Қазақ болмысы ерлікке жақын. Бойында өрлік пен намыс, батырлық пен табандылық ұштасқан аталар қаншама ғасыр ел-жердің амандығын сақтап, арманды орындады. Оны кескілескен қақтығыстар, тарихи оқи­ғалардағы ерлік әңгімелерден жақсы білеміз. Бүгінгі буын да ата жолын жалғап, өміршең үрдісті бұзбай келе­ді. Қатардағы жауынгерлер Отан алдындағы міндетті, халық алдындағы қызметті терең түсініп, күн-түн күзет үстінде.
Отан қорғаушы! Қасиетті де құдіретті ұғым. Қаншама азаматтың Отан алдындағы борышын өтеп, қорған болуға қадам басуына осы мерейлі сөз әсер еткені белігілі. Бүгінге дейін атамекенді қорғауды борышқа балап, ұлтты сүюдің үлгісіне айналған ерлердің есімі жадымызда сақталуына қасиетті ұғым әсер етті. Себебі, әр адам үшін кіндік қаны тамып туып өскен жерінен – Отанынан қымбат жер жоқ. Шетелде болса да шаң басқан, қаңбағы желмен қаңғырған туған жерін сағынасың. Туған жерді қадірлеу қанда бар құндылыққа айналуына да Отан ұғымының асқақтығы себеп болғандай.
Байтақ жер, қойнау толған қазына – халық мирасы. Сонау ғұн, сақ заманынан бері ата-бабаларымыз сүйем жер үшін сүегін беріп, жан алысып, жан берісті. Бүгінде төгілген қан, қажыр-қай­раттың арқасында ұланғайыр жерге иеміз. Осы жерімізді қор­ғап, қызғыштай қорып, байлығын игеріп, халық қажетіне жарату қазіргі буынның еншісінде.
Ұлтты сүю ұлтшылдық емес, ұлтжандылық. Сондықтан біз ең басты туған жерді көркейту үшін жан аямай еңбек етуге, еліміздің рәміздеріне құрметпен қарауға, басқа ұлттарға салт-дәстүрімізді өнеге етуге тиіспіз. Қазақ өркениетінде ел қорғау Отансүйгіштік қасиетті міндеттердің бірі саналғаны белгілі.
Отан қорғаушы – еліміздің қорғаныс қабілетінің кемелденгенін, әскери күштері деңгейін айғақтайтын азамат. Ұлттық-патриоттық рухты көтеруге, мінезді ата-бабамыздың жауынгерлік дәстүрінің жандандыру да аталған азаматтардың қолында.
Бүгінде Қазақстан әскери әлеуеті жыл санап жаңа белес­ке көтерілуде. Техникалық база жанданып, әскери ұрыс қимылда­рының озық модельдері қолданысқа енді. Мемлекет аралық оқу-жаттығу мен БҰҰ-ның бітімгерлік миссиясында жиған тәжірибе бір төбе. Оған қоса Отан қорғаушыларды әлеуметтік қолдау ісі де жанданып келеді. Мемлекеттік бағдарлама шеңберінде әскери қызметкерлерің жалақысы, баспана мәселесі біршама шешім тапты. Яғни, барлық жағдай жасалған. Сондықтан өскелең ұрпақтың әскери борыш өтеуге ұмтылып, Отан ұғымының кемелден түсуіне кедергі жоқ.


Мадина ҒАЛЫМҚЫЗЫ,

Қалтай Мұхамеджанов атындағы №1 мектеп-гимназияның 11-сынып оқушысы

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!