Әйел – үйдің ұйытқысы, отбасындағы тәрбиенің негізгі бастаушысы. Оның орны тек отбасында ғана емес, жалпы қоғамның дамуында да айрықша маңызға ие.

Қазақстанда кейінгі жылдары әйелдер құқығы мен теңдік мәселесі өзекті болып, көптеген заң мен бастама арқылы қорғауға алынуда. Әйелдер тек саяси, экономикалық тұрғыда ғана емес, әлеуметтік тұрғыда да маңызды өзгерістер жасай алатын жан ретінде танылып отыр.

Қазақтың күйшілік өнерінде де әйелдердің алатын орны ерекше. Әрине, күй өнері көбіне ер адамдармен байланысты болғанымен, қазақ әйелдері арасында күй шығару мен күй тарту кең таралған. Әсіресе, Аққыз секілді күйші әйелдер қазақ мәдениетінде өзіндік із қалдырды, күй өнерін насихаттап, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізді.

Күйдің тереңдігін, кемеңгерлігін ұғына білуде кез келгенге беріле бермейтін бақыт. Домбыра ұстаған Арқаның Аққызын білмейтін жан кемде- кем. Кейінгілер оны жазушы, этнограф, ғалым Ақселеу Сейдімбектің «Аққыз» шығармасынан танып білді.

«Аққыз» повесті Ақселеу Сейдімбектің жазушылық қарымын, көркемдік деңгейін жаңа қырынан танытқан мейлінше ашқан туындының бірі. 1991 жылы оқырманына жол тартқан шығармадағы Аққыз – шын өмірден алынған шынайы кейіпкер. Оның азан шақырып қойған шын есімі – Мүгілсін. Тал бойында бір міні жоқ бойжеткеннің табиғаты да ерекше еді. Көркем келбетті ару күйшілік өнерімен талай жиынның көркін келтірді. Содан ел ішінде оны Аққыз атап кетеді. Шығармадағы Аққыз жазушы қолынан туындаған жаңа, тың кейіпкер. Жазушы кейіпкерін күңдестіктің құлы еткісі келмейді. Ол бұрын-соңды әдебиетте оқып-білген келіншектерге қарағанда батыл, сертке берік, бірбеткей мінезімен ерекше еді.

Аққыз Таймасбайдың жеті перзентінен қалған жалғыз үкілі үміті болатын. Әкесі қызын мал дүние қызығын көру үшін емес, ұрпағын жалғастыратын жалғыз алданышы ретінде тәрбиелейді. Ер мінезді болып өскен бойжеткен уақыт өте сабырлы, салиқалы әйелге, ел анасына айналды. Оны сыйлы еткен күйшілік өнері. Ол елдегі ауыл күйшілерін бекзада өнерге баулып, арқаның әндерімен танымал күйлерін насихаттап дәріптейді.

Автор повесті табиғатты суреттеумен бастайды. Небір дау-дамайларға араласып ауыл мен көршілес елдің ортасында жүріп оның атағы елге тарайды. Сондай жиынның бірінде Аққыз аламан Наймантай батырдың алдында жеңіліс табады. Тұрмысқа шығамын деген Аққыз уәдесін орындауға бел байлайды. Қыздың ақыл парасаты, биязылығымен өзге қыздарда жоқ еркіндігі Наймантайға да ерекше ұнайды. Солайша ол Мүгілсінге көңіл білдіреді. Оқиға осы сәттен қыза түседі, оқырманды қызықтырады. Шығарма кейіпкері өз қалауынан тыс, қалың мал берген елге ұзатылып кетеді.

Күйші Аққыз Көкбай деген жігітке тұрмысқа шыққан. Тұрмыс құрғаннан кейін өнеріде қолдаусыз қалады. Ата-анасынан ажыраған күйші қыз, жат жұртқа келіп, «Жетім қыз» күйін шығарады. Бұл «Аққыз» повестінде де баяндалады. Небір қиын-қыстау жағдайларды бастарынан өткереді. Шертпе күй шебері Аққыз Ахметқызының танылуына аса көрнекті ғалым, этнограф Ақселеу Сейдімбек көп еңбек сіңірді. Күйшінің артында «Қайран елім», «Аққыз», «Жетім қыз», «Қоңыр күй» сынды бірнеше күймен қатар «Жалған-ай», «Қайран бауырларым», «Аман бол ханшайым» әндері қалды.

Мәдениетіміздің дамуына үлес қосқан осындай нәзік жандар арқылы қазақ әйелдерінің көп қырлы екенін байқаймыз. Олардың өнер мен шығармашылық қабілеттері қоғамдық, мәдени өмірдің дамуына үлкен ықпал етіп келеді. Әйелдің болашаққа деген жауапкершілігі, өзінің көпқырлы рөлі арқылы қоғамда тек ана, жар, ұстаз ғана емес, өнер мен мәдениеттің сақтаушысы, дамытушысы екендігін де көрсету маңызды.

Иә, әйелдің үйдегі орны тек тұрмыстық міндеттермен ғана шектелмейді. Ол отбасының тәрбиешісі, дәстүрлер мен құндылықтарды сақтаушы, қоғамға жауапты тұлға болып табылады. Әйел үйдің ұйытқысы ретінде, өзінің рухани байлығымен, мейірімімен, өмірлік тәжірибесімен отбасының тыныштығын, ұрпақтың дұрыс тәрбие алуын қамтамасыз етеді. Сонымен қатар әйелдер қазіргі қоғамда өз құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейтіп, қоғамдық-саяси және экономикалық өмірге белсене араласып, өздерінің рөлін арттыруда. Әйелдің қоғамдағы орны мен рөлі әрқашан жоғары бағаланып, оның дамуы мен қоғамның өркендеуіне маңызды үлес қосады.

Динара ЖҰМАДІЛ,
студент

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!