Осыдан 42 жыл бұрын басталып, 110 ай бойы жалғасқан Ауған соғысын тарихтан оқып білгенмен, саяси астарын жіті түсінбегеніміз рас. Бұл жағдайды КСРО басшылығы мен Ауғанстан арасындағы саяси ойын десек те, соғыста қазақтардың да жан беруі, елге оралмай, із-түссіз жоғалуы, шынында да, көкейге сауал ұялатады.
Биыл Ауғанстаннан Кеңес әскерінің шығарылғанына ‒ 32 жыл. Арада қанша уақыт өтсе де, жыл айналып еске түсетін соғыстың, оған себепші мемлекеттер арасындағы шиеліністің неден туындағанын тарқата айтуды жөн көрдік.
Тарихи оқиға 1978 жылдың сәуір айында Н.Тараки бастаған коммунистердің Ауғанстан билігін төңкеріс жасау арқылы басып алған сәтінен басталған. Алайда халықты күшпен көндіруге тырысқан коммунистердің бұл әрекеті әрі олар ұсынған реформалар елдің наразылығын тудырды. Нәтижесінде билік пен халық арасындағы қарулы текетірес күн сайын шиеленісіп, 1979 жылдың соңына қарай Ауғанстанда ірі көлемді әскери ұрыс-қимылдары ұйымдастырыла бастады. Елдің 26 провинциясының 18-інде қарулы қақтығыс тіркеліп, күн өткен сайын күрделене түскен жағдайдың бәрі АДР басшыларын бірнеше рет Кеңес Одағынан әскери көмек сұрауға итермеледі. «Ауғанстанның заңды үкіметінің» өтінішін ескере отырып әрі БҰҰ Жарғысының мемлекеттердің өзін-өзі қорғау құқығы туралы 51-бабын алға тартқан КСРО Ауғанстанға қарулы күшін кіргізуге келіседі. Осылайша Түркістан әскери округінен (ТүрӘО) Ауғанстанға кіретін 40-армия құрылып, оған қолбасшылыққа генерал-лейтенант Ю.Тухаринов тағайындалады.
1980 жылы қаңтар айында елдің маңызды аудандарына орналасқан 40-армия ауғандық армиямен бірлесіп, әкімшілік орталықтарды, әуежайларды және Хайратон-Кабул, Кушка-Герат-Кандагар, Кабул-Жалалабад, Пули-Хумри-Құндыз-Файзабад автомагистралдарын қарауылдай бастаса, 21 провинция мен тоғыз әуежайды (Кабул, Баграм, Шинданд, Кандагар, Құндыз, Жалалабад, Гардез, Герат, Файзабад) Кеңес әскерлері бақылауға алған. Кеңес әскерлерінің ең алғашқы соғыс қимылы 1979 жылы 27 желтоқсанда Х.Әминнің көзін жоятын «Дауыл-333» жауын-герлік операциядан басталып, 1989 жылы қаңтардағы «Тайфун» операциясымен аяқталған. Айта кетейік, 40-армия Ауғанстанда ірі көлемде «Дауыл-333», «Кунар», «Паншер», «Құндыз», «Магистраль», «Удар», «Тайфун» және т.б. операциялар жүргізген.
Осы жылдарды Ауған соғысының ардагері, «Ауған соғысы ардагерлері ұйымы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Қайраддин Баймаханов былай деп еске алады. 1979 жылы әскерге аттанған Қайраддин аға мекенжайы Ташкент қаласы деп көрсетілгенмен, ауған жеріне баратынын өзі де, жақындары да білмеген.
– Менен Ауған соғысы жайлы сұрайтындар көп. Жауабы қиын. Бұл – бір елдің ішкі жұмысына араласып, содан туындаған соғыс. Біз тек сол кезгі сенім, бір ғана Отан, Совет үкіметі алдындағы борышымызды өтедік. Бәріне куә болдық, қатыстық, талай маңдайы жарқыраған жігіттер қыршынынан қиылды… Мен онда әскери жүк көлігін айдадым. Алдыңғы шепте жүрдік. Әскерде сондай арнайы жасақ бөлімі болады. Алдында жүріп, жаудың бар-жоғын анықтап, артыңдағы қалың солдатқа, негізгі күшке жол ашасың. Осы бөлімде қызмет еткен жылдарым әлі есте. Өте қауіпті сапар, тау мен тас арасы, әр қуыста бір қатер тұрғандай көрінетін кездер. Мысалы, алдыңнан көпір шықты дейік. Негізгі күш келмей тұрып, біз оны қоршап алып, әскери зерттеу жүргіземіз. Жарылғыш бар ма, жоқ па?! Болмаса, жау тарапынан қандай да бір қастық қылып, сол маңайдан оқ боратуы мүмкін. Өйткені көпір жанынан өткенде барлық әскер жинақтала өтетіні белгілі. Тұтқиылдан шабуыл болдырмау үшін жан-жақтың барлығын терең зерттейтініміз де сол, – дейді ардагер.
1988 жылы 14 сәуірде АДР-дағы жағдайды саяси реттеу туралы Женева келісіміне КСРО, АҚШ, Ауғанстан мен Пәкістан мемлекеттері қол қойған. Кеңес Одағы өз әскерін 9 ай мерзімінде алып шығуға, ал Құрама Штаттар мен Пәкістан қарулы топты қолдауды тоқтатуға келіскен. Женева келісімінде белгіленгендей, 1989 жылы 15 ақпанда Ауғанстаннан соңғы Кеңес әскерлері шығарылды.
Айта кетейік, қарулы қақтығысқа толы он жыл ішінде Ауғанстан жерінде КСРО-ның 620 мың азаматы әскери қызметін өтеген. Ал Қазақстан жерінен қанқұйлы соғысқа 22 мың адам қатысқан.
Гүлдана ЖҰМАДИНОВА
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!