1979-1989 жылдарда Кеңес әскерінің құрамында Ауған жерінде интернационалдық борышын өтеп, аман-есен елге оралғандардың ішінде менің де әкем бар.
Әкем Нұрлан Сейітжаппаров Ауғанстан туралы онша көп ашылып әңгіме айта бермейді. Кей-кейде осы тақырыпта сөз қозғай қалса бәрін есімде сақтауға тырысамын.
Менің білетінім, ол оқушы кезінен бастап әскерге баруға қатты дайындалған. Спортты жақсы көреді, әлі күнге дейін волейбол ойнап тұрады. Мектепте жоғарғы сыныпта жүргенде сол кезде шығатын «Советский спорт», «Физкультура и спорт», «Советский войн», «Военное знание», «Авиация и космонавтика» деген газет-журналдарға жазылып алдырып тұрған екен. Ауған соғысы басталғанда военкоматқа өзі барыпты. 1982 жылы әскер қатарына алынғаннан кейін Өзбекстанның Термез деген қаласында 1,5 жыл қызмет атқаруға тура келіпті. Онда да өз еркімен сұранып жүріп, ақыры дегеніне жетіп, Ауғанстанға барған. Онда кірудің өзі ойлағандай оңай болмапты. Зил-131 машинасының жүргізушісі болған, иірімдері көп тау жолымен биік асуларға шығу қаншалықты қиын болғанын, одан ары түсудің екі есе қиын болғанын айтып беруші еді. Ауғанстанда, Баграм, Пандшер деген жерде қызмет атқарғанын айтатын.
Бірде колоннамен келе жатқанда алдындағы камаз көлігі минаға түсіп жарылады, тағы бірде жанында келе жатқан БТР минаға түсіп өртенеді. Бірде түн жарымында шұғыл түрде бір жерге қару-жарақ, оқ-дәрі апару керек болған, командирлері бұларға машинаның жарығын жағуға рұқсат бермеген, қараңғыда душмандар иелік етіп тұрған аймақтан қанша қиын болса да, аман-есен өтіп, тапсырманы ойдағыдай орындапты.
Кейін де талай жағдайларда Құдай сақтап аман қалғанын айтып, бүгін де солардың бәріне шүкіршілік ететіні бар. 1984 жылы тамыз айында елге оралады. Келгеннен кейін өрт сөндіруші болып жұмысқа орналасқан. Болашақ жары, яғни, менің анамды сол өрт сөндіруші болып жүріп кездестірген екен. Менің анам Назипа Ақатаева өрт сөндіру бөлімінде диспетчер болып қызмет жасайды. Әкем әлі де күкірт қышқыл өндіретін зауытта өрт сөндіруші.
15 ақпан, 9 мамыр сынды арнайы мерекелік күндерде кездесулер өтетіні белгілі. Әкеме мұндайда шақыртулар келіп тұрады. Әр кездесуінде елді сүю, Отанды қорғау, ұрпаққа патриоттық тәрбие беру жөнінде ұдайы айтып жүр. Әкем отбасымның тірегі, сол үшін көбіне әкеме қарап бой түзеймін. Мен отбасыммен ерекше мақтанамын.
Аяулым НҰРЛАНҚЫЗЫ
№125 орта мектептің
11 сынып оқушысы,
Жаңақорған ауданы
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!