Жастар мен аға буынның арасындағы ашық диалог – баянды болашақтың кепілі. Өйт­кені ақыл үйрететіндер көп те, жасөспірімдер, жас жеткіншектермен ашық сөйлесіп, тең дәрежеде тілде­сетіндер аз.
Рамазан айында «Тик-токер молда» ретінде танымал имам, дінтанушы, теолог, психолог Нұрлан Байжігітұлымен сұқбаттасудың сәті түсті.

– Нұрлан аға, біздің жұрт сынауға, адамға баға беруге құмар. Сіздің әлеуметтік желі арқылы сұрақ-жауап форматын қолданып, қалыптан тыс жауап беретініңізді сынағандардың қатарында дін саласының мамандары да жетерлік. Жеке басыңызға қатысты сынды қалай қабылдадыңыз? Елдің діни сауатын арттыруға, қарапайым жаттанды түсініктерден арылып, басқаша көзқарас қалыптастыруға әлеуметтік желінің қауқары жете ме?
– Бізде Кеңес дәуірінен қалыптасып қалған молданың стереотипті бейнесі бар. Ол елден қайыр сұрай беретін сорлы адамның бірі болуы керек. Басына сәлде, үстіне ескі шапан киіп, есекпен жүру қажет. Осы стереотипті бұзып, керісінше имам-молданы халықтың заманауи рухани ұстазы ретінде көрсеткім келді және осы бағытта жұмыс жасап келемін.
Жастардың үніне құлақ түріп, тілдесе білуіміз керек. Оларға неге қолдау көрсетпеске? «Анау харам, мынау харам» дегенімізге бақандай отыз жыл өтті. Одан не өзгерді, жалпы нені өзгерттік? Нені өзгерткіміз келеді? Отызға келген адам да «Мен осы не бітірдім?» деп ойланатын шығар. Сондықтан бүгінгінің мінбері әлеуметтік желі болып тұрғандықтан, оны бос қоюға хақымыз жоқ. Әлеуметтік желіде контент жасап, күш-жігерімді салып, кірісуіме рух берген осы жастар болды. Әлеуметтік желіде әртүрлі контингенттегілер отырады. Алайда әлеуметтік желінің қайсысы болсын, бір ғана мәселе – адамның желіні қолдана білуінде. Маған қазақ жастарының сол желіден алып жатқан дүниесі маңыздырақ. 2 жыл ішінде 285 миллион қаралым болды. Демек әлеуметтік желіде күш бар.
Ал жауаптардың сан қилы болуы табиғатымнан шығар. Көңілді жүргенді, әзілдескенді жақсы көретін жанмын. Әрі жастардың назарын аударып, тыңдата білудің бір тәсілі дейік. Бастысы мұның бәрі пиар үшін емес екенін нақты айта аламын. Әлеуметтік желіде белсенді болып, жастармен диалог жасаудағы ниетім – дін мен діни фанатизмнің аражігін ажырату, жастардың дінге деген дұрыс көзқарасын қалыптастыру, жүрегіне демеу беріп, үмітін жалғау, жақсылыққа шақыру. Бастапқыда бәрінің күлгенін білемін. Әріптестерімнің арасында да сыртымнан күліп, мысқылға айналдырғандары бар. Бірақ сынға ренжімеймін. Маған атақты болу маңызды емес.
– Дінге жақын қыздарымыз оранып, хиждаб киіп жатыр. Осыған байланысты білім беру ошақтарында түсініспеушіліктер орын алып жатады. Сіздің де, біздің де әжеміз, анамыз орамал тақса да, хиджаб кимеген…
– Біз – Құдайдың жаратылысымыз. Пенденің пендеден айырмашылығы білімінде, мінезінде, бір рет берілген өмірін, уақытын қалай өткізгенінде. Демек пенде ретінде басқалардың не киетініне, орамал таға ма, хиджаб кие ме, қарсы болуға хақымыз жоқ. Қалай киінетінін әркім өзі шешеді. Алайда «бір құмалақ бір қарын майды шірітеді» дегендей, айналамыздағы бір оранған қыз барлық орамал таққандарға кір келтіріп, оларға деген көзқарасқа әсер етуі мүмкін. Мәселен, өткен жылы оқушы қыздың басынан орамалды жұлып жатқан директордың видеосын көріп, сол мектепке іздеп бардым. Директор мені жылы қабылдап, ашық әңгімелесті. Сөйтіп, мәселенің мәніне үңілсек, орамалы емес, қыздың соған лайық әрекет жасамауында екен. Маған бейнетаспаға жазылып қалған орамалдағы оқушы қыздың басқа қыздармен ұрсысып, неше түрлі боқтық сөзді анық айтқанын көрсеткенде, қызардым. Оны ақтап алуға барғаныма ұялдым. Шынымен.
Әрине, тақуалық бар. Ешкім қой демейді. Бірақ жалаң сөзге келгенде тілі 2 метр, біреуді жамандағанда 3 метр болса, мұның не керегі бар? Орамал тағуға, орануға шектеу қоя алмаймыз. Бірақ адам соған лайықты болуы керек. Сөзі ісіне, ісі киіміне, киімі ниетіне сай болу қажет. Сонымен бірге орамал таққан қыздар орамал тақпағандардан өзін артық санамағаны жөн. Ешкім ешкімнен киімі үшін артық не кем бола алмайды. Жасандылықтың не керегі бар? Тақуа боп көрініп, аузынан ақ ит кіріп, көк ит шығатындар, қоғамда сыпайы болып, оранып жүріп, үйіндегілермен дөрекі сөйлесетіндер бар. Шын мәнінде нағыз махаббатыңды көрсететін, көңіліңді бөлетін, сыйлайтын адамдар – отбасың­. Мінсіз болғымыз келеді. Болып көрінуге тырысамыз, бірақ бола алмаймыз. Жоқты жоқ, барды бар деп айту керек. Біреуден шынайылықты күтпес бұрын өзімізге өзіміз шынайы болайық. Ең бірінші өзімізге өтірік айтпайық.
– Біраз уақыт бұрын орын алған Түрік еліндегі, Сириядағы табиғат апаттарына көптеген имамдар, уағызшылар «ақырзаманның белгісі» деп ат беріп, халықтың үрейін алған еді. Бұл қаншалықты дұрыс?
– Әрбір 8-9 жылдың айналымында Меккеде нөсерлі жыл болады. Жаңбыр көп болған жерде, су болады. Су болған жерде көк шығады. Соған қарап, осы жақын арада шетелде орын алып жатқан жайттар секілді «ойбай, ақырзаман келді», «мынау ақырзаманның белгісі» деп даурығудың қажеті жоқ.
Мүмкін, осындай жағдайды пайдаланып, ақырзаманды айтып қорқытсам, әсерлі контент жасап, оқырман жинаймын, қаралым жасаймын деп ойлайтын шығар. «Өлесің» деп қорқытқаннан не пайда? Адамзат баласына өмір барда бір өлімнің де бар екені хақ. Демек қорқытудың, қорқудың керегі жоқ. Керісінше, Құдайдың өзі жаратқан әр туындысын, әр адамды, тіршілік иесін жақсы көретінін ұмытпауымыз керек. Құдайға сенетін адам бүкіл мешіт қирап, ел-жұрты судың астында қалса да, сенеді. Біреулер аспаннан «Алла» деген жазуды оқыдым деп мақтанып жатады. Оқыса, не болыпты? Адамның бәрі құдайын танып, сеніп кетті ме? Шынайы болайық. Адамның жануардан айырмашылығы – ақылында, жан-дүниесінде. Ақылымызға берік болайық!
– Әдемі әңгімеңіз үшін рақмет, аға!


Сұхбаттасқан
Дина БӨКЕБАЙ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!