Қазақ халқы тіршілігін төрт түлікпен, бертін келе егінмен байланыстырғанын тарихтан білеміз. Бұл тұста көшпелі жұрт шешендік өнерді жетік меңгеріп, ілім-білімге ұмтылыс пайда болды. 70-ке жуық тілді еркін меңгерген Әбу Насыр Әл-Фарабидің өзі бұған дәлел бола алады. Беріректе отаршыл патшаның солақай саясаты өңменнен өтті. Алашорданы бастаған Әлихан Бөкейханов пен сол кездегі интелегенцияның дамыған елдермен еркін байланыс жасағаны да көп айтылады. Мұны не үшін айтып отырмыз? Қазіргі күні бүгінгінің тілімен айтсақ, полиглот болуға ұмтылатындар аз. Ал білімге ұмтылған азаматтың алар асуы төмен болмасы сөзсіз. Мұндайда «әлқисса» деп басталатын мына бір мысал ойға орала кетеді.
Ертеде Иранның кішкентай бір қаласында жалғыз баласы бар жесір әйел өмір сүріпті. Жалған дүниемен қоштасатынын сезген кезде әлгі әйел баласын шақырып былай дейді: «Басымыздан қиын күндерді өткердік, кедейшіліктен бас көтермедік. Бірақ саған үлкен байлық мирас етемін. Кезінде оны маған бір ғұлама берген болатын. Сол кітапта үлкен асыл қазынаға жету жолы жазылған. Оны оқитын менің уақытым болмады. Бірақ сен міндетті түрде оқуың керек – кедейшіліктен құтылып, бай болуың керексің!».
Анасының жаназасынан кейін баласы аманат еткен үлкен ескі кітапты қолына алып оқи бастайды. Кітаптың бірінші беттерінде былай жазылған екен «Қазынаға жету үшін кітаптың әрбір бетін кезек кезегімен оқыңыз. Бір бетін оқымай, екіншіге өтпеңіз. Егер де соңында не бар екендеп, дереу кітаптың соңғы бетіне өтер болсаңыз – кітапқа сиқырлы күш еніп кітап өз- өзінен жоқ болады. Содан кейін қазынаға ешқашан жете алмайсыз».
Осындай кіріспеден кейін бір елді-мекенде сақталған үлкен қазына туралы айтылады. Қазына жатқан үңгір жақсы қорғалуда.
Кітаптың бірінші беттері Парсыша жазылса, бір жерінен бастап кітап араб тілінде жалғасады екен. Өзін қазірден бай сезінген жас жігіт, бұл құнды кітап туралы басқа біреу біліп қоймасын, өзінен басқасы қазынаға жете алмасын деп арапша жазылғандарды аудартуға қимайды. Содан кітапты ары қарай оқу үшін араб тілін меңгеру керек болды. Араб тілін үйреніп, кітапта жазылғандарды жақсы түсініп оқиды. Белгілі бір жерден бастап кітап араб тілінде емес, қытай тілінде жалғасады. Сосын тағы-тағы басқа тілдерде. Жас жігіт бар ынта мен жігерін қосып кітап қай тілде жазылса, сол тілдердің бәрін меңгереді. Көп тілдерді меңгергені арқасында қаланың ең жақсы аудармашысы атанады. Өмірі реттеле бастайды.
Көптілді беттерден кейін кітапта қазынаның қалай жұмсалу керектігі жайлы нұсқаулар жазылады. Осы беттерді оқып, жігіт экономика мен сауда салаларын да меңгереді. Сонымен қоса, қазынадағы асыл тастар мен гауһарлар туралы ғылымды да оқиды. Оқып үйренгендерінің бәрін теориядан тәжірибеге енгізіп жүреді. Оның көптілді, көп саладан теңдесі жоқ маман екені сол елдің патшасының құлағына да жетеді. Патша жігітті қасына шақыртып, жақсы қызметке тағайындайды.
Ұзын алғысөзден кейін кітап негізгі бөліміне өтеді: үңгірдегі үлкен есік қалай жасалғаны жайлы, бұрандалары қалай құрылғаны жайлы, үңгірге жету үшін не жасалу керегі жайлы баяндалады.
Осы құпияларды басқа ешкіммен бөліскісі келмейтін жесір әйелдің баласы сол елдің ең білгір, ең оқыған адамы атанады. Тіпті, кейіннен қаланың сәулетін көркейтетін болады. Патша жігіттің біліміне тамсанып, өз сарайының сәулетшісі, ал кейін өзіне ең жақын уәзірі қызметіне тағайындайды. Расында да, сол елде сол жігіттен артық білімге жақын бірде-бір адам табылмайды. Осылай жүріп жігіт кітаптың соңына жетеді. Кітаптың соңғы бетін аударғанда «Білім – дүниенің ең үлкен қазынасы!» деген бір ғана сөйлеммен көзі түйіседі.
5 тілді қатар меңгерген мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Өз тілімізді өзіміз ұлықтауымыз керек. Бұл – өте дұрыс. Бірақ, өзге тілден бас тартуға болмайды. «Өз тілің бірлік үшін, өзге тіл тірлік үшін» деген сөз бар. Сонда ғана көздеген мақсатымызға жетеміз», – деген еді. Ұққан жанға жігер берер ой салсақ деген тілек біздікі.
Сартай БАЙЖАН
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!