Қазіргі қазақ жастары  патриот емес дегенді үлкендерден жиі естиміз. Әрине, бес  саусақ  бірдей  емес, бірақ  жастар арасында отансүйгіштік сезім бар деп айта  аламын. Қазіргі жастар Отанын мылтықпен  қорғамаса да, ақыл-ойы мен  біліммен толық қорғай алады. Бірақ осы  тыныштық  заманның өзіңде ел мен жерді сүюді әлі де насихаттай беруіміз керек. Мылтықсыз  майданның  өзіңде талай  қазақ  баласы алға  суырылып, Алаш жұртын әлемге танытып жүр емес пе?! 

Патриотизм деген не?! Әркім өз халінше түсініп жүрген бұл ұғымды Тұңғыш Президент ‒ Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар; рухани жаңғыру» мақаласын негізге алып, саралап көрсек. Мұнда біз бен сіздің көсіліп айта жүрген арман мен мақсатымыз дәл осында тігісінен жатқызыла жазылып, тұтас елдің ойы ашық көрсетілген. Әрқашан жарқын, жағымды ойлауға тәрбиелейтін бұл мақалада ұлттық тегіңді сақтап қалудың жолдары мен міндеттері анық айтылып тұр.  Ұлттық текті сақтап қалуға мүмкіндік беретін басты көрсеткіш – бұл патриоттық тәрбие. Мақалада әрбір азаматтың патриоттық сезімін қалыптастырып, сүйіспеншілігін арттыратын туған жер екендігі айтылады. Яғни, Елбасының сөзімен айтқанда, «Патриотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады». Осыған байланысты бұған дейін де жұртшылық тарапынан қолдау тапқан «Туған жер» бағдарламасы осының айғағы іспеттес. Туған өлке топырағы – әрбір қазақтың жүрегіндегі рух. Сол себепті туған жерін, өз ауылын өркендеткісі келетін жандардың қарасы бүгінде тіптен көп. Мен осыған қуанамын. Көптеген кәсіпкерлер өзінің ауылына көңіл бөліп, ондаған ағайынды жұмыспен қамтып, аймақта түрлі шаруашылықты түлетіп отыр. Бұл бір.

Екіншіден, туған жерді дәріптеу арқылы патриоттық сезімді қалыптастыру бала жастан бастау алады.  Өскен өлкенің қандай ұлы істерге бастайтындығын аңдаған Елбасы ендігі кезекте тарихы бай ұлан-ғайыр алқаптың мәдени құндылықтары мен географиялық табиғатын қалыптастыруға мән беруде. Сол мақсат жолында «Қазақстанның қасиетті рухани құндылықтары» немесе «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасын жүзеге асыруды ұсынғанын білеміз. Бұның бәрі біз үшін мақтаныш па?! Әрине, зор мақтаныш.

Үшіншіден, мың өліп, мың тірілген қазақ халқы Отан үшін не көрмеді, не істемеді?! Елін, жерін қорғау үшін кескілескен соғыстар жүргізді, одан кейінгі ұрпақ қорлық пен зорлықтың сан түрін көріп, «елім, жерім» дегені үшін атылып, түрмеге қамалып, қуғын көрді. Тәуелсіздікті көру бір арман болып, ішқұсамен өмірден өткендері қаншама? Осының барлығы не үшін еді? Әрине, Отан үшін. Сонша ғасырлар бойғы ата-бабамыздың арманы болған Отанды қорғай алмасақ, сүйегімізге қара таңба болмай ма? Соншама тағдырларды жұтқан, құрбан еткен тәуелсіздікті, Отанды қорғаған Абылай хан, Кенесарыдан бастап, Әлихан, Ахмет, Мұстафа, Смағұлдар бастаған тұлғаларымыздың өткен жолы мен рухты өмірін дәріптеу керек. Бұл батыр бабалар алдындағы, қазақ халқының алдындағы перзенттік парызымыз. Біздің тарихымызда ұялатындай ешнәрсе жоқ.

Диля КИСТАУОВА,

Қызылорда қаласы

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!