Бақыт апа десе біздің елдегілер елп ете қалады. Әсіресе, әйелдер қауымы. Жо-жоқ қазіргі жас келіндер бұдан бейхабар болуы мүмкін. Біздің айтып отырғанымыз 50-ден асып, 70 дейтін жасты алқымдаған аналар. Олардың Бақыт апа десе…
Қазалының Бекарыстан би ауылында 500-ге жетеқабыл түтін бар. Осындағы халықтың балтыры ауырып, басы сыздамайды дейсіз бе?! Денсаулықта кінәрат әрдайым болып тұрады. Ал әйелдерде… Ана болу бақытын кім аңсамас?! Біз әңгімелегелі отырған кейіпкер солардың жәрдемшісі еді. Дұрысы, ауыл-аймаққа белгілі акушерка ана жайлы айтамыз.
Мен білерде елдегі шешемнің Бақыт апаға құрметі бөлек-тұғын. Әлі де содан айнымаған. Өйткені акушерлік қызметте ол кісінің шәкірті болыпты. Бақыт апа жайлы сұрай қалсаңыз…
– 40 жылғы қызмет жолымда нағыз ұстазға балайтын адамым осы кісі, – дейтін мейірлене. – 1981 жылы мамыр айында Бекарыстан би ауылындағы аурухана перзентханасына жұмысқа тұрдым. Ол кезде Карл Маркс совхозы деп аталды. Оқуды енді бітірген 20 жастағы қызда не тәжірибе болсын?! Бақыт апай ол кезде перзентхана меңгерушісі екен. Міне, алғаш бағыт беріп, баланы өмірге әкелу жағдайында қиналған келіншектерді босандыруда ақыл-кеңесін іс жүзінде көрсеткен жетекшім де апай болатын. Шыны сол, жұмыс барысында қаталдық танытып, кейде кезекшілікте жалғыз өзімді тастап кететін еді. Сондағысы «өз бетінше үйреніп, туу процесінде қорқынышын жеңе білсін, үйренсін» дейді екен ғой. Оны да кеш түсіндік…
Талай ұл мен қызға кіндік шеше болған біздің анамыз әлі де бұл жұмыстан шеткері қалмады. «Шешең Ұлдай мына біздің ұлдың кіндік шешесі еді, сәлем айта бар» дейтін апаларды өзім де жиі кездестіремін.
Жағымсызы, осы кезде құлаққа түрпідей тиетін жайттардың бірі – медицина қаншалықты дамыса да аяғы ауыр әйелдердің лезде кесар тілігіне түсіп босануы. Одан қалды, «ауылда босандыру мүмкіндігі болмағандықтан ауданға алып кетті» дегенді жиі естиміз. Себебін сұрай қалсаңыз, тым көп. «Бала теріс келді», «аяқпен келді», «құйрықпен келді», «кіндігіне оралып қалды» деп мың сылтауын шұбыртады. Ең қиыны, босанғалы тұрған әйелге сол сәттегі болып жатқан қиындықтарды бетке айтатындар бар. Шыны керек, жүкті әйелмен сөйлесу әдебі қалыс қалуда. Ауылдағы батыр ананың бірі Үрімша осындай пікір айтып қалды.
– Осындайда ойыма Бақыт апа оралады. Біз босанған кезде де осы жайттар жиі болды ғой, бірақ ол өзімізге қолдаушы, қорғаушы, демеуші сияқты көрінетін. Қаншама ауыл әйелдерінің іште жатқан сәбиін көркем мінезімен, аялы алақанымен, мәдениетті, сабырлы қарым-қатынасымен жеңіл босандырып алатын. Біз перзентханаға сенімді баратынбыз, өйткені, әйелді қырағы қадағалап, сауатты бағыт беріп, үнемі бақылауда ұстайтын Бақыт апа бар.
Апай «босанамын» деп келген екіқабат әйелді ешқашан ауданға сандалтпайтын. Босанар шақта әйелдің қорқып-мазасызданып тұруы шартты құбылыс қой, сол сәтте баланың аяқпен келген, құйрықпен келген, кіндігіне оралған сәттерінде ешкімді шошытпай, биязы даусымен, салмақты отырып, «қазір оңалады, тек жақсы ойлаңдар, бәрі жақсы болады…» деген демеу сөзі сәбиін күткен әрбір ананы қуаттандыратын. Іштегі сәбидің сыртқа шығарға дейінгі жай-күйін анық біліп отыратын. Оның қолы кәдімгі құлып ашар кілт секілді лезде оңай әрі жеңіл босандырып алушы еді, – деп ақтарыла естелік айтты Үрімша Бахи.
Ауылдағы егде жастағы аналардың бәрі Бақыт апаны мақтайды. Ішіндегі ең өтімді сөзі «апамның қолы жеңіл». Бағасын осылай-ақ кесіп айтады. Ал акушер апа кіндігін кескен ұл-қыздың көбі бүгінде отбасы құрып, бала сүйіп отырғандар.
– Айбек есімді ұлды босанарда қатты қиналдым. Теріс келді ме, білмеймін, сол кезде роддомдағылар шарасыз күйде қалғаны бар. Сол кезгі акушер Құралайдың «тез Бақыт апама хабар беріңдер» дегенін ғана естідім. Сәлден соң апаның «Қай Жақайым ол, шықпай жатқан, айтыңдаршы маған, қай Жақайым өзі» (Жақайым жергілікті ру аты) деп әзілдей айқайлаған дауысы естілгені. Бағанадан бері ақ тер, көк тер болған менің өзім одан қуат алдым. Ол кісінің дауысы естілісімен де бала да шар етіп дүниеге келді. Ниеті түзу адам келсе, толғақ та оң болады деген ырым да бар емес пе?! Сондай да қызық болып еді, – дейді мектеп мұғалімі Күлмараш Қаманова.
Қазір 85 жасты толтырған акушерка апа осылайша ауылда тапжылмай қызмет етті. 1959 жылдан бастап, 1989 жылы зейнетке шыққанша талай шаңырақтың ішін сәбидің шат күлкісін толтыруға себі тиді. Ауылдағы ағайынға адал көңілімен ұнамды болды. Сала бойынша «Медицина ісінің үздігі» төсбелгісін де алды.
– 30 жыл осы елдің келіншектерін жылы сөзбен жанына жалау болып, аман-есен баласын бауырына басып, үйіне қайтаруға күш салдым. Зейнетке шыққан соң да толғатқандардың қасында жүрдік. Жұрттың сол батасы ғой, осы күнге дейін сол балалар «апалап» құрақ ұшып тұрады. Ең алғаш босандырып алған ұлдың өзі алпыстан асып кетті. Ол кім десең, мына мектептегі өз ағайың Дауылбай Қапаров. Айналайын десейші, ұмытпасам қыркүйек айы болуы керек, күн дауылдатып, адам бір-бірін көрмейтіндей топырақ суырып тұрған уақытта туды ғой. Әке-шешесі соған орай Дауылбай деп ат берген. Ол заманда жалғыз біздің ауыл емес, көрші Түктібаев, Майдакөл, мына Жаңақұрылыс пен Қызылжар, Шөмішкөлдің де әйелдері осында босанды. Кіндігін кескен ұл-қызымның саны да содан көп шығар. Үш мыңнан астам сондай бала-шағам бар, – деп күле еске алады өткен шағын акушер қария.
Ел ішіне ерен еңбегімен із қалдырған, сонысымен құрметті, сонысымен жақсы адам атанған Бақыт Елмұратова жайлы жұрт осылай айтады. Бүгінде үлгілі әулеттің ақ самайлы әжесі болып отыр. Өзі дүниеге әкелдіріп, кіндігін кескен сәбилері үлкен азамат болған, апаның қолын алып, мереке күндері құттықтап, марқайтып кетеді. Қарттық шағында ақ тілеулері орындалып, жан-жағы аман болып, ұрпағымен мың жасаған кимешекті қария өмірінен аз ғана мағлұмат еді бұл. Оның алтын қолы мен көркем мінезін сезінген ауыл тұрғындары Бақыт апа десе, әлі де құрақ ұшады.
Ержан ҚОЖАС
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!