Жаңақорған аудандық тарихи-өлкетану мұражайы халқымыздың сан ғасырлық асыл мұрасы, мәдениеті мен тұрмыс тіршілігі туралы сыр шертеді. Тағылымы терең халқымыздың азап шеккен кезеңдері, олардың қолданған заттары біздің өткен өміріміздің көрінісі.

Ұлттың бойындағы сан ғасырлар жинақталған рух пен мұраттың ұлы бұлқынысы болған Алаш қозғалысы ел тағдырына қатысты барша идеяны өзіне өзек еткені бүгінде көбімізге белгілі. Құдайға тәуба, Алаш қайраткерлері күресінің тағылымы да, Алаш қаламгерлерінің мұрасы да жылдан жылға қазақтың рухани-мәдени өміріне еніп, «Алаш» сөзі аяулы ұғым, қасиетті түсінік ретінде қоғамымызда асқақтатыла айтылып келеді. Күнделікті теледидар, радио, газеттерден «Алаш» сөзінің айрықша мән беріліп айтылғанына, жазылғанына куә болудамыз. Яғни, Алланың қалауымен қазақ баласының жаны мен жүрегіне, ойы мен пікіріне, санасы мен сезіміне бұл ұғым уақыт өткен сайын бойлай түсуде. Алаш зиялыларының саяси және рухани күресіндегі негізгі мақсат, орасан міндет, ол ұлтымызды ұйыстыру, сол арқылы елдігімізді айқындау десек, осындай ұланғайыр сауапты істің аясында ана тілімізді сақтау мәселесі тұрды.

Алаш қайраткерлерінің қай-қайсы да тілдің саяси, қоғамдық һәм рухани үлкен күш, ұлтты біріктіруші қуатты құбылыс екенін жақсы сезінді. Сондықтан да Алаш сияқты аса ірі қозғалыстың рухани тінінде қазақ тілі мәселесі ерекше орынға ие болды. Осы тұрғыдан келгенде, А.Байтұрсыновтың тіл саласындағы еңбектері, кейінірек жазылған Халел Досмұхамедұлының, Телжан Шонанұлының, Елдес Омарұлының еңбектері алдымен оқытуға, білім беруге арналған дүниелер болатын. Айталық, Ахмет Байтұрсынұлының «Оқу құралы», «Тіл құралы», Телжан Шонанұлының, Елдес Омарұлының оқу-әдістемелік мақалалары осыны аңғартады. Әсіресе, тіліміздің жазу үлгісі, емлесінің қалыптасуындағы Алаш зиялыларының орны алабөтен. Алаш оқымыстыларының қазақ тіл білімі тарихындағы орнын 1924 жылы Орынбор қаласында өткен қазақ білімпаздарының тұңғыш съезі де байқатты.

Осы алқалы, тарихи жағынан маңызды ғылыми жиындағы А.Байтұрсынұлы, Е.Омарұлы, Н.Төреқұлұлының баяндамалары, Т.Шонанұлы, М.Дулатов, Х.Досмұхамедұлы, М.Тұрғанбайұлы, М.Саматұлының сөйлеген сөздері, ой-пікірлері тілтану ғылымының күрделі мәселелерін шешуде алаштықтардың қаншалықты үлкен еңбек сіңіргендіктерін, қаншалықты эрудициясы мен инстуициясы бай тұлғалар екендіктерін айғақтады.

Бұған қоса Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынұлы мақалаларынан басталып, «Әдебиет танытқышқа», «Әдебиет тарихына» ұласқан әдебиеттану ғылымының қалыптасуы да Алаш қаламгерлерінің жазба әдебиетімізді дамытқанын, ғылыми-эстетикалық тілдің де негізін қалағандығын дәлелдеді. Қалам ұстаған Алаш азаматтарының әдеби тілімізге жасаған осы тарихи еңбегі қазақ тілінің кейінгі өрістеу жолдарын айқындаған өнегелі, өміршең дәстүр болды. Жазба әдебиетіміздің тарихындағы алаштық кезеңді зерттеуде қазақ лексикасының зор мүмкіндіктерін айқындайтын мысалдар жеткілікті.

Сөз қолдану, ұғымды беру, тың сөз тіркестерін жасау, бейнелілік тудыру, тілдің стильдік мүмкіндіктерін ашу, құбылысты суреттеу – олардың ұлттық ойлау биігіне жеткендігін, сондай-ақ Шығыс пен Батыстың рухани игіліктерін ізденгіштікпен зерделегенін байқатады. Ұлт тарихындағы қандай да бір оқиға орын алуы ұлттың өзінің тарихи эволюциясынан өрістемек. Алаш қозғалысы сияқты аса ірі саяси, рухани құбылыстың басталуы, әлбетте, ең алдымен қазақ халқының сол тұстағы тарихи қажеттілігі тудырған қисынды құбылыс. Ресей отаршылдығының езгісі Алаш қозғалысына дейін қазақ даласында ғасырдан астам уақыт жүргізілген. Бірақ Алаш қозғалысы сипатындағы құбылыстың тууы тек ХХ ғасырдың басында ғана мүмкін болды. Себебі, дәл осы кезеңде ұлт тарихының тұлғалар шоғыры қалыптасты. Кеңестік билік жергілікті тұрғындардың ұлттық ерекшеліктері мен мүдделерін қорғаушыларға, ұлттық автономия құру идеясын қолдаушыларға «тап жаулары», «ұлтшылдар», «жат пікірдегілер», «әлеуметтік қауіпті элементтер» деген жала жауып, халықтың да оларға деген теріс көзқарастарын қалыптастыруға жағдай жасады. Саяси қуғын-сүргін Қазақстанда 1928 жылдың ортасында Алаш қозғалысына қатысқан қайраткерлерді тұтқындаудан басталды.

Оларға «буржуазияшыл-ұлтшыл» деген айып тағылды. Олар әртүрлі мерзімге түрмеге қамалды, ату жазасына кесілді, еріксіз жер аударылды. Ұлт қайраткерлеріне негізінен «КСРО-ны құлату үшін жасырын контрреволюциялық ұйымдар құрды» деген заңсыз жала жабылды. Сонымен қатар дін өкілдерін «басқаша, бөтен ойлайтындар» деп айыптады. Кеңес Одағын тұтастай қамтыған 1937-1938 жылдары саяси қуғын-сүргін Жаңақорған ауданы тұрғындарын да айналып өткен жоқ. 1930-1950 жылдары қуғын сүргінге ұшырап, жазықсыз атылып кетті. Жаңақорған тарихи-өлкетану музейінде Қазақ елінде болған түрлі кезеңдерді саралап, жас буынға сол кезеңдегі ерлерді мадақтап жүрсін, білсін, көрсін деп мұра қып сақтап келеді.

Бұл мұражайда өткен ғасырдың «көзі» жетерлік. ХХ ғасырдың 20 жылдары қолдан жасалған ашаршылық, халқымыздың тарихында (ақтаңдақ) атанған 1937 жылдың оқиғалары 50 жыл өткен соң ғана анықтала басталды. Жазықсыз жапа шеккендердің (атылғандар), қуғынға ұшырағандар, партия қайраткерлері С.Қожанов, С.Сапарбеков, дипломат Нәзір Төреқұлов халық комиссары Б.Аралбаев, қарапайым еңбек адамдары да болғаны жөнінде материалдар, елін асаршылықтан қорғаған Ақылбай қарттың бесатар мылтығы, қақпаны экспозициядан орын алған. Алаш зиялылары «Шықсақ бір төбеде, өлсек бір шұңқырда болайық» деді және өмірлерінің соңдарына дейін осы сөздерінен таймады. Алаш Орда партиясы мен үкіметі таратылып, қайраткерлері қуғынға ұшырағаннан кейін олар күрестің басқа түрін таңдады. Ол халықты ағартушылық жолмен көзін ашып, күрес жолын бастап еді. Алаш зиялыларының саяси және рухани күресіндегі негізгі мақсат, орасан міндет, ол ұлтымызды ұйыстыру, сол арқылы елдігімізді айқындау десек, онда осындай ұланғайыр сауапты істің аясында ана тілімізді қорғау бізге де басты мақсат болып қала бермек.

Айшат СЕЙДАХМЕТ,
№167 орта мектептің
10-сынып оқушысы

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!