Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында  ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «Айбыны асқақ, тұғыры биік  тәуелсіз Қазақстан» атты кітап көрмесінің ашылуы өтті. Көрмеге еліміздің қалыптасуы мен даму жолындағы жетістіктерін бейнелейтін кітаптар қойылды.  Кітап сөресіне қазақ, орыс және ағылшын тіліндегі 300-ден аса әдебиет пен 100-ге жуық фотосурет орналастырылды.

Көрменің ашылуына облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Нұршат Наурызбаева, «Рухани жаңғыру» орталығының директоры Уәлихан Ибраев, ҚР Жазушылар одағы облыстық фи­лиалының директоры Қаршыға Есімсейітова қатысып, ша­ра­ның маңыз­дылығына кеңінен тоқталды.

Көрме 5 бөлімнен тұрады. «Қазақ мемлекетінің дамуы: Дәуір. Оқиғалар. Тұлғалар» атты бөлімде ежелден еркіндікті аңсап, азаттықты көксеген еліміздің тарихын суреттейтін қазақ хандығы кезеңінен бүгінгі күнге дейінгі Алаш қайраткерлерінің күресі мен 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы туралы әдебиеттер топтастырылған. Ал, «Жаңа әлемдегі Тәуелсіз Қазақстан» бөлімінде мемлекет пен қоғамның, экономиканың, әлеуметтік саланың, ішкі және сыртқы саясаттың табысты дамуы және тәуелсіздік жылдарындағы ұлы өзгерістер туралы кітаптар көрініс тапты. «Тәуелсіздік және Елбасы» бөлімінде ҚР Тұңғыш Президенті- Елбасы  Н.Назарбаевтың егемен елімізді құруы, қалыптастыру мен дамыту жолындағы тарихи ролін айшықтайтын, бейбітшілік пен келісімді, қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі жасампаз идеялар жайлы кітаптар таңдап алынды. «Ел жүрегі – Нұр-Сұлтан» атты бөлімде жаңа Астананың тәуелсіздік символы ретінде өркендеуі мен жарқын сәттерін баяндайтын әдебиеттер  шоғырланса, «Тәуелсіздік толғауы» атты сөреде тәуелсіздікке арналған өлеңдер мен поэмалар, көркем әдеби кітаптар, зерттеулер қойылды.

Кітапхана директоры Нұрлыбек Мыңжас көрме жыл аяғына дейін жалғасатынын айтты.

– Бүгінгі көрменің мақсаты – тәуелсіздік жылдарындағы қол жеткен табыстар мен осы аралықтағы дүниеге келген туындыларды дәріптеу. Жалпы кітапхана қорында 400 мыңнан аса кітап болса, оның 1000-ға  жуығы – тәуелсіздік кезеңінде жарыққа шыққан еңбектер. Сонымен қатар кітап оқу, кітапқа деген қызығушылықты арттыру, халқымыздың әдеби мұрасын зерттеп, рухани мұраны сақтау мақсатында елімізде жыл сайын республикалық  «Бір ел – бір кітап» акциясы ұйымдастырылып келеді. Былтыр акция аясында Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясы мен Әнуар Әлімжановтың «Ұстаздың оралуы» романы жалпыхалықтық оқуға ұсынылды. Біз оны жыл бойы насихаттадық. Енді биыл Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай 30 кітап оқырманға жол тартады, – деді ол.

Мұнан әрі іс-шарада  жергілікті өнерпаздар патриоттық әндер шырқап, келушілер көрмені тамашалады.

Сара АДАЙБАЕВА,

«Сыр бойы»

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!