Фото: facebook.com/bakhytzhan.bukharbai

АҚШ-та белгілі ғалым, техника ғылымдарының докторы, Алаш қайраткері Мұхаметжан Тынышпаевтың ұлы Дәулет Тынышпаев қайтыс болды, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бұл туралы баспагер Бақытжан Бұқарбай әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.

«Алаштың арысы Мұхаметжан Тынышбайұлының туған ұлы, техника ғылымдарының докторы Дәулет Шейх-Әли-Тынышпаев (1931-2024) екі күн бұрын АҚШ-та дүниеден озды деген суық хабар келді. Атамыздың туысқандарына қайғырып, көңіл айтамыз», – делінген хабарламада. 

Геолог-математик 

Дәулет Тынышпаев – 1964 жылы Мәскеу мұнай-химия және газ өнеркәсібі институтында «Мұнай және газ кен орындарын игеру» мамандығы бойынша кандидаттық диссертациясын қорғады. Сол жылы ол Уфа қаласындағы НИИ мұнайының зертханасын басқарды. 1983 жылы ол магматикалық құрамдардың жерасты қасиеттерін зерттеу бойынша ғылыми-зерттеу бөлімін құрды және оны 2001 жылға дейін басқарды. Бұл жерде жүргізілген ғылыми-зерттеу жұмыстары геологиялық іздеу, мұнай және газ өндіру кен орындарына арналды. Ол 150-ден астам ғылыми жұмыстар мен авторлық куәліктерге ие.

Дәулеттің нағашы жұрты дағыстандық ақсүйектер

АҚШ-та белгілі Алаш қайраткерінің ұлы көз жұмды
Фото: Baq.kz

Мұхаметжан Тынышпаев (1879-1937) – Қазақстанның алғашқы теміржол инженері, Алаш қозғалысының белсенді мүшесі, саяси қайраткер және қоғам қайраткері. Оның өмірі мен қызметі елдің қоғамдық және саяси тарихындағы маңызды кезеңдермен тығыз байланысты. Дәулет Шейх-Әли-Тынышпаев – Мұхаметжанның үшінші некедегі құмық қызы Әминадан туылған ұлы. Әмина сонау Петерборда бірге оқыған жолдасы, дағыстандық ақсүйектер әулетінен шыққан Даут Шейх-Әлидің қарындасы болған. Үйленген соң жылға жетпей ұсталып, Алматы түрмесінде жатқан Тынышпаев ұлы туғанда атын Дәулет қойыңдар, ал фамилиясы Шейх-Әли болсын дейді. Воронежге айдалған ерінің артынан омыраудағы баласын алып барған Әмина айдаудағы қиын-қыстау жылдарды күйеуімен бірге көріп, жанына жалау болған. Тынышпаев екінші рет ұсталып кеткен соң төркінін сағалап, Уфа қаласында тұрақтап қалып, қалған өмірін жалғыз ұлына арнап, өсіріп жеткізген. Дәулет Шейх-Әли-Тынышпаев әкесінің мұрасын жинастырып, кітап етіп шығарған. 

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!