Финляндияның астанасы Хельсинки қаласында Қызылорданың екі азаматы күтпеген оқиғаға тап болады. Олар өз көзіне өздері сенбеді. Қаланың қақ ортасында орналасқан қара тасқа қазақтың аты жазылғаны таңырқатып тұр. Жан-жағынан көмек күтіп, жөн-жобасын сұрайын десе ешкім ұшыраса қоймайды. Енді не істеуі керек? Абдыраған азаматтардың сол сәтте білгісі келген әңгімесін әріден қозғап, 29 жыл бұрын болған оқиғаның жай-жапсарын жазу бақыты бізге бұйырды. Дәлірек айтқанда, өңір журналистикасының дамуына үлкен үлес қосқан, қазір Л.Гумилев атындағы ЕҰУ-де кафедра меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты Гүлмира Шайтмағанбетқызы төркіндеп Шиеліге келіп, осы әңгімені құлағы шалмағанда біз бұл тақырыпты жазар ма едік, жазбас па едік. Әлқисса, сол үшін таңмен таласып тұрып, Шиелі ауданы, Алғабас ауылына ат басын бұрдық. Мұны елден бұрын естіген ауыл ардагерлері кеңесінің төрағасы Жылқыайдар Машарапин ағамыз ауылдың кіреберіс аузынан күтіп алды. Амандық-саулықтан соң  тікелей Тыныштықбай көкеміздің үйіне аяңдай бердік.

Анонс – ауылдың абыройын асырды

Атшаптырым аула, кең үйдің кеңістігінен ауылдың иісі аңқиды. Тыныштықбай көкеміз де  тірлік десе тынымсыз кісі болса керек, қора-қопсысына дейін тап-тұйнақтай таза ұстағанынан ұқыптылығы анық аңғарылады. Жағалай көк желек, бау-бақшаға қызығушылығы да байқалады. Шеттеу шайла тұр. Тасасынан екі иығынан дем алған самаурын көзге түсті, ол ауылдағы ақ әжемнің бейнесін елестетіп өтті. Бір қарағанда, бейнеткеш ақсақалдың қол ұшы тиген қаншама шаруаның үлесі көзге ұрады. Бұл береке балаларына да терең тағылым-тәрбие екені айтпаса да түсінікті. Мұндай өмір мектебінің өнегесі ауыл адамына ұғынықты ұғым сияқты. Оны сезінем десеңіз, ауылға жиі баруға кеңес беремін.

 Біз қазақы дәстүрмен қарашаңыраққа кірдік. Ауданның абыройлы ақсақалы Жылқыайдар ағамыз үлкендік жолымен сөзін жылы пікірмен жалғап, әңгімені әріден қозғады.

«1991 жылы ел егемендігін алған тұста көптеген қиындықты бастан кешірдік. Өтпелі кезең емес пе, ел елең-алаң шақта еді. Егін мен мал шаруашылығы  анау айтқандай мәз емес. Сол кезде халықтың тіпті, тал егуге де мұршасы болған жоқ. Қазақстан тәуелсіз мемлекетке айналғандықтан,  әрбір өңірде облыс әкімдерін тағайындау жүріп жатты. Президенттің Жарлығымен  Сейілбек Шаухаманов Қызылорда облысына әкім болып тағайындалды. Ол қызметке орналаса салысымен ауыл-ауылды аралап, диқандармен кездесіп, күріштен мол өнім жинаудың жолдарын қарастырды. Алдымен диқандардың демалыс орнын (полевой стан) жаңартуды тапсырды. Өнім мол болу үшін бірінші кезекте еңбеккердің әлеуметтік жағдайын жақсартуды алға тартып, сол қарқынмен егіс даласындағы демалыс жайын жаңаладық. Бұл бірден нәтиже берді.  Диқанға демеу болды. Сөйтіп күріштен алғаш рет 157 мың центнер өнім жинап, рекордтық көрсеткіш көрсетті. Берешекке белшеден батқан шаруашылықтар бір науқанда 10 млн теңге қарыздан құтылды. Берекенің арқасы ғой, мал шаруашылығы да дамыды. Ірі-қараның басы көбейді. Әуелден атбегілік дәстүр қалыптасқан ауылдың енді таза қанды жылқыға әуесі кетті. Сүйіндік Ахметов деген атбегімізді Ташкентке жібердік. Сол Ташкенттің ипподромынан 13 мың сомға Ахметов «Анонс» деген  арғымақты алып келді. Сәйгүліктің сұлулығын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Тегі асыл тұқымды екенін түр-тұлғасын көріп-ақ байқауға болады. «Анонс» десе анонс болды, өз-өзін жарнамалауға жарамдылығы жеткілікті еді. Ол қатысқан бәйгеде басқа жылқыға жол жоқ, бас жүлдені бермеді. Несін айтасың, Алғабастың атын жарықтық «Анонс» шығарды. Бұл да бір бақ екен, адамнан күткен абыройды ат әкеледі деп кім ойлаған?» деп бір күрсініп, бір шешіліп алды.

Сатып алған аурудың емі жоқ

«Бақсақ, «Анонс»1992 жылдың көктемінен күзге дейін 6 бәйгеге қатысыпты. Бәрінде бас жүлде!

Көз тиді ме, жақсы ат аяқтан қалады дей ме, әйтеуір 6 бәйгеден кейін арқырап тұрған арғымақ тұяғын ауыр басатын болды. Енді жарыстан шектеу керек деп шештік. Сөйтіп алыстағы сиыр ауылға жібердік. Ортақ келісім бойынша малдың жайын білетін маман Әбікен Тоғызбаев «Анонсты» баптауға жауапты болды.

Заманның кең кезі ғой. Жем-шөптен мәселе болмады. Малдың күйі көтеріле бастады. Аламанда ойқастаған айғыр  қарадан қарап қорада жалғыз тұрсын ба, тар қапаста тыпыршып, тулай берді. Біресе кісінеп, мінез көрсетеді, біресе ойнақшып, кесе-көлденең шапқылайды. Бұл қылығы марқұм Әбекеңе ұнамады. Мінезі ауыр кісі еді ғой, әлгіндей әдетіне басқанда қамшысы қате тиіп,  жылқының жанды жерінен (мүшесі)  осып жібереді. Сегіз өрім қамшының соққысы осал бола ма, алтыннан қымбат атымыз сол мезеттен бастап науқасқа айналды. Былайша айтқанда, ауруды сатып алдық. Сатып алған аурудың емі болмайтыны тағы белгілі».

Алғабастан аттанған арғымақ  Финляндияның тас тұғырында тұр
Солдан онға қарай: Алғабас ауылы ардагерлері кеңесінің төрағасы Жылқыайдар Машарапин, «Ақмешіт жастары» газетінің тілшісі Ерасыл Шәрібек, ардагер бапкер Тыныштықбай Сыздықов

Әлемді аузына қаратты

«1992 жыл.  Алматыда Әлем Президенттерінің қатысуымен дүние жүзі қазақтарының құрылтайы өтетін болды. Құрылтайға алыс-жақын елдерден 800-ден астам өкіл қатысады деп күтілді. Қазақстандағы саяси әрі маңызды шара. Бұған дейін мұндай ірі көлемдегі бас қосу болған емес. Жер-жерден келетін қонаққа қызмет көрсету үшін барлық өңір атсалысады.

Біздің аудан да әлгі айтулы шарадан қалыс қалмады. Облыс әкімі Сейілбек Шаухаманов «Анонстың» дардай атағынан хабардар. Соған сай ол: “Киіз үй мен «Анонсты» Алматыға дайындаңдар” деп тапсырма берді. Амал жоқ, тапсырманы мұқият орындауға міндеттіміз. Ат әбзелдерін дайындап, науқас жерін көзден таса етіп, жасырып қоюға тырыстық. Сөйтіп «Анонс» ақ бас Алатауға келді.

Үлкен жиын Алматының орталық алаңынан бастау алды. Қараша үйдің қақ алдында  жасауы жарасымды әбзелдерін тағынған көз тартар көрікті Анонсты байлап қойдық. Ол ерекше көңіл күймен жұлқынып тұр. Көптің назарын өзіне аударып қояды.

Түс ауа  Финляндия Президенті Мауно Койвиста мен Нұрсұлтан Әбішұлы біздің дастарқаннан дәм тәтті. Мына қызықты қараңыз, Мауно Койвистаның қызы Асси Койвиста «Анонсты» айналшықтап, сипалап, ұнатты да қалды. Керек десеңіз, ол мініп көруге бел байлады. Біз қалай оған қарсылық білдіреміз, Елбасының өзі ықылыс қойып, қарап тұр.

Ассидың атқа  қонғаны сол еді, Орталық алаңның бір бұрышынан дыбыс күшейткіштен «Балбырауын» күйі қосылды. Күй құдіреті ма, әлде «Анонс» арқаланып кетті ме, тұлпар тұяғын түрлі қимылға салып,  билей кетсін. Жиналған жұрт аң-таң. Құдды циркте үйретілген арғымақтан аумайды. Мұнысы мыңдаған көзді жаулап алды. Сәйгүліктің сұлулығы мен ақылдылығына тәнті болған Финляндия Президенті Мауно Койвиста жылқыны сый ретінде  тарту етуді сұрайды. Елбасы Мауноның ұсынысын қабыл алып, «Анонсқа» «құда түсті». Әрине, бұған ешкім шек келтірген жоқ. Бірақ жылқының науқасын жасыруға  келмейтін еді.

Алғабастан аттанған арғымақ  Финляндияның тас тұғырында тұр
Атты Финлияндияға апарып, Президентке көрсетіп тұрған сәт.
Солдан онға қарай: Мауно Койвистаның қызы Асси Койвиста, бейтаныс фин азаматы, ардагер бапкер Тыныштықбай Сыздықов, мал дәрігері Қыдырәлі Күлбаев, Финляндия Президенті Мауно Койвиста

Ұмытылған аманат

Құрылтай аяқталды. Апарылған заттарды жиыстырып, ауылға қайттық. Күзгі егінге орақ түсіп, әркім өз тіршілігімен айналысып кетті. «Анонс» сол күйінше сиыр ауылдағы қонысына барды.

Арада 5 ай өтті. Бір күні Алматы қаласынан телефон қоңырауы түсті. Хабарласушы Президент әкімшілігінен екен. Тұтқаны көтерген бойда «Финляндияға атаған жылқыны иесіне жеткізіңдер» деді. Аздап абдырап қалдық. Өйткені сый-құрмет жайлы аманат жадымыздан шығып кетіпті. Содан атты дайындауға кірістік. «Науқас жылқыны жіберіп, елдің атына кір келтірмейік» деп Телікөл совхозының директоры Нұрбекпен байланыс орнатып, қалың елдің ішінен«Анонсқа» түр-сипаты ұқсас жылқы іздестірдік. Жанымда – Тәкең (Тыныштықбай).

Әйтеуір жобаға келетіндей, біреуін таптық. «Енді Финляндияға жеткізуді кімге жүктейміз?» деп тұрмыз. Өзара ақылдаса келе аттың қадірін білетін, жылқыға жанын беріп қарайтын Тәкең мен мал дәрігері Қыдырәлі Күлбаевты қаладық. Лезде жылқының құжатын дайындап, Қазақстан темір жолына арнайы вагон қарастыруын сұрадық. Мәселені шешкендей болдық. Бірақ уақыт зымырап жатыр. Құжат пен вагонды дайындаймыз дегенше, көктем де келді.Ұят деген нәрсе адамды жиі мазалайды ғой, біз Финляндияға терісінде теріс таңба тұрмасын деп күнде шампундап жуып жүрміз. Ол жауһар жәдігердей жылтырап, сұлу мүсін тұлғасын таныта бастады. Сәті Наурыздың алғашқы күндеріне түсіп, арғымақ арнайы вагонмен жолға аттанды.

Финдердің тапқырлығы

Жолдың жайын Тыныштықбай ақсақалдың аузынан естідік. Жүрдек пойыз жылжып отырып,  Мәскеуге бір-ақ аялдаған екен.

 «Қазақстан темір жолы» АҚ басшылығына рақмет, жүк вагонын жолаушылар пойызына тіркеп берді. Вагонның ішіне науа, ақыр қойып, жылқының жайын жайғастырдық. Мойынға артылған міндет өте жауапты, ұйқы қашып кетті. Үш тәулік бойы ұйықтай алмай, Мәскеуге жеткенде кеден қызметкерлері жылқыны біраз тергеді. Құжатын тексерді, баратын жерін білді. Осылай 3 күн аялдауға тура келді.

Ауылдан алыстан шыққан соң уайым қатар жүреді. Санкт-Петербургтен Хельсинкийге  бір тәулік жол екен, оған да көніп, ұйықтамадық. Не керек, Фин еліне жетіп, Президенттің көмекшілері вокзалдан күтіп алды. Қыдырәлі орыс тіліне сауатты болғаннан кейін финдермен тілдесуді өз мойнына алды. Арнайы көлікпен Мауно Койвистаның ормандағы резиденциясына бардық. Президент пен қызы шаңғы тебуге кетіпті. Біздің жылқыны сым қораға қамады.

Көзім қорада. Сенімсіздеу қарап тұрмын. Алда-жалда үш қатар жұқа сымды үзіп кетсе, жылқыны қайдан іздеп табамыз деп қоямыз. Бұл да бір үрей туғызды. Сөйтсем, жаңылған екенмін, сым желісі электр қуатына жалғаныпты. Өлтірместей күші бар. Финдердің де таппайтыны жоқ. Олардың тапқырлығына тәнті болдым.

Сыйлықты қабыл алмады

Біршама уақыт өтті, шамамен 4 сағаттан кейін Фин Президенті Мауно Койвиста келді. Бізді көргеннен жанымызға жақындап, халімізді сұрады. Құрмет көрсетіп, Қазақстаннан арнайы келгенімізге алғыс білдірді де, бірден жылқының жайын сұрады. Іштей «Анонсты» күтіп тұрғанын білдік. Көмекшілері қорадан жылқыны алып келді. Сол мезетте Мауно мырзаның бет жүзінде өзгеріс болғанын байқадық. Бізге сездірмегендей күй танытып тұр. Сол мезетте тәп-тәуір диалог шорт үзілді. Бізді Хельсинкиді аралатуға апарыңдар деп көмекшілеріне тапсырма берді. Алты күн аралап, мауқымыз басылып, кездесудің соңғы сәттері таяды. Көмекшінің айтуынша, жылқының қанына сараптама жасатып, оның таза қанды емесін анықтайды. Мұны естіген Президенттің көңіл күйі кілт бұзылады. Ренішін бізге білдірмесе де, оның өкпе-назын апарған арғымақты бір фермерге өткізіп, топ жылқының ішіне қосқанынан сезіп тұрмыз. Амал жоқ, біз не дейміз?

Арғымақтар алтынмен пара-пар

Финляндия мемлекетінің жылқыға деген құрметі ерекше. 3000 жылдан бері финдер арғымақты қасиетті жануар санап келеді. 1960 жылы Финляндияда 409 мың бас жылқы болған көрінеді. Бүгінде мұның саны 80 мыңға кеміген.  Таза жылқының құны 100 мың еуроға дейін бағаланады. Сонымен қатар фин және араб жылқылары құнды келеді. Ат спортына көзқарас айрықша. Яғни бұл спортқа дайындайтын  48 арнаулы мектеп бар. Сонымен қатар бір айда кем дегенде екі мәрте ат жарысын өткізіп тұрады. Жанкүйерлері де жетерлік. Кем дегенде аренадан 40-50 мың жанкүйер тамашалайды. Негізгі спорты саналатын хоккеймен пара-пар деуге болады.

Бәйгеден бағы жанған тұлпар

Финляндияда ат спортынан кезекті аламан өтеді. Бәйгеге қатысатын 10 жылқының бірі табан астынан жарақат алып, жарыстан шеттетіліп қалады. Бір қызығы, Финляндияда ат спортына қатысатын жылқылардың саны жұп болуға тиіс. Содан ұйымдастырушылар бір жылқыны қосуға бел байлайды. Нақтысы – елеусіз қалған қазақ тұлпарының әуселесін байқап көргісі келеді. Жазық далада еркіндікке үйренген арғымақ ипподромды жатырқай қоймады. Тіпті топ алдына тулап шықты. Мәре 20 шақырымдық аламан еді, онда Алғабастың арғымағы қарсыластарынан 5 айналым ерте келіп, аренадағы жанкүйерлердің зор қошеметіне ие болады. Осылайша 8 жыл бойы қазақтың тұлпары Финляндияда бас бәйгені бермеген.

Анонсқа құрмет

Бір қызығы, Финляндияға қазақтың тұлпары «Анонстың» құжатымен аттанған. Әрине, Койвистаның көңілі үшін жасалған қадам екенін түсінуге болады. Қазақтың «Анонсы» 8 жыл бас жүлдені бермегендіктен финдердің құрметі ерекше болған көрінеді. Тіпті Хельсинки қаласында «Анонстың» тас мүсіні қойылған. Мүсіннің төменгі бөлігінде қазақ делегациясынан сый деген тақтайшадағы жазуды да аңғаруға болады. Сонымен қатар Президенттің асыл тұқымды жылқылар кітабында «Анонстың» Финляндияға қалай келіп, жұлдызды жылқыға айналғаны туралы жазылған. Ең бастысы, қазақ жылқысына құрмет арта түсті, Алғабастың аты қарлы өлкені шарлап кетті.

29 жылдан кейінгі шақырту

Алдағы қыркүйек айының екісінде Финляндияда король кубогына арналған аламан бәйге өтеді. Маңызды шараның аясында ат спортын дамытуға байланысты конференция жұмыстары да ұйымдастырылады. Айтулы жиынға Тыныштықбай Сыздықов пен Қыдырәлі Күлбаевқа Финляндияға шақырту түсті. Жасы 80-ге таяған Тыныштықбай ақсақал жолдың ұзақтығына байланысты сапардан бас тартып отыр. Ал Қыдырәлі Күлбаев маңызды іс-шараның бару-қайту шығынына жергілікті және облыстық әкімдік қолдау көрсетсе, ел аманатын жеткізуге ықыласты. Мүмкін, біздің осы мақала түрткі болып, ол мәселе де шешімін табар… Не дегенде де «Анонстың» айбарын, Сырдың салиқалы сәлемін жеткізу керек, әйтпесе елге сын!

Ерасыл ШӘРІБЕК,

Қызылорда-Алғабас-Қызылорда

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!