Дәруменге бай жеміс пен көкөніс бағасының қолжетімді болуы қарапайым халық үшін маңызды дүние. Алайда мұндай тағамдық өнімдердің басым бөлігі сырттан тасымалданатын болған соң, базардағы баға жиі шарықтап, құбылып тұрады. Осы жағдайды ескерген Назарбаев мектебінің оқушылары «ақылды» жылыжай құрастырып, мәдени өсімдіктер өсіруді қолға алды.

Жоба авторлары Жұлдызай мен Тоғжанның айтуынша, жобаны құрастыруға жылға жуық уақыт жұмсалған. Өткен жылдың  қаңтар айында ұйымдастырылған информатрикс жарысына дайындалған олар бір ауыздан STEM технологиясы арқылы «ақылды» жылыжай жасауға шешім қабылдапты.

‒ Қазіргі таңда отандық нарыққа сырттан келетін көкөністердің көлемі күн санап артуда. zakon.kz порталының мәліметіне сүйенсек, ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында импортталған көкөністің саны 50%-ға артқан. Қаламыздағы «Жайна» сауда орталығындағы көкөністің басым бөлігі  Қытайдан әкелінеді. Сол себептен де қыс айында бір келі қиярдың бағасы 450 теңге болса, қызанақ бағасы 500 теңгеге дейін өседі. Ал «Айтбек» базарында қияр мен қызанақ Өзбекстан мемлекетінен тасымалданып, 550 теңгеге сатылады. “Ескі базар” сауда орталығындағы да жағдай осындай, қияр 1000 теңгеден, қызанақ 800 теңгеден сатылады. Біз тұтынушылардың қаржысы сыртқа жұмсалатынын көрген соң, жаңа жоба жайлы ойлана бастадық. Қаладағы желді әрі ыстық ауа-райы мәдени өсімдіктердің өз дәрежесінде өсуіне кері әсерін тигізеді. Осыны ескере келе жаңа инновациялық технологиялармен жабдықталған «Ақылды жылыжай» жасап, онда мәдени өсімдіктер өсіруді қолға алдық, ‒ дейді Жұлдызай Мұңайтпасова.

«Ақылды жылыжай»  дақылдарды өсіру процесін жеңілдетіп қана қоймай, қол еңбегін барынша азайтатын мүмкіндікке ие. Ол үшін ауылшаруашылық қондырғысына Arduino микроконтроллерінің UNO3 толық жинағы қолданылады екен. Ал температура және ылғалдылық көрсеткішін анықтау үшін DHT11 сенсоры,  топырақ ылғалдылығы мен жаңбыр, су деңгейін  анықтау үшін Water sensor датчигі, жылыжайды желдету мақсатында сервомоторлар, көрсеткіштерді көру мақсатында ITS дисплейі пайдаланылған.

‒ Су сенсорын Arduino-ға қосу арқылы су шығынының алдын алып,  жаңбыр мөлшерін анықтауға болады. Ал ауаны тазарту мақсатында терезені автоматты түрде ашатын сервомоторлар орнатылған. Сервомоторлар ‒ робототехникада, мехатронды және Arduino жобаларында жиі қолданылатын қозғалтқыштың бір түрі. Бөлме температурасын 25°C- тан 22-23°C-қа түсіру үшін терезелерді ашып, жылыжайды желдетуде осы құрылғы қолданылады, ‒ дейді Тоғжан Марат.

Айта кетейік, жылыжай құрылысы екі бөліктен тұрады. Оқушылар оның бір бөлігіне шалғам (редиска), екінші бөлігіне салат жапырағын  өсіріпті.  Аталған өсімдіктер адам ағзасындағы метаболизмді жақсартып, иммунитетті нығайтады екен.

‒ Үй жағдайында өсіруге ыңғайлы Алекс F1 шалғамының ресейлік сорты ‒  өте пайдалы, нәрлі көкөніс. Құрамында қыша майының көптігінен өткір дәм береді. Шалғам көктем мезгілінде адам ағзасы әлсіреп, дәрумендер жетіспеушілігі байқалған тұста аса қажет. Тамыр жемістің құрамы  В1, В2, В5 сияқты дәрумен­дерге және ниацин, калий, кальций, фосфор, натрий, темір мен магнийге бай. Шалғамның бір бөлігінің өзі адам ағзасындағы аскорбин қышқылының бір тәуліктік қажетін өтей алады. Ал салат жапырағының құрамында Р, С дәрумені және кальций, темір, йод, калий, мырыш, фосфор, мыс секілді минералды заттар бар. Сонымен қатар көп кездесе бермейтін лактуцинді де салат жапырағынан табуға болады. Ол жүйке жүйесін тынықтырып, ұйқыны жақсартады, ағзадағы тұз мөлшерін реттейді. Мектеп асханасын осындай пайдалы көкөніспен қамтамасыз ету үшін жылыжайға аталған өнімдерді таңдадық, ‒ дейді өнертапқыш оқушылар.

«Ақылды жылыжай» жобасының тағы бір ұтымды тұсы, өсімдіктерді қажетті кезде ғана суару үшін тамшылатып суару технологиясы таңдалған. Бұл технология топырақ эрозиясын азайтумен қатар, арам шөптердің өсуін тежеп, өсімдік ауруларының алдын-алуға көмектеседі. Тіпті мұндай жағдайда топырақты тегістету қажет болмаған соң шығын да азаяды екен. «Шалғам өсімдігін аптасына 2 рет, салат жапырағын 2-3 рет суарып отырған жөн», – дейді идея авторлары. Сондай-ақ оқушылар топырақ құнарын жақсартатын тыңайтқыштар дайындауды да назардан тыс қалдырмапты.

‒ Жылыжайға жаңа көңді салуға болмайды. Сондықтан біз жылыжайда өсетін өсімдіктер үшін биогумус ретінде органикалық заттарды қолданып,  жауынқұрттар көбейту арқылы топырақты құнарландырып, неғұрлым өсімдіктер үшін қолайлы жағдай жасадық. Сол үшін Қорқыт ата  атындағы Қызылорда университетінің ауыл шаруашылық ғылымдарының кандидаты Самалбек  Оразбайұлымен  бірге биогумус дайындадық. Соның нәтижиесінде еккен өнімдер жылдам өсуде, ‒ дейді Жұлдызай.

Жобаны жетілдіру барысында оқушылар жан-жақты ізденіп, энергия көзін күн паннельдерінен алуды жоспарлаған. Бұл отандық ресурстарды үнемдеуге және қуаттың баламалы көздеріне ауысуға мүмкіндік берері сөзсіз.  Айта кетейік, оқушылардың тың идеясын жүзеге асыруға биология пәнінің мұғалімі әрі жоба жетекшісі Райхан Тәжі, информатика пәнінің мұғалімдері және осы бағытта жұмыс жасайтын мектеп оқушылары көп көмектесіпті. 

‒ Жобаның кейбір функциялары карантин режиміне байланысты аяқталмады, сондықтан әлі де жаңа технологиялық құрылғыларды қосуды қажет етеді. Айталық, күн батқанда қараңғылықты анықтайтын және белгіленген уақытта жарықтың жанып-өшуін қамтамасыз ететін қозғалыс сенсорын орнату, температура белгіленген нормадан асып кеткен жағдайда светодиодтың жануы арқылы вентиляция жүйесін іске қосу жоспарымызда бар. Сондай-ақ қоршаған ауадағы көмір қышқыл газының концентрациясын дисперсиялық емес, инфрақызыл әдісімен анықтауға арналған СО2 газын анықтайтын датчик орнату жұмыстары жасалады. Алдағы уақытта мектеп жанынан  поликарбонат материалынан  тұратын «Ақылды жылыжай» құрылысын жүргізуді қолға алып, смартфон арқылы басқаруды іске қосамыз, ‒ дейді оқу озаттары.

Гүлдана ЖҰМАДИНОВА

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!