Фотосуретте «Қазақ» газетінің тілшілері – Ғайнижамал Досымбекова, Аққағаз Досжанова және Гүлайым Балғынбаева бейнеленген. Дәл осы фотоға биыл 110 жыл болыпты.

Ғайнижамал Досымбекова – 1895 жылы дүниеге келген. Ата- анасы Баймұрат пен Қанипа. Баймұрат Досымбек дәрігер болған. Досымбековтер отбасында қатарынан үш қыз өмірге келді. Олар Сара, Ғайнижамал және Гүлшахра. Әкелерінің көзі кетсе де, нағашылары үш қызға білім берген. Сара мен Ғайнижамал үйде мұғалімнен дәріс алса, кенже Гүлшахра гимназияны тәмамдады. Шамамен 1913 жылы Ғайнижамал Досымбекова «Қазақ» газетінің тілшісі болып қызметке орналасты. Ол алаш зиялысы Міржақып Дулатұлының жұбайы. Көзі ашық, көкірегі ояу білімдар жұп қазақтың сауатын ашуға бірігіп атсалысқан десек артық болмас.

Суретте екінші тұрған – Аққағаз Досжанова. Ол қазақтың тұңғыш әйел дәрігері. 1893 жылы Торғай облысы, Ақтөбе уезі, Бөрті болысында дүниеге келген. Ғайнижамал секілді 1913 жылы алаштың үні болған «Қазақ» газетінің тілшісі атанады. 1914 жылы дарынды қыз Орынбор әйелдер гимназиясын үздік бітіріп, Мәскеудегі медициналық курсқа түседі. Досжанова Батыс Алашорда әскерінің барлаушысы болған. Ол алғаш рет қазақ қыздары арасында толық дәрігерлік курсты бітіріп, «дәрігер, ғалым-зерттеуші» деген атақ алған. Оның медицина тақырыбындағы еңбектерінен тыс «Әйел теңдігі», «Абай», «Жас азамат » атты әлеуметтік, қоғамдық және жалпыұлттық тақырыптарда мақалалары жарияланған. Осыдан- ақ оның еліне жанашыр екенін түсінуге болады.

Аққағаз әжеміздің беделі артқаны сонша Қазақ автономиясы «Досжанованың жұмыс істеуіне бір жыл толды деп» той қылған деседі. «Сарыарқа» газетінің 1919 жылғы 20 ақпанындағы санында Аққағаз Досжанова 50 рубль және бір күміс түрік монетасын бергенінен-ақ қаншалықты қарапайым болғанын аңғару қиын емес.

Гүлайым Балғынбаева – Германияда оқыған ақсүйектің қызы. Ыбырай Алтынсарин мектебінің түлегі, Орынбордағы гимназияны үздік тәмамдап, орыс тілінен сабақ берген мұғалім. Қиын- қыстау кезде оқыған зиялы әйелдер қауымы алаш қозғалысының қызметінен тысқары қалған емес. Ол да қазақ халқының тұңғыш, төл энциклопедиясының журналисі болған.

Алаштың көрнекті қайраткер қыздарының еңбегі алаш арыстарынан кем емес. «Қазақ қыздары оқымаған, сауат ашпаған» деген пікір қалың жұрттың арасында кең тарап кетсе де, бұл қате түсінік екенін білгеніміз абзал. Бұған дәлел – Ғайнижамал Досымбекова Аққағаз Досжанова және Гүлайым Балғынбаева.

Айсара МЕЙРАМБЕКОВА

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!