Арқадан атқа қонған жүзге жуық шабандоз қара жерді қайыстыра Түркістанға таяп келеді. «Amanat» партиясының қолдауымен тұңғыш рет ұйымдастырылған «Ұлы Дала жорығы» атты республикалық марафон-бәйгесінің мәреге жетуіне сәл қалды. Әйтсе де топырақты төңкере шапқан тарлан жануарлар әлі де бабында. Ал ертең − шын жүйрікке бәйге бұйырып, аты озған аймақ бөрігін көкке лақтыратын күн.

Еліміздің киелі жерлерін аралап, елордадан Түркістанға дейінгі 1200 шақырым қашықтықты басып өтуді мақсат еткен дүбірлі жорыққа әр өңірден бір команда қатысуда. Марафон 100 шақырымдық 12 сатыға бөлінген.
Шабандоздарға қойылған талапқа сай жорықтың жүлдесі де қомақты. Түркістан қаласына дейін ең қысқа уақыт ішінде жеткен команда мүшелері бас жүлде – «Ұлы дала сарбазы» атағы мен 30 млн теңге көлеміндегі жүлдені қанжығасына байлайды. Ал мәре сызығына ІІ және ІІІ жеткен мықтылар 20 млн теңге және 15 млн теңге қаржылай жүлденің иесі атанады деп күтілуде.
«Ұлы дала жорығы» түгел түркі халқы үшін қасиетті саналатын Түркістанда мәреге жетеді. Бұл шешімді Түркістан облысына жұмыс сапарымен барған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдеді.
− Жақында Астанадан бастау алған «Ұлы дала жорығы» санаулы күннен соң Түркістанда мәресіне жетеді. Мұның зор символдық мәні бар. Осы өңірде халқымыздың салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы барынша сақталған. Бір сөзбен айтқанда, Түркістан – халқымыздың қаймағы бұзылмаған қасиетті мекені, – деді Мемлекет басшысы.
Ал жоба авторы Бақытжан Тұрлыбеков алдағы уақытта «Ұлы Дала жорығының» ұлттық брендке айналатынын атап өтті:
– 12 күндік аламан жарыс ат спортына дүмпу беріп, ұлттық спортқа жастардың қызығушылығын оятты. Қазір бәрі қазақ аттарына соғым ретінде қарауға көшкен. Біз оның кереғар пікір екенін және қазақ аттарының 1200 шақырымдық жолды еңсере алатынын дәлелдегіміз келеді. Кезінде батырлар Атырау мен Алтайдың арасын қорғады емес пе? «Ұлы Дала жорығы» шабандоздары сол бабалар ізімен жүріп, тарихымызды қайта түлетті. Әр елдің брендіне айналған дүниелер бар. Мысалы, Грекияда спартандықтар, Италияда легиондар, тағысын тағы. Бұл бәйге қазақ халқының брендіне айнала­ды деп ойлай­мын, – дейді.
Қиын кезеңдерді, әсіресе Бетпақда­ланың шөлді жазығын басып өту шеберлігін асырған шабандоз­ға да, жүйріктігін байқатқан тұлпарға да оңайға соққан жоқ. Тіпті, ұзақ жолға шыдас бермеген Алматы командасы жарыс жолынан шығып қалды. Бұл жағдайды «Ұлы Дала Жорығы» марафон-бәйгесінің төрешісі Жанбатыр Бекмұсаев келесідей түсіндірді.
− 800 шақырым қашықтықта Алматы қаласы 3 атпен жарыстан шығып қалды. Себебі атының жай-күйі келіспеген. Ауысып мінуге әкелген қара аты әлсіздеу еді, жарысқа жарамай қалды. Регламентте жазылғандай, екі шабандоз қалса команда жарыс жолынан шығады. Дегенмен екі шабандоз жеке дара мәреге жетуге тәуекел етіп отыр. Ал аттардың жарыстан шығып қалуының бір себебі – жаңа жерге жерсінбей, бейімделе алмауы. Маңғыстау облысының аттары ыстықтан салқынға, салқыннан ыстыққа бара жатыр. Бейімделіп үлгерген жоқ. Жергілікті ауа райына байланысты салқын өңірден келген аттар 600 шақырымға жетпей шығып қалды», − деді ол.
Айта кетейік, жарыстың сегізінші күнінде шабандоздар Сырға ат басын тіреп, аялдаған болатын. Алыстан арғымағы оза шауып, үздік бестікте келген қызылордалықтар шашасына шаң жұқтырмаған жүйріктерді киіз үй тігіп, ас-суымен қарсы алды. Жергілікті өнерпаздар дала төсінде ән салып, жырдан шашу шашты. Барша қазақтың басын қосқан дүбірлі дода ашық аспан астында қазақтың байырғы дәуірін еске түсірді. Облыстық мәдениет және спорт басқармасы басшысының орынбасары Асылжан Жаманқұл Арқадан бастау алған бәйге марафонына қатысушыларға сәт-сапар тіледі.
– «Ұлы Дала жорығы» – қазақ халқының салт-дәстүрін жаңғыртатын, рухын көтеретін, еліміздің тарихын зерделеп, жаңа туристік маршрут­тар қалыптасты­ратын тың жоба. Тарихта ең ұзақ қашық­тыққа созылған 1200 шақырымдық республикалық марафон-бәйгеге еліміздің түпкір-түп­кірінен 20 коман­да, 100 шабан­доз және 200 сәйгүлік қатысуда. Аламанға қатысушылар күніне 100 шақырыммен Қарағанды, Ұлытау облыстарын артта қалдырып, Алаштың анасы – Сыр еліне келді. Алдағы жарыста барлық шабандозға сәттілік тілеймін, – деді ол.
Марафон-бәйгенің тоғызыншы күнінің қорытындысы бойынша алғашқы үздік үштіктің қатарында Ақтөбе командасы 77 сағат 21 минутта белгіленген межені жүріп өтті. Қатарынан оза шапқан Маңғыстау шабандоздары 77 сағат 31 минутта мәреге екінші болып жетті. Ал Жетісу облысының командасы 79 сағат 52 минутта үшінші болып келді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, қазір жарыс сапында 8 команда, 25 жүйрік келе жатыр. Бір ескеретін жайт, шабандоздар Жошы хан басына аялдау үшін межелі кезеңде 75 шақырым жүріп өткендіктен қысқарған жол есебін Созақ жерінде 120 шақы­рымға жол ұзартты.

Гүлдана ЖҰМАДИН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!