Табиғаттың мамыражай келіп жеткен көктемі,

Қарағаштар бүршік жарып, қарағайлар көктеді.

Қыстың кетіп ызғары, науат қарда жібіді,

Сезіледі көктемнің өң-бетіңе от лебі.

Бесіктегі сүп-сүйкімді шырылдайды шарана,

Шарананы қолға алып, уатады жан ана.

Бесік жырын толғатып, айтып берді анасы,

Сезіп жатты ана үнін бесіктегі бала да.

Айлар айға ұласып, 18 жыл болыпты,

Кіп-кішкентай шақалақ 18-ге толыпты.

Тәмпіш мұрын, қыңыр көз, бет-пішіні келбетті,

Жігіттердің төресі, серісі де болыпты.

Ана болса тыным таппай асырайды баласын,

Күндіз-түні жалықпастан жанмен тауып жарасым.

Қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай,

Дейді: “балам аман болсын, қатарынан қалмасын”.

Ал бала ше? Бала болса оқымайды сабағын,

Төбелеске жаны құмар, тентектеу ғой қарағым.

Сыныбында осы ғана сотқар еді шынында,

Құрсаулаған әлімжеттік, қатігездік қабағын.

Баласының өзгергенін анасы да байқайды,

Жеке қалып сөйлесетін уақыт күтті оңтайлы.

Ақ жаулығы желбіреген, мейірімді ананың,

Көңіліне кірбің түскен, жүрегінде мұң-қайғы.

Сонда анасы баласына алабұртып сөйлейді,

«Жеңе білгін аласарған қорқыныш пен үрейді,

Жақсы адамның жүрегіне бақыт келіп түнейді,

Жамандардың жүрегіне шайтан келіп түнейді» .

Одан әрі ананың жүректегі өксіктен,

Не сөйлеуге, не жылауға әл-дәрмені келмейді.

Баласы да түсінді, ана алдында айыбын,

Ана жүрек толғандай қасірет пен қайғы-мұң.

Содан бері баласы жамандықтан жиренген,

 Ізгіліктің жылжытып, жалықпастан қайығын.

Қандай өмір сүреріміз пешенеге жазылған,

Ана-жүрек ұғады жан-дүниеңді назыңнан.

Ана деген өмірдің құдіретін ұқтырар,

Жалғандағы жалғыз-ақ қайта келмес қазынам.

Бағдәулет АЯҒАН,

Қазалы ауданы Қожабақы ауылы

№ 25 мектептің оқушысы

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!