Ұрыс, майдан, айқас. Бұл сөздерді естудің өзі ауыр болғанымен жігер сөзімен байланыстырғым келіп отыр. Батырлар “туып өскен жерімді, шаңырағымды қайта көрсем” деп соққан жүрегінде үміт отын өшірмес үшін барын салды. ХХ ғасырдағы алапат Ұлы Отан соғысы барша Кеңестік кездің отбасына ауыр тигені анық. Қала мен ауыл тұрғындары, тіпті, кеше ғана мектеп табалдырығында отырған бозбала мен бойжеткендер де әскер қатарына жұмылдырылды. Менің де отбасымды айналып өтпеді.
Тереңөзек ауданында туып өскен үлкен атам Сәрсенбай Балмаханов Қызыл әскер қатарында болған. Дастарқан басында шай ішіп, мінез, қайрат жайлы әңгіме қозғалғанда әжем ылғи да атамды үлгі тұтатын. Бір кездері көгілдір экраннан жеңіске қатысты бейнеролик көріп, жанында отырған атамның жас кезіндегі нақ образын суреттеп бергені есімде. Ол кісінің келбетіне, артқа қарай жинақы таралған шашына аса назар аударатын. Айтуынша, қандай сұраққа да жауабы дайын тұратын және мінезі ауыр адамдармен де тіл табысып, түсіне біледі екен. 1942 жылы ант қабылдап соғысқа аттанған кезде 19 жаста болған екен. Бұл жастағы жігіт кенеттен майдан ортасына тап болғандағы сезімін жеткізу кез келген жазушының қолынан келе бермейтіні рас.
Алматы арқылы Германияға жол жүріп, командирдың тапсырмасымен 61-інші атқыштар полкіне орналасады. Снайпер болыпты. Бұл туралы ең алғаш сағынышпен жазған хатынан білдік. “Біздің бөлімшеде қазақтар аз еді, негізінен, татарлардан, орыстардан құралды. Бірақ барлығымыздың арманымыз бір еді. Отбасымды тағы бір құшағыма алсам деген үміт. Барлық жерге киіп жүретін бір екі киімдер берілді. Суға түсіп алуға мүмкіндік кейде болмай қалатын. Бірақ бұл уайым ба…”- деп жалғады Сәрсенбай ата. Соғыс алаңында мергендігімен көзге түскен. Ашық алаңдарда, мина жатқан жерлерде ұрыс жүргізудің тәсілдерін жақсы білген деседі. Кеңес үкіметі Германиямен шайқаста бірнеше бағытта ұрыс жүргізді. 1943 жылы 29 желтоқсанда Витебсктегі (Белоруссия) полкке ауысады. Фашистердің “Барбаросса” жоспарына сай бұл қалаға шабуыл жасалып, әсем мекеннің тас-талқаны шыққан кезін көргенін айтқанда жүрегің қарс айырылады. Осы жылы арқасына оқ тиіп госпитальға жатқызылады. Ал 1944 жылы 30 маусымда емделіп, қайтадан майданға жіберіліп, Кенинсбергті (Калининград) жаулауға атсалысады. 89-ыншы танк бригадасына келіп, көп ұзамай уақытша командирдың қызметін атқарушы ефрейтор дәрежесіне ие болады. 1945 жыл. Ұлы Жеңіс! Пойыздың ішінде еліне қайтып келе жатқан жауынгерлердің жүзіне қарап барлығының дерлік қуанышы бір деңгейде деп айта алмассың. 22 жастағы жігіт 3 жылда өмірдің қатыгез тұстарын анық көріп, өзінің қалай өзгергенін байқамай да қалды. Жеңіспен оралып, анасының құшағында еркеледі. Марапаттары жайлы айтар болсам, 1946 жылы Ұлы Отан соғысында фашистік Германияны жеңгені үшін медаль табысталады. 1948 жылы 11 маусымда Жоғарғы Совет Президиумының атынан Калининградтағы жеңіс үшін” медальімен, 1970 жылы 10 сәуірде Лениннің 100 жылдық мерейтойына орай “Ерен еңбегі үшін”, 1946 жылы 10 мамырда “ҰОС жеңісіне 30 жыл толуына орай” медальдары табысталды. Әрине, бұл медальдардың өзімізде сақталып тұрғаны ел тарихының жадымызда сақталып тұрғанымен тең.

Абылайхан ЖҮНІС

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!