Биыл жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісовтің туғанына – 100 жыл. Арал ауданында қаламгердің атында тарихи музей жұмыс істейді. Ғимарат 2014 жылы ашылып, ел игілігіне берілген болатын. Мұнда экспозициялық зал және жазушының жазу бөлмесі бар. Жазушы көзі тірісінде осында жиі кеп тұратын. Бұл тарихи орынға жылына 2000-нан астам адам келеді.

Музейге тұтынған заттары мен кітаптары қойылған. Әбдіжәміл Нұрпейісов – қазақ әдебиетіне үлкен олжа салған тұлға.

Сәл шегініс жасап, жазушының өмір жолына көз жүгіртсек, Әбдіжәміл Нұрпейісов 1924 жылы 22 қазанда Қызылорда облысы, Арал ауданының Құланды ауылдық кеңесіне қарасты Үшкөң деген жерде туған. 1956 жылы М.Горький атындағы Әдебиет институтын бітірген. 1962-1964 жылы «Жұлдыз» журналының бас редакторы болды. Халықаралық Қазақ ПЕН клубының президенті, 2000 жылдан «Таң-Шолпан» журналы редакторлар кеңесінің төрағасы.

Әдебиетке 1947 жылдан араласа бастады. Тұңғыш шығармасы – Ұлы Отан соғысы тақырыбына арналған «Курляндия» романы 1950 жылы жарық көрді. Бұл шығармасы үшін жазушыға Жамбыл атындағы республикалық сыйлық берілді. «Курляндия» романын кейіннен өңдеп, толықтырып, 1958 жылы «Күткен күн» деген атпен қайта жариялады. «Қан мен тер» трилогиясы (1-кітап – «Ымырт», 1961; 2-кітап – «Сергелдең», 1964; 3-кітап – «Күйреу», 1970) және «Сең» (1983), «Соңғы парыз» (1999) романдары дүниежүзі халықтарының көптеген тіліне аударылған.

Жазушының «Қан мен тер» романы бойынша жасалған инсценировкасы М.Әуезов атындағы академиялық қазақ драма театрының репертуарынан орын алды. «Соңғы парыз» – роман-дилогиясы әлеуметтік-психологиялық шығарма. Дилогияда Арал теңізінің апатқа ұшырау хикаясы нақты суреттелген. Ол Қазақстанның Халық жазушысы, Қазақстанның Еңбек Ері атанды. Бұл – туған елдің перзентіне құрметі болса керек.

Әбдіжәміл Нұрпейісов қандай шығарма жазса да, ірі сөйлеп, ірі ойлар тудыратын. Сонысымен де өзіндік үлгі қалдырды. Тағдыр жолында бәрін көрді, барын берді. Ғибратты ғұмырнамасында төл әдебиетіміздің алыбына айналды.

Алаш жұртының Әбдіжәмілі атанды. Қазақ халқының шығармашылық мүмкіндігін әлемдік әдеби аренада мойындатқан таңдаулы қаламгер. Романдары әлемдік әдебиеттің алтын қорына енді. Туған жері Арал тағдыры арқылы адамзат тағдырына алаңдаған жазушы шығармалары бүгінгі күннің шындығына айналды.

Оның қалам мен қаруды қатар ұстаған өмір жолы болашаққа жол қараған бала секілді. Әрбір шығармасы тарих таңбасына қатталған ұмытылмайтын ұлы ерліктерінің бірі.

Ботакөз САРБАСОВА,
Арал қалалық тарихи музей меңгерушісі

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!