Қызылорда гарнизонында Қызылорда қаласы әскери-техникалық мектебінің 15 сарбазы санитарлық-эпидемиологиялық талаптар мен нормаларды сақтай отырып, өздерінің Отан алдындағы әскери антын қабылдады.
Әскери мектепте бір айдан аса уақыт даярлықтан өткен курсанттар, қаруды қолдану және тактикалық дайындықтардан басқа, ант қабылдау алдында екі рет қарудан оқ атып үлгерді. Бір айдан астам уақыт ішінде түрлі әскери теориялық білім жинап, әскери тәртіппен танысты. Сонымен қатар әскери білімдерін іс-тәжірибеде де қолдана білді. Түлектердің осы әскери ант қабылдау рәсімін асыға күткендері байқалып тұрды.
– Қызылорда қаласының әскери-техникалық мектебінің 2021 жылғы алғашқы курсантымын. Өзіме керекті, ер азаматтың бойында кездесетін көптеген нәрселерді үйрендім. Қырық күн ішінде бірнеше дос таптым. Оқу-жаттығу алаңдарында болып, әскери өмірдің қырларын меңгердім. Ант қабылдағаннан кейінгі сезімім ерекше. Алда әскери қызмет атқарсам деген ойдамын, – дейді әскери-техникалық мектебінің түлегі Таңат Балқыбай.
Қарулы Күштер мен әскери тәртіп туралы мәлімет беріп, жас сарбаздарды темірдей тәртіпке баулитын әскери-техникалық мектепті тәмамдап отырған түлектер аз емес. Қызылорда қаласы әскери-техникалық мектебі алдағы уақытта да Отанға адал қызмет ететін мамандарды қабылдауын жалғастыра бермек.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!