Атам Балтақожа Нақыповтың тәрбиесін алдым. Ол өте шыншыл, батыл, ержүрек, еңбекқор, өнерлі жан болатын. Үнемі ақылын айтып отырады. Сосын ел-жұрт десе жанын беруге даяр тұратын. Оның тәлімімен осындай азамат болып өскенімді мақтан тұтамын. Атамның салмақты тәлімі мен тәрбиесі мені осы биікке жеткізді.

Атам Балтақожа екінші дүниежүзілік соғыста жаяу әскер құрамында бір түнде бес мемлекеттің шекарасын жүріп өткенін айтып отыратын. Оның майдан даласында жасаған ерліктері жетерлік. 1920 жылы Шиелі ауданының Жөлек елді мекенінде дүниеге келген. Халық қазан төңкерісінен кейін сеңдей соқтығысып жатқан кезде Хан ауылындағы (қазіргі Қоғалыкөл) туысқандарына келеді. 1932 жылы аштық басталғанда әке-шешеден айырылып, інісі екеуі балалар үйіне қабылданады. Інісі қайтыс болғанда атам 17 жаста, қайта Октябрь ауылына (қазіргі Қоғалыкөл) келеді. Майдан даласына осы жақтан аттанды. Соғысты ІІІ Украина майданынан бастап, Кишинев қаласын, Югославия, Албания, Польша, Чехославакияны азат етуге қатысқан. Соғыста көрсеткен ерлігі үшін «За отвагу», «Кишиневті азат еткені үшін», «Венгрияны азат еткені үшін» медальдарымен, «Қызыл жұлдыз» орденімен, Гвардиялық төсбелгімен марапатталған. Атам 1945 жылы 25 сәуірде жарақаттанып, елге оралған.
Бірде майдан даласында атам немістердің концлагеріне түсіп қалады. Ол тұтқында болғанда фашистер Гитлердің туған күніне байланысты күрес ұйымдастырады. Сонда атам барлық қарсыласын жеңіп, финалға неміс офицерімен шығады. Оны да қазақша күрестің әдіс-тәсілдеріне салып, жерге алып ұрады. Бөтен елде, тіпті, тұтқында жүрсе де ешкімнен басын бұғып, жау алдында тізесін бүкпеген. Сөйтіп жүргенде оларды Қызыл әскер құтқарып алады. Жау тылында болғанды Сталиннің бұйрығымен сатқын деп танып, барлығын ата бастайды. Атам тілін кәлимаға келтіріп, Құдайға жалбарынады. Өйткені, олар ешқандай да сатқын емес еді. Бар болғаны жау қолына түсіп қалған. «Бір уақытта ақ боз атты офицер келіп, «Тоқтатыңдар!» деген бұйрық берді. Әлгілер мені босатып, форма кигізіп, әскер қатарына қосты. Ол – қазақтың халық батыры Бауыржан Момышұлы болатын» деп атам сол сәтті көп еске алатын. «Өмірге екі рет келдім» дейтін ол жымиып. Біріншісі жарық өмірге қадам басқаны болса, екіншісі, Бауыржан Момышұлыны құтқарған сәті.
Атам елге келген соң да еңбек етті. Ауыл шаруашылығын көтеруге ат салысты. Соғыстан кейінгі елдің жай-күйі белгілі. «Барлығы майдан үшін! Барлығы жеңіс үшін!» деген ұранмен қолда барды майдан даласына жөнелтіп отырды ғой. Елде не қалды, елде кім қалды?! Кәрі құртаңдар мен қатын-қалаш, бала-шаға. Қолға ілінгендер майданға кетті, келгендері жараланып келді. Тірлікке жарағандары ауыл шаруашылығы саласына білек сыбана кірісті. Атам елге келген соң жер өлшеуші болып еңбек етті. Оның бойындағы еңбекқорлығы, адалдығы қашанда көрініп тұратын. Біз сол қасиеттерді бойымызға сіңіруге тырыстық. Ол да рухымыздың асқақ болғанын қалап, «Алпамыс батыр», «Қобыланды батыр» тәрізді батырлар жырын оқып беретін. Оның әңгімелерінен құйқа шымырлап, бір алапат сезім, Отанға деген адалдық, елге деген жанашырлық бойымды билеп тұратын. Атам осы қасиеттерімен өмірлік ұстаз атанды.
Жақсының аты өлмейді. Ел арасында «Баланың басы – Балтақожа» деген сөз қалған. Оның да өз тарихы бар. Елдегі ұйымдастырушылық істе атам жастарды жанына ертіп алып, олардың басын біріктіріп, темірдей тәртіппен, әскери әдіспен елдің игілігіне қажетті әрбір іске кірісіп кете беретін болған. Сонда үлкендер жағы атамның тірлігіне риза болып, айтып кеткен екен.
Атамның әділдігі хақында көптеген оқиғалар бар. Соның бірі ретінде айта кетейін, ауыл сыртынан отын алып жүреді ғой. Отын болғанда сексеуіл алады. Оның үстінен түскен «Охотсоюз» мамандары әкіреңдеп, ұрыса бастайды. Атам сонда «Төрт жыл соғыста өлмей аман келіп, бейбіт күнде аязға үсіп өлер жағдай жоқ» деп кесіп айтқан екен. Сөзге тоқтаған қазақ ол кезде де екі қолын көтеріп қалыпты.
Өнерге де өзгеше көзқарасы болды. Баянмен ән шырқайтын. Біз сол әнді тыңдап өстік. Иә, осындай атаның тәлімін алып, 1986 жылы болған желтоқсан оқиғасында «Қазақты қазақ басқарсын» деген жастардың қатарында болған асыл анам Жадыра Байжанова берген бағытымен мен де елімді сүйіп, ұлтыма қызмет етуге барынша ат салысып келемін. Ал жыл сайын Жеңіс мерекесінде ауылдағы Тағзым алаңында балаларымызды ертіп алып, атамызға құрмет көрсетуге барамыз. Санамызға атамыз сіңірген тәлімді тәрбиені балаларымызға беру – біздің аға буын алдындағы парызымыз. Ұрпақтар сабақтастығының мәні де осында жатса керек.

Айдос НАХИПОВ,
№44 орта мектеп мұғалімі,
Сырдария ауданы

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!