Адырна. 27 мамыр күні Қарағанды қаласына Алаш ардақтысы, қазақтан шыққан тұңғыш математик профессор, Алаш Орда үкіметінің мүшесі Әлімхан Ермековтің туған жиені Гаянэ Арутюновна (Симонян) Цой алғаш рет табан тіреді. Бұл тарихи сәт 27–29 мамыр аралығында өтетін халықаралық ғылыми-мәдени шаралармен тұспа-тұс келді.
Осы аралықта Қарағандыда «Әлімхан Ермеков мұраларының тарихи маңызы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізіліп жатыр.
Гаянэ Арутюновна 1969 жылы Қарағанды қаласында дүниеге келген. Сәби кезінде ата-анасымен бірге Арменияға қоныс аударған. Оның анасы – Рауиля Ермекова, техника ғылымдарының кандидаты, Армения Ғылым академиясында ұзақ жылдар еңбек еткен, ал әкесі – Арутюн Симонян, КСРО-ның еңбек сіңірген энергетигі, ірі құрылыс жобаларының жетекшісі болған. Қазір Гаянэ Алматы қаласында тұрады, бірнеше жоғары білім иесі, педагог әрі қоғамдық белсенді.
ГАЯНЭНІҢ АРХИВІНЕН ЖЕТКЕН МҰРАЛАР
Халықаралық ғылыми-мәдени шараны ұйымдастырушылардың бірі, халықаралық және республикалық ақындар айтыстарының жүлдегері, ақын, бард, қазақтың сары тентегі Қуаныш Мақсұтов Гаянэнің елге келуіне ілтипатын білдірді.
«Бүгін – ерекше күн. Әлімхан Ермековтің ұрпағы туған топырағына алғаш рет табан тіреді. Бұл – тарихи әділеттіктің қалпына келуі, ұрпақтың тамырға қайта жалғануы. Гаянэ – Алаштың аманатын арқалап келген тұлға», – деді ол.
Сондай-ақ, ақын Гаянэ Алаш арысының бұрын-соңды жарияланбаған сирек дүниелерін алып келгенінмәлімдеді.
“Әлімхан Ермековтің туған жиені Гаянэ ханымның жеке мұрағатынан Алаш арысының бұрын-соңды жарияланбаған сирек дүниелері табылды. Атап айтқанда, Әлімхан Ермековтің қазақша орындаған бесік жырының магнитофондық жазбасы, сондай-ақ қазақтың көрнекті тұлғаларымен болған сырлы сұхбаттарының аудиожазбалары мен әр кезеңде түсірілген өте сирек фотосуреттері жарық көрді», – деді Қуаныш Мақсұтов.
Оның айтуынша, қазіргі таңда бұл құнды архивтік материалдар арнайы мамандардың көмегімен цифрлық форматқа өңделіп, жұртшылық назарына ұсынуға дайындалып жатыр.
«Бұл ұлт тарихына қосылар баға жетпес рухани мұра болмақ”, – дейді Қуаныш Мақсұтов.
САЯСИ ҚУҒЫН-СҮРГІН ҚҰРБАНДАРЫН ЕСКЕ АЛУ
Гаянэ ханымның сапары – Қарағанды облысында өтіп жатқан халықаралық конференция мен мәдени шаралармен байланысты. Бұл шаралар Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына, саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай және Алаш ардақтылары – Әлімхан Ермеков, Дәмеш Ермекова-Жүргенова және Темірбек Жүргеновтің рухына тағзым ретінде ұйымдастырылды.
Іс-шаралар аясында:
- Қарағанды техникалық университетінде «Әлімхан Ермеков мұраларының тарихи маңызы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтеді;
- ҚарЛАГ музейіне сапар ұйымдастырылады;
- Сәкен Сейфуллин атындағы театрда Алаш қайраткерлерінің тағдырына арналған спектакль қойылады;
- 29 мамыр күні қонақтар мен ғалымдар Ермеков пен Жүргенованың туған өлкелері — Былқылдақ пен Әмірхан қыстауына арнайы барады.
«Бұл – ұлттың жадын жаңғырту, Алаштың аманатын ұрпаққа табыстау жолындағы маңызды қадам. Сол бір қасиетті өлкеде кезінде Потанин, Қаныш Сәтбаев сынды ұлы тұлғалар жүрген. Темірбек Жүргенов сол жерде Дәмеш Ермекованы ұзатып алған, қасына күйеу жолдас етіп Жанайдар Сәдуақасовты ерткен», – дейді Қуаныш Мақсұтов.
Шараға елімізге белгілі ғалымдар мен Алаштанушы зерттеушілер – Тұрсын Жұртбай, Айгүл Ісмақ, Бүркіт Аяған, Еркін Тілеш, Сұлтан Жұмағұлов, Қызылордадан келген арнайы делегация, ҚХА құрылымдарының өкілдері, БАҚ пен жастар қатысты. Конференцияда профессор Айгүл Ісмақ Әлімхан Ермековтің ғылыми еңбектері мен саяси қызметіне терең талдау жасайды.
Айта кетейік, Әлімхан Ермеков – қазақтан шыққан тұңғыш математика профессоры, 1920 жылы Қазақстан шекарасын белгілеу мәселесінде Ленин бастаған комиссия алдында тарихи рөл атқарған тұлға. Ол математикалық терминологияны қалыптастырған, бүгінгі IT саласындағы ұғымдардың бастауында тұрған ғалым.
«Біз қазақ деп тудық, қазақ деп өлетін шығармыз. Бізде одан басқа мүдде де, мақсат та, арман да болған емес» деген Ермековтің сөзі бүгінгі ұрпаққа өсиет болып жетті.
Дана Нұрмұханбет
«Адырна»
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!