Бұл сұқбатымызда ғасырлардан көш тартқан бабалардың сара жолына үңіліп, ұмыт қалып жатқанымызды жұрт жадында жаңғыртқымыз келеді.Әрбір амалының астарында адамдықтың сыйпаты көрініс табатын халықымыздың кез-келген дәстүрі жақсылықты дәріптейді.Бүгінгі қоғамда біреудің баласын бауырына баспақ түгілі, өз баласының алдындағы әкелік міндеттерін орындаудан жалтарып жүргендер көбеюде. Өкіл әке деген кім? Оның туған әкеден айырмашылығы бар ма? Кейіпкеріміз Сандуғаш –  қос бірдей әкенің қызы. Өз әкесі – Ғайнолла, өкіл әкесі – Әбдікәрім. Бүгінде ұлын ұяға, қызын қияға қондырып отырған аяулы ана, ардақты жар. Әке мен бала арасындағы қарым-қатынас, отбасылық жылулық төңірегінде  қала тұрғыны Сандуғаш Кұрманбаевамен әңгімелескен едік.

– Сандуғаш, өкіл әке дегеніміз кім?

– Әрине бұл ұғым кей адамдарға тансық болуыда мүмкін. Себебі адамдардың мейірімі азайды ма әлде басқафакторлардыңәсері болдыма, қазіргі қоғамда өкіл атану жағдайлары некен-саяқ. Тіпті жетім жанды асырап алу мен өкілдікке алудың ара-жігін ажырата алмайтын деңгейге жеттік. Өкіл атану, баланың ата-анасынан айырылуына немесе отбасының балалы бола алмауына еш қатысы жоқ. Елге танымал азаматқа қаны бөлек, ата-аналы ержеткен ұлдың, бойжеткен қыздың ықыласы ауып, балалық жылы сезімі оянып, ниеттескен екі тараптың бірдей әкелік пен перзенттікті қалауы. Ұлы-қызы сөзінің алдына өкіл қо­сылғаны болмаса, ағайындар куәландырған өкіл әкелік пен балалықтың ақиқаты күмән­сіз. Менде сол өкіл қыз атанып өмірде жолы болған жандардың бірімін.

– Ендеше осы өкіл қыз атану тағдыр жолыңыз жайлы айтып берсеңіз.

– Мен, Сыр алаштың анасы атанған қасиетті мекенге келінмін. Алғаш 1998 жылы аяқ басып, өз теңімді осында таптым. Қайын жұрт шалғайда болғандықтан «Айналайын, қарағым!» деп арқамнан қағатын жандарға, жылулыққа мұқтаж болдым. Сол уақытта алғаш қамқор болған жандар өкіл Әкем Ембергенов Әбдікәрім мен өкіл анам Гүлжамал болды. Өз баласындай көрді. Өзім жаспын әрі өзім келінмін. Кішкентай келеңсіздікке ұшырай қалсақ көңілге ерік беретін жас шағымыз. Осындай уақыттарда өз ата-анамдай болып, қиындыққа тап болсам қолтығымнан демеп, қажет жерде бағыт-бағдарын беріп, көп көмектесті. Міне сол сәттерден бері ол кісілермен, бауырларымен етене араласып тұрамын.

– Сіздіңше өз бен өкіл сөзінің айырмашылығы қалай?

– Айырмашылық жоқ! Мен сол үшінде рақмет айтқым келеді. Сіздерге түсінікті болу үшін өз әкем немесе өкіл әкем деп атап отырмын. Алайда олардың айырмашылығын ешқашан көрген яки сезінген жоқпын. Бұл туысқандық қатынастың басты ерекшелігі де осында жатыр. Жауапкершілігі өте зор. Өз баласынан кем көрмей жақсы көретін өкіл әке-шешеңе туғаныңнан да артық перзенттік махаббатынды көрсетуің қажет. Бұл басты жазылмаған заңдылық.

– Өкіл бауырларыңыз сізді қалай қабылдады?

– Әбдікәрім әкемізден Хайназар, Бекназар, Мұрат, Маржан, Күміскүл, Шолпан, Айгүл, Айнұр аға-іні, әпке-сіңілі болған бауырларым тарайды. Бүгінде әке-шешелеріміз өмірден өткенімен бауырлық қатынасымыз үзілген емес. Мені ешқашан «сен өкіл қызсың ғой» деп қарамағанына сенімдімін. Сол үшінде айтар алғысым көп.

Өзіңіз өкіл ана атануға қалай қарайсыз?

– Әрине сондай бір сәттер болса, қуана келісемін. Себебі өкіл ата-анамның көп жақсылығын көрдім. Біз қазір қаншалықты дайын екенімізді қайдам, бірақ бұндай кеңдіктен алыстап бара жатқан секілдіміз. Осы тұста менде әдет-ғұрпымыз бен салт-дәстүрімізді ұмытпасақ екен деген тілек бар.

Сүбелі сұхбатыңызға рақмет!

Сұхбаттасқан Шернияз Жалғасбекұлы

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!