Ақ кимешегімен сахна төріне сән сыйлап жүрген, әсем дауыстарымен әлемді тербеп, айналаны керемет өнердің шуағына шомылдырған Қызылжарма ауылындағы «Қуаныш» әжелер ансамблінің өнеріне көпшілік тәнті. Жылдың қай мезгілі болса да, халыққа қызмет етіп, ұлағатты ұрпақ өсірумен қатар, өнер әлемінде де өзіндік орнын таба білген әжелер бүгінде талайға үлгі. Сахна төріне шыққан ақ кимешектілерге елдің алғысы да бөлек.
Осыдан тоғыз жыл бұрын құрылды. Содан бері талай өнер бәйгесінде топ жарып келеміз. Алдыңғы толқын кейінгі толқынға осылай үлгі болу керек. Біз жастардан талап еткен әрбір қасиет өзіміздің бойымызда болған жөн. Біз ұлттық өнерді өз деңгейінде дәріптей алып қана жастардан ұлттық құндылықтарды ұлықтауды талап ете аламыз. Кейінгіге үлгі болып, ұлтымыздың ерекше өнерін осылай ел алдына шығарып, бойында таланты бар әжелерімізді елге танытуды мақсат еттік. Осы тоғыз жылда алған асуларымыз мол, – дейді ансамбльдің жетекшісі Қуаныш Ахметқызы.
Иә, зымырандай сырғыған уақыт ансамбльдің қоржынын олжаға толтырды. Тартысты өткен өнер додаларында көш бастап, жеңіс туын желбіретіп келеді. Мәселен, сол ашылған жылы-ақ, Абай ауылында өткен «Дәстүрімнің бал қаймағы – әжелер» атты қалалық байқауда бақ сынаған ансамбль ұжымы ІІ орынды еншілеген. Ал наурыз айында «Асыл ана – келінге пана» атты қалалық ене мен келін жұптар арасындағы байқауда ансамбль мүшесі Ермағанбетова Бидаш келіні Бекболатқызы Айым екеуі қатысып, І орынның биігін бағындырған. Жетістіктері енді ғана басталған ұжым елдің үкілеген үмітін ақтап келеді. «Қарттарын қадірлеген ел ардақты» атты қалалық әжелер байқауында Нұрмаханова Сәнтай І орынды қанжығасына байлап, жеңімпаздар көшін бастады. Ал 2016 жылы өнерлі ұжым мүшесі Иманғалиева Гүлжан немересі Бақтыбай Айыммен, Ермағамбетова Бидаш немересі Талғат Бексұлтанмен, Еділова Ұлбике немересі Өмірсерік Ақеркемен бірге «Әжем айтқан ертегі» байқауында бақ сынап, қоржынын жүлдеге толтырды.
– Ұжым қазір де көрермен көзайымына айналған. «Жас кезімде бейнетін, қартайған соң зейнетін бер» деп тілеген ақ әжелеріміз өнегелі ене, сүйікті әже атанып, бір-бір шаңырақтың шырағданы, ақыл айтар ақ жаулықты анасы атанып отыр. Олардың белсенділігіне тәнтіміз. Қазір де халықтың сүйікті өнер жұлдыздарына айналған десек, артық айтқандық емес. Ұлттық өнерімізді дәріптеп, төрімізге шығарып келеді. Алған асуларын айтып, тауыса алмаймыз. Әжелер – біздің мақтанышымыз, – дейді Қуаныш Ахметқызы.
Иә, бүгінде қалалық деңгейдегі әжелер байқауының әрбірінде қара көрсетіп, өнерімен өрге жүзіп, белсенділігімен танылған ұжым «Ізет, иба, парасат», «Әжелер – алтын қазынам», «Ұлағат болсын ұлыңа, ғибрат болсын қызыңа», «Әжелер сөзі – тәрбие көзі», «Әже – көңілдің ажары, немере – өмірдік базары», «Дәстүрді дәріптеген әжелер», «Ақылшы ене, ибалы келін», «Тарих. Тұлға. Тағылым», «Өнерлі елдің өресі биік» тәрізді өнер байқауларында ұжымның беделін биіктетіп, жүлделі орындарды олжалап келеді. Әлбетте, олардың әрбірінің тек өнерде ғана емес, өмірде де ұстаз атанып, өмір мектебінің дәрісін беріп жүрген ақылшы екені даусыз.
– «Әйел – отбасының шырағы» дейді дана халқымыз. Шаңырақты шаттыққа бөлеп, берекесі мен бірлігін сақтап отырған аналарымыз қай уақытта да құрметке ие. Сол себепті, біз үлгілі ұжымымыздың әрбір мүшесін жоғары бағалаймыз. Талантымен тау биікті еңсеріп жүрген асылдарымызға Алла ұзақ ғұмыр берсін деп тілейміз. Бұл кісілердің туған халқына берері әлі көп. Өнерге лайықты баға беретін қазыналы қазағымның әр баласына әжелеріміздің өнері дари берсін, – дейді жетекші.
Сахна төрінде ұлттық нақыштарымен әр сыйлап, ақ кимешектерімен еңсесі биік аналарымыздың болмысын қалыптастыра өнер көрсетіп тұрған әжелердің дауысынан әлемге мейірім мен махаббат, шұғыла мен шапағат төгіліп тұрғандай. Ұрпағын әлдимен тербеген әжелер әні бүгінде әлемді тербейді…
Дәулет ҚЫРДАН
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!