Қазақ тарихында мемлекет және қоғам қайраткері, көрнекті ғалым, публицист, кешегі еңселі ел болудың алғашқы қадамдарын жасаған және сол жолда жанын пида еткен мұраттас, идеялас азаматтардың басын қосқан Алаш партиясының көсемі Әлихан Бөкейханның есімі ерекше құрметпен айтылады.
Біздің бүгінгі ордалы 30 жылдығын атап өтіп отырған Тәуелсіз Қазақстанымыз үшін кешегі күні ұлы өркениет көшіне дербес мемлекет болып қосылу қаншалықты қымбат болса, халықтың азаттық арманына жеткен бүгінгідей байырқалы да берекелі күнінде бейбіт таңның баяндылығын тілеу, Тәуелсіздікті ұстап қалу және көзіміздің қарашығындай қорғау соншалықты қымбат деп сеніммен айтамыз.
Біздің бұдан әрі қарай да жарқын болашаққа, кемел келешекке ұмтылған ұлы жоспарларымыз Ұлы тарихтан тағылым алуға, Әлихандай ұлт көсемінің идеясын жаңа буын – жас ұрпақ есінде дүркін-дүркін жаңғыртып отыруға жетелейді.
Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың мына бір сөзі біздің бұл ойымызды нақтылай түседі: «ХХ ғасырдың алғашқы ширегіндегі Қазақстанның қоғамдық-саяси өміріндегі Алаш партиясының алатын орны мен қызметін зерттеу – отандық тарихымыздың ең өзекті мәселелерінің бірі. Өйткені кезінде Алаш партиясының жетекшілері ұсынған қағидалар күні бүгінге дейін өз маңызын сақтап отыр».
Ұлт көсемі Әлихан Бөкейханның 155 жылдығы Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен тұспа-тұс келді. Мемлекет Басшысы Қ.К.Тоқаев Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеуге дайындық жөніндегі комиссияның бірінші отырысында-ақ мерейтойлық жылдағы мұндай мерейтойлық іс-шаралар ел өміріне рухани серпіліс болуға тиіс деді. Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлының сөзімен айтсақ: «Ол – халқымыздың біртуар перзенті. Алаш қозғалысының негізін қалаушы. ХХ ғасыр басында Әлихан бастаған қазақ зиялылары ұлттық мүдде жолында аянбай еңбек етіп, мемлекетшілдің озық үлгісін көрсетті».
Әлихантанушы ғалым Жүсіп Сұлтанхан Әлихан Нұрмұхаммедұлын адамзат тарихында сирек кездесетін тұлға деп есептейді. Туған халқына шын мағынасында кіршіксіз қызмет етуі оны осындай биік дәрежеге көтерді. Заманында ақын Сұлтанмахмұт Торайғыров көреген көсем Әлихан жайында:
«Заманда бастан-аяқ кейін кеткен,
Жасымай Алашына қызмет еткен.
Болса да қалың тұман, қараңғы түн,
Туатын бақ жұлдызға көзі жеткен.
Түймеге жарқылдаған алданбаған,
Басқадай бір басы үшін жалданбаған.
«Қайткенде Алаш көркейер» деген ойдан
Басқа ойды өмірінде малданбаған» – деп жырлаған екен.
Азаттық жолындағы қиян-кескі күресте үзеңгілесі әрі адал досы болған алаштың аяулы ұлы Ахмет Байтұрсынұлы:
«Қырағы, қиян жазбас сұңқарым-ай,
Қажымас қашық жолға тұлпарым-ай!
Үйілген өлексені өрге сүйреп,
Шығармақ қыр басына іңкәрім-ай!» – деп жүрек тебірентер жырын арнаған.
«Қарағым, жалғызымсың қазақтағы,
Ұл тумақ сендей болып аз-ақ тағы.
Өгіз өліп, болмаса арба сынып,
Өмірің өткен жансың азаптағы.
Бал тамған, ханзадам-ай, қаламыңнан,
Тәңірім айырмасын талабыңнан!» – деген ақын Кәкітай Жанатайұлының Әлиханға айтқаны да көңілінде сәулесі бар кісіні бей-жай қалдырмасы анық.
Ақынның «бал тамған, ханзадам-ай, қаламыңнан» деуі тегін емес. Әлихан Нұрмұхаммедұлы – Шыңғыс ханның Жошыдан тарайтын 23-інші ұрпағы, төре тұқымынан. Арғы атасы – Барақ Сұлтан. Қазақтың соңғы хандарының бірі – Бөкей – осы Барақ сұлтанның баласы. Әрине ақ қиізге хан көтерер заманы өтіп кетті. Алайды қазақтың үш Жүзге бөлініп, бытырауы, ымыраға келе алмауы орыс империясының отаршылдығына душар еткенін жан-тәнімен сезген Әлихан Бөкейхан: «Тірі болсам, хан баласында қазақтың хақысы бар еді, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын» [1] деп өз-өзіне серт берді және ақырғы демі біткенше халыққа қызмет қылам деген уәдесіне адал болды.
Әлихан Бөкейхан 1866 жылдың 25 наурызында бұрынғы Семей облысы, Қарқаралы уезі, Тоқырауын болысының жетінші ауылында дүниеге келген. Әлиханның әкесі Нұрмұхаммед те, анасы Бегім ханым да көзі ашық, көкірегі ояу, сауатты адамдар болған. Тегіне қарамастан өте кішіпейіл жандар болған. Әкесі ит жүгіртіп, құс салған – кедей адам. Егін еккен, диірмен тартқан, азын-аулақ малы болған, балаларын оқытқан. Анасы – кестеші, оюшы, сызушы, тігін машинасы жоқ кездің өзінде қолмен киім тіккен. Қайырымдылығы сол, өзінен нашарлардың киімін тігіп берген. Өздері мұсылманша қара танитын епті, ширақ, еті тірі ерлі-зайыптылар балаларын оқытуға күш салған.
Әлихан жасынан зерек болып өседі. Жергілікті молданың оқуынан кейін, Семейдегі үш сыныпты бастауыш мектепте, одан соң Қарқаралыдағы қазақ балаларына арналған мектепте жеті жыл оқыған. 1886 жылы Омбыдағы төрт жылдық техникалық училищеде, одан кейін Санкт-Петербург қаласындағы Орман шаруашылығы институтының экономика факультетінде білім алды. Төтенше емтихан тапсырып оқыған, заңгер деген де дипломы бар. Оқудан кейін Омбы қаласына оралып, орман шаруашылығы институтында математика пәнінен сабақ береді. Сол жылдары «Степной край» газетінің редакция алқасына кіреді. Ол қазақтың сиыр, қой және жылқы шаруашылығы туралы іргелі зерттеулерді ғана емес, тарих, этнография, әдебиет пен фольклорға арналған жүздеген мақала жазды. «Қозы Көрпеш – Баян сұлу», «Ер Тарғын», «Ер Сайын» сынды халық ауыз әдебиетінің бірнеше үлгісін жинақтап, баспадан шығарды. 1916 жылдан бастап елдің қоғамдық-саяси өміріне белсенді араласады. Орынборда қазақ тұрғындары атынан қалалық думаға сайланады. 1917 жылдың желтоқсанында бүкіл қазақтардың алғашқы құрылтайында Қазақ автономиясы жарияланып, соның тұңғыш төрағасы болып сайланады. 1937 жылы Әлихан Бөкейханға жалған айып тағылып, Мәскеуде өлім жазасына кесіледі, үкіл сол-күні-ақ жүзеге асырылды.
Аса көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, ғұлама ғалым Әлихан Бөкейханның артында қалған 15 томдық еңбегін парақтай отырып, оны тіпті күндіз-түні ұйықтамаған адам ба деп қаласыз. Қазақ, орыс тілдерінде өте сауатты, кәсіби жазылған мақалалары бүгінде жан-жақты терең талдамалы зерттеу еңбектеріне арқау болып отырғанын да айта кетуіміз керек.
Әлиханның туған інісі Смахан төренің естеліктерінде жазылғанындай, ол халықты бай-кедей деп жікке бөлмеген, руы мен жүзіне қарап жатсынбаған. «…қазақтың аталы ауылының ұрлық-зорлықшылдығын жек көретін, бірақ қазақтың кедейін азғырып, байымен партия құруды ұят көретін. Қазақтың оқыған азаматтарын байшыл, пара алғыш, баймен құда болғышын Әлекең тәуір көрмейтін… Әлекеңнің мінезі – еш қазақпен аразбын демейтін, қастық қылмайтын, жек көретін адамымен амандаспайтын, сөйлеспейтін. Қазақтың еш нәрсесін алмайтын. Өлгенде 2,5 кез жер керек» [1] дейтін жолдар оның жан-дүниесіінің тазалығынан хабар береді.
«Кейінгілер ғибрат аларлық үлгі тастап кетіп, алғыс алармыз ба? Жоқ, далаға лағып, жөнсіз кетіп, қарғыс-лағынет аламыз ба? Кеудесінде көзі бар адам ойланарлық жұмыс» деп өзі жазғанындай, Әлихан идеясы бүгінгі қазаққа несімен құнды деген сұраққа жауап іздейік.
Әлихан және оның идеяластары әзірлеген Алаш партиясының бағдарламасының жобасы 10 пункттен тұрды:
І. Мемлекет қалпы
ІІ. Жергілікті бостандық
ІІІ. Негізгі құқық
ІV. Дін ісі
V. Билік һәм сот
VI. Ел қорғау
VII. Салық
VIII. Жұмысшылар
IX. Ғылым-білім үйрету
X. Жер мәселесі
Мемлекеттің негізгі тұтқасын ұстайтын осы міндеттер бүгінгі күні де өзектілігін жойған жоқ. Егер біз үйреншікті: «Әлихан бастаған зиялылар тобы тұңғыш Алаш партиясын құрды, Алашорда ұлттық-территориялық автономиясын жариялап, қазіргі тәуелсіз мемлекеттің іргетасын қалап кетті» деп сонау алаш қайраткерлерін зерттей бастаған 90 жылдардан бері қарай үзілмей айтылып-жазылып келе жатқан осы жауаппен шектелетін болсақ және осы арқылы тарихқа баға бердік деп есептесек, өте үстірт болар еді.
«Қыр халқы… ғылым-білім жайып жатқан һәм өздері ғылым-білімге көңіл бөлген себебінен кешікпей-ақ жақсылықты біліп, еңсесін көтеруге аяқ басар, өздерінің сүйректеріне берген ақыл-санасы болған соң, сол …заманда болған балаларымыз бізден ақылды болып, біздің заманымыздағы аталарымыздың қылғандарын көріп таң қалар я ойламай қатырар» деп өзі жазып кеткеніндей, таң қалатындардың дәуірі өтіп, ойламай қатыратындардың заманы келді ме деп те қамығатынымыз да рас.
«…Арызқор кедей бағанадан босағада отыр еді, арыз айтатын уақыт болды ғой деп сорлы қуанып, еңбектеп, төрге таман жылжыды. Болысқа жақындап, төмен қарап, болыстың бетіне тік қарауға бата алмай, арызын айта бастады. Айтып отырғанда аз уақыттан соң… кедей басын көтеріп қараса, маңайына қаранып, бір іске қайран қалыпты: қараса, алдындағы болысы ұйықтап жатыр дейді» деген Әлиханның «Ықтиятты болыс» әңгімесіндегі осы бір жолдар кешегі өткен заманның болысын келеке етіп отыр десек қателесер едік, бұл бүгінгі ел ісіне араласып жүрген жастардың есінде жүрер есті сөз болса керек.
«…Кассаның ақшасы – халық ақшасы. Кассаның ұстауы бойынша бұл ақша беріледі кедейге екі тамаққа – ашаршылықта һәм ғайри қазақтарға жұттан һәм дерттен шаруасы күйзелсе. Бұл ақшаны бөтен жаққа ұстаған күнә. «Халыққа пайда қылам» деп халықты тонауға қол қойған құдыққа түкірмеңіз. Мырзалар! Дәм атар! Халықты тонамаңыз…» деген жолдар бүгінгі біздің жемқорлықпен күреске әділ баға беріп тұр және мемлекет қазынасын көздің қарашығындай қорғауға шақырады.
«Қазақ жерінде мал бақпаса, пайда бермейтін көп жер бар. Жақсы жерді мұжық алған соң, қазақ мал жерінен қысылған соң, бұл малдың жері деп қазақ пайдасына қалдырған жер кескен, кесілмеген… статьялар пайда беретін болып тұр, бұл жерлерді мал бағамын деп сұраушы бар.
…Қазақ жеріне телмірген, жерге еңбек сіңірмей, мал бақпай, егін салмай, құр жер менікі қылып ат қойып, жерді еміп отырмақ болған жетім ұлықтар бар. Бұлар қазақ жеріне мал бағамын, мұжық пен қазаққа өнер үйретемін деп әуелі аренда, мұнан кейін мүлде өзінікі қылып алмақ» деген Әлиханның сөзі кешегі жер мәселесіне қатысты мемлекеттің жер сатылмайды және шетелдіктерге жалға берілмейді деген шешімнің дұрыстығын тағы бір мәрте еске салып тұрғандай.
«Қазақтың қай бір облысында өткен сайлауда орысша хат білмейтін кісі болыс болмайды деп, қазақтың бұрыннан болыс болып жүрген қадірлі кісісін жолда қалдырды. Қазақ болысы орысша хат білсін, орысша хат білмесе тасқа түсуге жарамайды деген закон бүгінге дейін жоқ. Сөзін адам тыңдамайтын, халыққа қадірсіз… жастар «мен орысша білемін» деп болыс бола қалды.
Бұл жас болыстың бұрынғы бұралқы болыстан несі артық?..
Халық пайдасын білетін, жөн, жол көрген, әділ кісі, жұрт сөзін тыңдап, құрметтеген кісі болыс болатын жөні бар ғой!
Орысша хат білу тілмәштарға құл болмас үшін ғана керек қой!» деп жазады Әлихан Нұрмұхаммедұлы.
Тәуелсіз Қазақстанның бақытын баянды ету жолында қызмет қылар кәсіби маман қандай болу керек деген сұраққа бұдан артық жауап болмас.
«Қалам алған кісінің бәрі хатшы бола ма? Сөйлеген кісінің бәрі шешен бола ма? «Іс ұстадан қорқады». «Политика» тамырын ұстауға құр қара-ала қағаз танығаннан басқа да ұсталық мақсат емес пе?» дейді және бірде ұлт көсемі.
«Сонау қырдан талпынып, алты-жеті жыл оқу қуалап, Қазан, Уфа, Орынбург, Тройск барған талапкер балалар, екінің бірі бос қазақ емес қой! Жігіттігі бар, жігіті аз қазақ жұртына осы жігерлі балаларды жүдетпей, оқуын бітіруге жиһад қылып, ақша жиып, әр ел өз шәкіртіне беретін жөні бар ғой!
Ұлтына, жұртына қызмет қылу білімнен емес, мінезден…
Неше түрлі залалды қазақ мінезі бұзық орысша, мұсылманша хат білетіндерінен көріп жүр. Бұлар өзге қазақтан білімді, білімінен жақсы мінез шықса, бұл қалай?» деп жазады.
Бұл біздің мемлекетіміздің Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап «Болашақ» бағдарламасымен жастарды шетелдерде оқытуы жөн болғанын және соның жемісін мінезі жақсы қазақ балаларынан көрінетінін айқындап тұр. Осындай жастардың алды жоғары лауазымды қызметті абыройлы атқарып жүргенін де ел жақсы біледі.
Жалпы алғанда, қоғамның барлық саласында қалам тербеген және сол ой-пкірлерін мақала етіп жазып, сол тұстағы мерзімді басылымдарда, әсіресе өзі негізін қалаған «Қазақ» газетінде үзбей жариялап, ел болып, еңсе көтерудің жолдарын барынша қағазға түсірген және әрбір сөзін әрекетімен қуаттап отырған қайраткердің асыл мұраты бүгінгі Тәуелсіз Қазақстанның алдында жарқыраған аспалы шамдай, жол көрсетіп тұра беретіні даусыз.
Аңдатпа: Бұл мақалада аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Әлихан Бөкейханның идеялары мен бүгінгі Қазақстанның даму перспективасы салыстырыла талданады.
Гүлжанат Абдуллаева,
Тарих ғылымдарының магистрі,
Алматы қаласы
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!