Ұрыс даласындағы майдангерлердің рухын көтеріп, сан ұрпақтың сүйікті музыкалық шығармасына айналған әскери әндер әлі ел есінде. Тәуелсіздік, азаттық мәнін жеткізген әндер майдан мен халық арасындағы байланыс тәсілі болды десек те артық емес. Бұлардың барлығы өскелең ұрпақ бойынан отансүйгіштік сезім қалыптастырып, халыққа рух беруді мақсат тұтты. Сонымен бүгінге дейін халық жадындағы майдан әндерінің тарихы қандай? Танымалы қайсы?

Қай кезеңде болмасын өнер мен әдеби туындылар жауынгерлердің әскери рухын көтеруге таптырмас құрал болды. Ұлы Отан соғысында да мұндай әдіс халықтың көңіл-күйін көтеруге, майдандағы әскер бойына сенім ұялатуға жол ашты. Тіпті бұл бағытта арнайы тапсырма алып немесе майдандағы ахуалдың әсерімен дүниеге келген қаншама шығарма бар десеңші!? Жамбыл атамыздың «Ленинградтық өренім» өлеңімен жаралы жауынгер кеудесін оққа тосса, жерлесіміз, Халық Қаhарманы Роза Бағланова ұрыс даласында танкінің үстінде ән шырқағанын білеміз. Кейіннен Рашид Мұсабаев, Нұрғали Нүсіпжанов, Люция Төлешова, Суат Әбусейітов секілді әншілердің орындауындағы соғыс әндері танымал болды.

Соғыс жылдарының алғашқы әндерінің бірі – «Қасиетті соғыс». 1941 жылы В.Лебедев-Кумач «Известия» және «Красная звезда» газеттерінде «Қасиетті соғыс» өлеңін жариялап, А.Александров осы өлеңге ән жазған болатын. Бұл әнді алғаш Мәскеудегі Белорус вокзалында КСРО-ның Қызыл Тулы Қызыл әскер ән мен би ансамблі орындайды. Кейін ән радио арқылы таралып, әрбір әскер әуелете айтуды әдетке айналдырған. «Вставай, страна огромная!» деп басталатын алғашқы жолынан тыңдаушысын еріксіз еліктіріп, тартып әкетеді. Содан бастап «Қасиетті соғыс» әні Ұлы Отан соғысының әнұранына айналды. Күнде таңғы уақытта радиодан беріліп, ең әуелі туған жер мен жақын адамдардың амандығы үшін күресуге шақырды.

Соғысқа қатысып, елін қорғауда от кешкен жауынгерлердің арасында Әли Базанов, Қасым Аманжолов, Рамазан Елебаев, Мәлік Жаппасбаев, Смағұл Көшекбаев сынды ақын, сазгерлер болды. Олардың шығармашылығындағы бірқатар ән сол уақытта отансүйгіштік рухта шығып, жауынгерлер арасында айтылып жүрсе, лирикалық әндерінің бір бөлігі елге жетіп, танымалдығы артты. Мәселен, Мәскеу мемлекеттік консерваториясының студенті, композитор Р.Елебаев «Жолдастар», «Талғар полкінің маршы», «28 батыр», «23-полк маршы» секілді әндер жазады.

Солардың қатарында «Жас қазақ» әнінің шоқтығы биік. Бородино түбіндегі шайқас кезінде ерлікпен қаза тапқан Төлеген Тоқтаровты майдандас досы Рамазан Елебаев осы ән арқылы жоқтайды. Сөзі де әсерлі. 1942-1943 жылдар аралығында майдангерлерге жігер беру мақсатында қазақстандық концерттік бригада құрылды. Сол кезде «Жас қазақ» әнінің авторы Рамазан Елебаев Панфилов атқыштар дивизиясынан аттанғалы тұрған бригадаға майдандас досы Төлегеннің ерлігі ұмытылмас үшін бұл әнді елге жеткізуді аманаттайды. Жүсіпбек әуенді домбыраға салып алады. Ол елге аман-есен жеткен соң әуенді Ғабиден Мұстафинге тартып берген екен.

Соғыстағы алғашқы әндердің санатында Кенен Әзірбаевтың «Біздің Отан жеңеді» шығармасы да бар. Қаламгер бұл шығарманы соғыстың бірінші күні радиодан Кеңес үкіметінің «Біз әділет жағындамыз. Жау талқандалады. Біз жеңеміз» деген хабарламасын естіген соң жазған деседі.

Жауынгер-композитор, домбырашы Смағұл Көшекбаев та – майдан шығармаларын жазған талант. 1942 жылы 100-атқыштар бригадасының құрамында майданға аттанған ол «Ботагөз», «Жаз», «Май гүлі», «Біздің ән», «Жазғы кеш», «Дауыл», «Сағыныш», «Бригада жыры», «Біз келеміз» секілді ән-романстар шығарды. Сазгердің «Қызыл сұңқар», «Сүйген жар» әндері соғыс уақытында туған. Мағыналық тұрғыда символикалық мәнге қанық. Мысалы, «Қызыл сұңқар» – қызыл Армия жауынгерлерінің көркемдік атауы болса, қарға-құзғын – фашисті бейнелеген. Жалпы, майдан әуенін Е.Брусиловский, Б.Ерзакович, Л.Хамиди, М.Төлебаев секілді өзге композиторлар да шығарды. Бұл уақыттың шығармашылық жетістіктері 1944 жылы Ташкентте Орта Азия мен Қазақстан халықтарының ІІІ декадасында ұсынылыпты. Сол жерде көптеген ән тұңғыш рет шырқалса, 1942 жылы алғашқы «Көтеріл, ер халық» атты соғыс тақырыбына арналған әндер жинағы жарыққа шыққан. Бүгінде соғыс тақырыбындағы әндер Қазақ радиосының «Алтын қорында» ғана сақтаулы.

Берен ШАҒЫРОВ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!