Алтекеңнің бір класта оқитын ортаншы қызы менімен көрші. Көзі сәл қысыңқылау, мұрын үстіне сәл шашырай орналасқан майда ноқаты бар осы сары қыздың маған ұнамайтын жағы бар. Онысы тым еркекшоралау. Аяқ-табағы аралас үй болған соң ба, мен оның әр қимылын жатқа білем. Жоғары сыныпқа жақындап қалсақ та, әлі де бізбен доп тебуге құмар. Одан қалса, қорада ер бала секілді мал жайлап, кейде, атқа мініп, бұзау-баспақ қайырып жүргенін көресің. Ол ол ма, жаздыгүні әкесіне еріп, қос атпен шөпке барар еді. Қайтар жолда әкесімен шымдай байлап, боз атқа теңдей артылған екі бау көк пішенді сүйреткен күйі, тайпалта басып келе жатқан көрші қызға біздің үйдегілер түгілі, көрші-көлемнің бәрі сүйсінетін. Тіпті, Ұлекеңнің «осы қыз мектеп бітірісімен келін қып түсіріп алармын» дегені бар. Шырт ете қалғам. Расымен, сары қызды суқаным сүймеген. Көрші әрі кластасым болса да.

Сөйткен сары қыз соңғы сабақ бітісімен қасыма келді де, қалың дәптерді ұсына берген. Өзі жымияды.

– Бұл не?! Қатқылдау үнмен сұрадым.

– Естелік альбом ғой. Толтырып, ертең қайтып әкелерсің.

– Ее, – дедім самарқау кейіппен. – Кейіннен толтырсам қайтеді?!

– Жоқ, ұлдардан өзің қалдың. Қыздардың да біразы толтырған. Солай деді де, иығына түскен фартугін жөндеген күйі кластан асыға шыға жөнелді.

Кейбіреу секілді альбом толтыруға ебім жоқ еді. Амалсыз қалың дәптерді сөмкеге ықылассыздау сала салдым.

Кеште ертеңгі сабаққа дайындыққа отырдым. Отырдым дегенім былайғы әңгіме. Әуелі ертең болатын пәндердің кітап-дәптерін түгендеп алдым. Одан соң ең қатал мұғалімнің сабағын қарап шықтым. Физика еді. Есебі де, басқасы да миға кірмеді. Келесі әдебиет. Бұл оңай шағылады. Тарих та солай. Нағашы жеңгенің сабағын оқымаса да болады. Бұл екеуінен де өзіме сенімді едім. Төртінші сабақ – информатика. Сынып жетекшімнің сабағы. Мектепке компьютер енді келіп жатыр ғой. Бірдеңе етіп өткізермін. Соңғы сабақ дене шынықтыру екен. Мектеп үйге жақын еді. Қоңырау арасында форма ауыстырып келсем бе екен, әә?! Әлде шалбардың ішінен жұқа триконы бұрынғыдай кие саламын да. Бәрібір далада футбол ойнаймыз. Солай бара салармын. Осылай 15 минут ішінде ертеңгі сабаққа дайын болып шықтым. Іштей риза кейіппен аспалы сөмкеге кітаптарды атып ұра бастадым. Күнделікті апарып, әкейге қол қойдырғым келіп тұрды-дағы, оның қолын өзім сүйкете салармын деп кітаптармен бірге тыға салдым. Бәрібір, оның ішінде қазақ тілі мен әдебиеті, сосын тарихтан ғана бестік бағалар тұр. «Өй, өзің осылардан басқа пәннен баға алмайсың ба, немене?» деген қай күнгі қатқыл сөзі әлі есімде. Мұндайда тыныштық керек қой. Осы кезде палас үстінде бүгін өткен пән кітаптарын жиыстырып жатып, көрші қыз берген альбом көзге түскені. Қап-ай, мен мұны ұмытып кетіппін. Етпеттеп жатып, әдеби кітап оқимын ба деп ем, бұны да толтырып беру керек екен ғой. Толтырмаса, ұят секілді. Оқулық, дәптер-қағаздарды жиыстыра сала, көрші қыз берген альбомды парақтай бастадым. Әуелі, кластағы басқа ұл-қыздың қалай толтырғанын көріп алу керек. Содан соң солар сияқты жазып, бірдеңелер сүйкерміз бұл қыздың альбом дәптеріне.

Охо, шынымен, қызықтың бәрі осында екен ғой. Жәйлап, көз жүгірте, тамашалай бастадым. Кейде арғы бөлмедегі үйдегілер естімесін дегендей әлсіз дыбыспен шиқылдап күліп қоямын.

…Көрші қыз берген альбомды ақтарып отырмын. Басты бетті ашсаңыз, кереметтей өлең күтіп алар еді сізді.

Көрші қыз былай депті:

Ал, достарым, достарым,

Мен альбомды бастадым.

Естелік, сурет қалсын деп,

Алдарыңа тастадым…

Алдыңа келген осындай дәптерді қалай толтырмасқа енді? Одан соң достық пен «любөп» тақырыбында ұлы сөздер орын алған. Онысына пәлендей түсінбесем де іштей «ммм» дестік. Дәптер жиегі әдемі қызыл-көк, тағы басқа түсті бояулармен көркемделген.

Келесі бетке өттім. Мұнда анкеталық сұрақтар.

1. Ф.И.О. Осыған әуелде түсінбей ұзақ отырғаным бар. Сөйтсем өзге кластастарым бұл сұрақтың жауабына аты-жөндерін жазыпты. Ит жыным ұстап берсін. Пәлен жыл көрші отырып, менің аты-жөнімді сұрағаны қай сасқаны, бұл сары қыздың?! Әлде, кейін ұмытып қала ма екен?! Қой, айналдырған 25 оқушымыз. Ондай бола қоймас. Аптығымды басып, келесі сұраққа өттім.

2. Мекен-жайың, үй телефоның? Құдай-ау, мынаған бірдеңе жетіспейді екен-ау. Рас айтам. Айналдырған 150 үйдің орны ауысып кететіндей көрінгені ме? Үй телефоны бұл ауылда бұрыннан жоқ емес пе еді?! Жауаптың орнынан  «Құдайы көршің емес пе едім» деп қыршаңқы жауапты сүйкей салдым.

3. Туған күнің, айы, жылың? Туған күнімді қайтпек?! Жарайды, 26 ағұс. 1988.

4. Сүйікті досың? Үйдегі Кискалокты (күшік қой) жазғым келіп тұрды да, қоя салдым. Сыныптағы барлық ұлдар деген сыпайы жауап кетті бұл жолы.

5. Сүйікті пәнің? Ее, тарих пен әдебиет қой.

6. Сүйікті мұғалімің? Дәл осы уақытта ешқандай мұғалімді сүйіп тұрғаным жоқ еді. Не жазсам екен? Тәрбие завучы Бейбіттің қолына бұл альбом абайсызда түссе. Ау, бәрін ақтармай ма, бұл жүгірмектердің мұғалімі кім екен деп. Дұрысы, Бейбіт апай. Кластағы парталасым Лаураның мамасының атын әдемілеп жазуға тырыстым. Өзімді үлкен қауіптен арашалағандаймын.

7. Сүйікті әншің? Әлгі шетел музыкаларынан хабарым барын көрсетпек болғанмын. Болмады. Күнде тыңдап жүрген Досымжан Таңатаровтың «Құралайы» дей салдым. Пәлі, ертең осы «Құралаймен» көне ауылдағы Жәкеңнің қызы, кластас Жұқашова Құралайға қосып қоймас па екен мені?! Жазарымды жазып алып, осындай күдік келгені рас енді.

8.Сүйікті киноң? Өй, Есуп қой. Мероғлы ше? Асау жүрек! Ертең ең күшті жеріне келіп еді. Қалып қоймау керек. Оңбаған көк қошқар үйге келмей, сонау көне ауылдың шетінен әкелем деп, бүгінгі сериалынан қағылғаным бар. Көксоққан қошқардың «жігітшілігі» көктем басталысымен… Желкілдеп, көрінген үйдің тоқтысымен «қол ұстасып» жүргені. Жетектесіп кеткен қойдың иесі де көк қошқардың өз үйінде қалғанын тілейді. Оған біздің әкейдің жауабы біреу-ақ. «Жаман үйреніп кетеді, үйге әкеп қама!» Ее, көк қошқардың жаман жолға түскені қашааан. Кешірім өтінемін, қайдағы қошқар, альбомға оралайық.

9. Болашақта кім болғың келеді? Сәл пәлсапа соғып, «Қараңғы қазақ көріне, Өрмелеп шығып күн болам» дегім келген. Оным жарамас дедім де, ЖУРНАЛИСТ деп жуан әріптерді баттиттым.

10. Хоббиың не? Кітап оқу. Ең әділ де шыншыл жауап осы болды, меніңше.

11. Жігітің (қызың) барма? Мәә, сәлееем айт. Сенен берірек тұратын Нұрлыбайдың қызы Шолпанмен туғалы жүріп келем десем бе екен, әә?! Жоқ. Мынау дымсыз жүрмеді демесін. Жұрт секілді менде «ол құпия» деп құтыла салайын. Солай жаздым да.

12. Маған қояр сұрағың бар ма? Дым. Расымен жоқ еді сұрақ. Бірақ, сұрақ қоймасам, мүлде топас көрінетін де секілдісің. Атқа мінуді қайдан үйрендің десем бе екен? Мезгіліне пішенге барғанда қанша бау тастап жүрсің деген құйтұрқы сауал ше?! Ары-беріден соң «өз арманың не еді, қалқаммен» аяқталды анкетам.

Басқа кластастар бұған негізі кәдімгідей салмақты ой тастап, дұрыс жауап берген. Өлеңдерін айтсаңшы. «Есік алды шоғайна, Шоғайна теру оңай ма?! Кәстөм-шалбар болмаса, Қызға бару оңай ма?!» дейді. О, тоба! Мынау тіптен қызық. «Есік алды қарағай, Жүгіріп өттің қарамай, Пәленше, саған, не болды? Привет деуге жарамай?!» Ойбой-ау, Жаңақұрылыста адасып жүрген қандай қарағай?!

Айтпақшы, бір құпия ашайын ба? Мына анкетадағы 11-ші сұраққа біздің қыздар да, ұлдар да (любов жайлы ше) қате жауап берген. Біреуі «құпия ғой» десе, біреуі, тіпті, «оны танымайсың» депті. Енді бірі сызылып, «өзің оны жақсы білесің» деп майысқанын-ай. Мен білетін бір-екі қыз «жігітпен шаруам жоқ», «болашақ көрсетеді», «сабақ оқуым керек» деген сарында жауап жазыпты. Қайдағы. Шылғи өтірік. Күні кеше ғана былтыр мектеп бітірген жігіттерге соларды мен шығарып беріп ем ғой.

Көрші қыздың альбомында әр дос немесе кластасына екі бет қана орын бар. Екінші бетке нағашы қарындасым, өзіммен тете Әйгерімнен аттай қалап, дұрысы, жалынып-жалпайып жатып, индийский суретті сұрап алдым. Тіпті, ертеңгі автобусқа он бес теңге беріп, әлгі Шакрух Ханның дәл сол фотосын алдыртып, бүгінгі алған сурет орнына бермекпін. Әлгі Индияның Шахругін альбом бетіне қиғаштай жапсырып, жан-жағына «Ержаннан естелік Сәнияға» деген жазу да салтанатты түрде айшықталып жазылды. «Ұмытылмас үшін» деп те қосып қойдым. Оны қоспасам, көршім ертең-арғы күні мені ұмытып, есінен танардай күй кешкенім-ай. Сурет жапсырылған парақтың ең астына Мұқағалидың «О, махаббат, сен әлі тірі ме едің?!» дейтін шумағын тіркей салғаным, альбомның өзіме тиесілі бетінің ажарын аша түскендей еді.

R.S. Шыны керек, ержете келе, мектеп бітірер шақтағы болмысымыз таза еді ғой. Сол кезді барлығы да сағынады, құрметті оқырманым! Расын айтсам, дәл қазір мені оқып отырған кластас достарым бір күліп, бір жылап отырғаны анық еді. Кері оралмайтын керемет шақты мен де қатты сағыныппын, құрметтілерім!!!

Ержан ҚОЖАС

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!