жайлы жиі айтылады. Сол арқылы әйелді тек нәзік жан ретінде ғана емес, сонымен қатар шешім қабылдай алатын, болашаққа ықпал ете алатын жеке тұлға ретінде көрсетеді. Сонымен қатар ерлердің бейнесі де үлкен өзгеріске ұшырауда. Қазіргі әдеби туындыларда ер азаматтар тек дәстүрлі шығармаларда бейнеленетін батыр немесе ел қорғаушы рөлінде емес, сезімтал, ішкі жан дүниесі күрделі кейіпкер ретінде көрініс тауып келеді.
Бұл тақырып тек әдебиет үшін емес, жалпы қоғам үшін маңызды екенін ескере отырып, алдағы уақытта да тереңірек зерттеуді қажет етеді. Себебі гендерлік теңдікке жету – тек әдебиетте емес, шынайы өмірде де маңызды мақсаттардың бірі.
Қорытындылай келе, ақындық өнер ердің де, әйелдің де табиғатына тән деген тұжырымға келеміз. Сондықтан бұл өнердің бастауы ортақ болуы тиіс.
Аружан ОРАЛБАЙ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!