Адамзат тарихындағы қантөгістердің қай-қайсысы да жазықсыз халықтың қырылуымен, жеңіліс пен жеңіс таразыға түссе де, бүтіндей бірнеше ұлттың тағдырына тікелей әсер ететін жайттардың орын алуымен аяқталады. Тарих ғылымдарының докторы, профессор Қадыржан Әбуов Ұлы отан соғысына республиканың 6,5 млн халқының 1,2 млннан астамы, шамамен 20 %-ы майданға аттанғанын айтады. Соғыс майданға кеткендердің әрбір екіншісінің, яғни 600 мыңнан астам қазақстандықтың өмірін жалмады. Мыңдаған қазақстандық өзін ержүрек жауынгер ретінде көрсетіп, түрлі медальдармен марапатталды. Бірнеше жылға созылған соғыс жеңіспен аяқталып, Германия жеңілу туралы актіге қол қойған соң 9 мамыр – қазақстандықтар үшін атаулы мереке ретінде атап өтіліп келеді. Ал 1965 жылдан бастап демалыс күні ретінде бекітілді.

Соғыстан кейінгі 78 жыл ішінде ардагерлер саны жыл санап азайып келеді. Мәселен, өткен жылдың соңындағы ақпаратқа сүйенсек, олардың саны бар-жоғы 387 адамды құраған. Алайда ардагерлердің ерен ерлігін олардың жесірлері, тыл еңбеккерлері балалық шағы соғыс жылдарымен тұспа-тұс келген азаматтар мәңгілік есте сақтайды. Осы жылдың 1 сәуіріндегі статистика ардагерлер санының сол қалпында екенін байқатып отыр. «Былтыр Қазақстанда 665 ардагер болған» деді министрлік өкілдері. Сонымен қатар Ұлы Отан соғысында жеңіске жетуге үлес қосқан 72 468 азамат бар. Оның ішінде қоршаудағы Ленинград тұрғынының саны – 91, концлагерьлердің бұрынғы кәмелетке толмаған тұтқыны – 205, қайтыс болған ҰОС мүгедектерінің әйелі мен күйеуі – 2 918, ҰОС кезінде қаза тапқандардың жесірлері – 6, тылда еңбек еткендер – 69 248.
Биыл Ұлы Отан соғысына – 78 жыл. Осыған орай Сыр өңірінен шыққан Ұлы Отан соғысының 6 ардагеріне мемлекет тарапынан 1,5 млн теңге көлемінде бірретік жәрдемақы берілмек. Бұған қоса, тылда еңбек еткен екі мыңнан аса азамат пен оларға теңестірілген жандарға 138 мың теңге көлемінде қаржы төленеді. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ғабит Жаңабаев хабарлады.
– Жыл сайын Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне барынша әлеуметтік қолдау шаралары жүргізілуде. Биыл да бұл үрдістен жаңылмай өңірімізден шыққан батыр ардагерлерімізді құрметтеу шаралары ұйымдастырылады. Қазіргі таңда аймағымызда 6 Ұлы Отан соғысының ардагері мен оларға теңестірілген 4177 азамат бар. Оларға мемлекет тарапынан ай сайын орта есеппен 178 мың теңге зейнетақы және 55 200 теңге арнаулы жәрдемақы төленуде. Ал соғыс жылдарында қажырлы еңбегі мен мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы Кеңестік Социалистік Республикалар Одағы ордендерімен және медальдарымен марапатталған 10 ардагерге 207 мың теңге көлемінде қаржылай жәрдемақы беріледі. Сонымен қатар мамыр айының 6-10 аралығында ардагерлерге арналған қайырымдылық акциясын ұйымдастыратын боламыз, – деді басқарма басшысы.
Айта кетейік, 5 мамыр күні Н.Бекежанов атындағы Қызылорда облыстық қазақ академиялық музыкалық драма театрында Ұлы Жеңістің – 78 жылдығына арналған салтанатты шара өтті. Ал 9 мамыр күні қаладағы «Мәңгілік алау» мемориалына салтанатты түрде гүл шоқтарын қою рәсімі өткізіледі.

Аделина МӘДЕЛХАНҚЫЗЫ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!