«…Тамырдан тамшылаған жырдың сөлі –
Туыспыз біз екеуміз – білдім соны!..» – дейді С.Нұржан Тыныштықбек ақынға арнаған өлеңінде. Иә Әріп ағамен туыспыз. Қазіргі рушыл туыстыққа төте туыс емес. Бізді туыс етіп тұрған – дүр Светқали ағам айтқан тамырымыздағы жырдың сөлі! Әріп Битілеуұлын көптен білемін. Жанаса жүрмегеніммен ағаның арда жолына, абзал болмысына зер салдым. Оны ел мемлекет қайраткері, саяси тұлға, шенді-шенеунік ретінде таныса, алғаш көргенде «әдебиетші ме?» деп қалыппын. Құдды бір әдебиеттен өзгеге басы қатпаған жандай. Бірде Баянбай Сыздықов есімді аймағымызға белгілі ағамыз 80 жылдық мерейтойы алдындағы алқасын жасады. Ағамен алғаш дидарласудың реті сонда келген. Әрқайсысы бір-бір аңызға арқау болатын ғұмырнама иелерінің ішінен асқан мәдениеті, сабырымен дараланып-ақ отырды. Кейін оған сөз тигенде тіпті тамсандырды. Қазақтың Қадір, Тұманбай, Мұхтар секілді классик ақындарының ағалар жайлы жырынан үзінділерді үзбей төгіп, құттықтауын сұрыптаулы сөзімен түйіндегенде орнымнан ытқып тұрып, құрмет білдіргім келді. Көзге түсіп қалудан ықтым ба, әйтеуір, сол күйімді жиын біткенше жұттым. Төгілтіп жырлайтын жыраулардай саңлақ көрінген сөзуар адамды саяси ортадан көрмегелі қашан?!

Ас қайырылды. Арнайы тігілген ақшаңқан үйден ерте шығып, таңқала алатынымды есіме түсірген кісінің есіктің жақтауынан көрінуін күтіп тұрмын. Құттықтау сөзінен кейінгі әсерімнен болса керек, сөйлемей тұрған кезінен басқаша адам болып көрініп, сыртқа беттеді. «Аға!..» деп назарын бұрып, ілтипатымды білдірдім. Өзі үшін әдеттегі жайт шығар, таңданысыма «елп» ете қалған жоқ. «Аман жүр, айналайын!» деп, байланыс нөмірін ұсынды. Кейін кездесулер, сөзін тыңдайтын сәттер көбейді. Қалпына қаныға түстім. Әр кезде әдеби шығармадан айшықты ойлар келтіре сөйлеп, құмартып қояды. Содан ба, ағалық парасатты сағынғанда іздеп баратын болдым. Сыңар мезет жұмыс орнына себепсіз жол түсіріп, әңгімелесіп қайтқаным бар. Кабинетінде әр жылдардағы әкімдермен, министрлермен түскен сурет, не өзінен өзгеге қажеті шамалы қисап қағаздар емес, сөрелерді сындырардай боп қаз-қатар тізілген классикалық туындылар мен тарихи кітаптар тұратын. «Е-е-е, мықтылығының сыры осында һәм кітапта екен ғой» деген ой түйіп қайтқанмын.

Кейін қадірлі ұстазымыз, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, академик Қылышбай Бисенов әлеуметтік желідегі парақшасында ағамыздың әкесі Битілеу Қожбанұлының кітабын оқығандағы ойын өзек еткен жазба қалдырды. Аңсарды аудырған сол жазбадан кейін ақсақалдың кітабымен танысып, тектіліктің тамырын тапқандай болдым. «Әдебиет» деген сөздің түбірін «әдеп»-тен алатын болсақ, «бір болмыста сабақтасып тұрған әдеп пен әдебиеттің түп-төркіні әкесінде екен ғой» деген байламға келдім.


Жиында ғана емес, жиналыстарда да ағаны тыңдаймыз. Тыңдамау мүмкін емес. Бүгінде өңірдің көкірегі көмбе ақсақалына айналған ол маңызды басқосуларда сүлейлерше сөйлегенде тамсанбайтын жан жоқ. Тынысына сай дыбысы, жүрісі менен тұрысы мемлекеттік қызметкерлердің жаңа толқынына ұлағат мектебі секілді. Манадан сөйлеу мәнеріне айрықша тоқталып отырмын ғой. Бізге, әлбетте, іс қымбат және онысы сөзімен де дараланып тұрса, нағыз тұлға –сол. Біз ештеңесі өтпесе де, лауазымының не мөрінің шарапаты тимесе де, сондай азаматтарды ардақ тұтамыз. Әрине ол қатарда Әріп Қожбанов бар.

2022 жылдың жазында қаламгер досым Абай Тағыберген отау құрды. Төр қонақтарының қатарында Әріп аға бар екен. Елдің жақсысы мен жайсаңы бас қосқан тойда ел ағаларының арасынан сөз бастады. Әрине төгілтті. Әбіш ағаның «Қазақтың сөздері сондай бауырмал, бір-бірін құшақтағысы келіп тұрады» деген ойындағыдай әуезді, ырғақты, мазмұнды бауырмал сөздерді теріп сөйлей келіп, Фариза апайдың, Ақұштап Бақтыгерееваның жақұт жырларымен ойын әрлеп, ұлттың баламасы жоқ аталы, баталы тәмсілімен түйіндеді. Сонда отырған бір кісі «махаббаттың, отбасының, екі тағдырды
ұштастырудың қадірін ұқтыратын, салмағын сезіндіретін мынадай сөздерді тыңдаған адам ешқашан ажыраспайтын шығар» деп еді. Міне, мойындау!

Желіде де ағаның қызына құрметі, досына сыры, немересіне махаббаты, бауырына сағынышы,
ұлына аманаты байқалады. Көбі тәнті болып, пікір де қалдырған. Содан-ақ ағаның қадірқасиетіне разы адам жалғыз мен емес екеніне көзім жетеді. Әдемі өмір! Биыл 70 деп аталатын мерейлі жасқа қадам басыпты.
«Қаны туыстан, жаны туыс жақын,
Туысқаннан кем емес.
Руы туыстан, рухы туыс жақын,
Ағайыннан кем емес!» дейді дара данышпан. Жаны мен рухы туыс ағам ұзақ өмір сүрсе деп тілек білдіремін.


Мақсат ДАУЫЛБАЙ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!