Сурет: pixabay
ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева өз әріптестерін «Ауыл кітапханаларына 100 кітап» атты акцияға қатысуға шақырды, деп хабарлайды Zakon.kz.
Министр бұл туралы Facebook-тегі парақшасында жазды.
«Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайда кітап мәселесіне ерекше тоқталып өткені белгілі. Президент өз сөзінде: «Шын мәнінде, кітап оқитын ел зиялы ұлтқа айналады. Біз жас ұрпақтың кітапқа құштарлығын оятуымыз керек» деген болатын. Осы орайда, «Ауыл кітапханаларына 100 кітап» атты акция бастадық». Аида Балаева
Министр жекелей өзі Абай Құнанбайұлының ауылы Қарауылға және Қаныш Сәтбаевтың ауылы Баянауылға және өз туған ауылыма әлем және қазақ әдебиетінің үздік шығармаларын, танымдық-ағартушылық әдебиеттерді тарту еткенін баса атап өтті.
«Бұл акцияны өзге де әріпестерім, министрлер қолдап, қазірдің өзінде бірнеше ауылға кітап жеткізіп үлгерді. Мәселен, Ішкі істер министрі Ержан Сапарбекұлы, Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сейпілұлы, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Қабыкенқызы, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі болған Бағдат Батырбекұлы жеке атсалысып, еліміздің бірқатар өңіріндегі ауыл кітапханаларына 100 кітаптан табыс етуде». Аида Балаева
Оның айтуынша, басқа да әріптестері таяуда акцияға қолдау көрсетуге ниет білдірген.
«Бұл бастама арқылы шалғайдағы ауыл кітапханаларына соңғы шыққан жаңа туындыларды жеткізіп, өскелең ұрпақтың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыруды мақсат етіп отырмыз. Акцияға өзге де мекемелер мен ұйымдар, жанашыр азаматтар атсалысады деп сенеміз», деп сөзін түйіндеді ол.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!