Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық Құрылтай отырысында кітап мәселесіне ерекше мән бергені мәлім. Расымен, кітап күллі дара қасиеттерді адам бойына жия алатын «тілсіз» құрал. Көзі ашық, көкірегі ояу азамат болу үшін кітаптан алған білімнен асқан күш жоқ. Осы орайда шалғайда тұратын бүлдіршіндердің таным көкжиегін кеңейту мақсатында «Ауыл кітапханаларына 100 кітап» акциясы қолға алынды.
Президент өз сөзінде: «Шын мәнінде, кітап оқитын ел зиялы ұлтқа айналады. Біз жас ұрпақтың кітапқа құштарлығын оятуымыз керек» деген болатын.
Бастау алған акция аясында шалғайдағы жасөспірімдердің кітапқа деген қызығушылығы артады деп сенім артқан Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Абай Құнанбайұлының ауылы Қарауылға және Қаныш Сәтбаевтың ауылы Баянауылға және өз туған ауылына әлем және қазақ әдебиетінің үздік шығармаларын, танымдық ағартушылық әдебиеттерді сыйлап, өзге де әріптестерін акцияны қолдауға шақырды.
«Ауыл кітапханаларына 100 кітап» акциясы Қызылорда облысында да бастау алды. 11 шілде күні Ә.Тәжібаев атындағы облыстық-әмбебап ғылыми кітапханасында мемлекет тарапынан келген кітаптарды табыстау рәсімі өтіп, Арал, Қазалы жіне Шиелі аудандарынының шалғайдағы елді-мекен кітапханаларына кітап табысталды. Шараға облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Мира Қазбекова қатысып, бастау алған акция оқырмандардың игілігіне жарайды деп сенім білдірді.
– Ұлттық Құрылтайда берілген Президент пәрмені толық орындалып, 23 сәуір Үкімет қаулысымен Ұлттық кітап күні болып бекітілді. Әрине, бұл оқырман қауым үшін өте жағымды жаңалық. Заманымыздың заңғар жазушысы Әбіш Кекілбайұлы айтқандай, адамды адам еткен кітап мерекесі, адамзат еткен кітапхана мерекесі, сонымен бірге, дүниенің ақиқаты сыйған кітапты ғұмырының бір бөлшегіне айналдырған оқырман мерекесі ғибратты әрі мәртебелі болғай!
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан Арал ауданындағы Құланды ауылдық кітапханасына, Шиелі ауданындағы Сұлутөбе ауылдық кітапханасына және Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің басшысы Айбек Дәдебайдың атынан Қазалы аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне 100 кітаптан 300 кітап табысталды.
Бұған дейін Н.Ілиясов ауылдық кітапханасына Президент атынан 100 кітап табысталды, – дейді облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Мира Қазбекова.
Одан бөлек, кітапхананың тұрақты оқырманы Абайбек Жүнісов сөз сөйлеп, жас ұрпақты кітап оқуға дағдыландыру маңызды екендігін айтты.
– Мемлекет басшысының тікелей бастамасымен қолға алынған акцияның қатысушысы болғанымызға қуаныштымын! Әрине, кітап туралы көп дүние айтуға болады. Өскелең ұрпақты кітап оқуға үйрету – ұлттық идеологиямыздың негізгі тармағы. Жалпы, кітап – адамның сауатын ашып, кез келген жанға ұстаз секілді үйретуден жалықпайтын құрал. Акция сәтті болып, ауылдағы бүлдіршіндерге септігін тигізсін, – деді Абайбек Жүнісов.
Сондай-ақ оның айтуынша, АҚШ-та өзі куә болған «Көше кітапханасы» жобасын тілге тиек етті. Әркім өзінің оқыған кітабын арнайы жәшікке әкеліп салады, осының арқасында өзге де адамдар кітаптың игілігін көреді. Бұл да бір халыққа кітаптың пайдасы мен құндылығын дәріптеудің тәсілі.
Қорлан САРЫ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!