Нұр-Сұлтан қаласы, Достық үйінде онлайн форматта ҚХА Аналар кеңесі мен «Қарашаңырақ» РҚБ ұйымдастыруымен және «Алтын қыран» халықаралық қайырымдылық қорының президенті И.Салжановтың демеушілігімен «Ана әлдиі» республикалық байқауының марапаттау рәсімі өтті.
Мақсат – бесік жыры арқылы ұлттық тәрбие негіздерін, мәдени құндылықтарды насихаттау, ұлттың салт-дәстүрін дәріптеу, жас ақындар мен сазгердің ұлттық нақыштағы шығармашылық ортасын қалыптастыруға ықпал ету. Бағалау критерийлері бойынша бейнероликтің тәрбиелік, дамытушылық мәніне, орындалу шеберлігіне, эмоционалдық қабылдануына және мәтіннің мағыналы болуына баса назар аударылған. Байқау өткізу арқылы қазақтың көне бесік жырын, қазіргі нақышқа сай мағыналы және жеңіл етіп, жаңа форматта халыққа жеткізуге барынша атсалысқан, «Ана әлдиі» республикалық байқауына қатысушылардың материалдары өңірлерде іріктеліп, республикалық байқауға жіберілген болатын. Аймақтардағы байқау жұмыстарын бағалау және жеңімпаздарды анықтау үшін педагог, ақын және сазгерден жасақталған қазылар алқасы құрылып, байқау шарттарына сай қорытынды шығарды.
Нәтижесінде І орын Ақтөбе облысынан Ойыл аудандық мәдениет үйінің «Ойыл ауданы келіндері», ІІ орын Қарағанды облысынан Башай Меруеш Башайқызы және Қызылорда облысынан Бақыткүл Болысбекқызы, ІІІ орын Шығыс Қазақстан облысынан Мәриям Мүбаракқызы Мұрсалинова және Павлодар облысынан Марина Вагина марапатталды.
Сонымен қатар «Әнді орындау шеберлігі үшін» арнайы номинациясымен Света Жаңабайқызы, «Қойылымның тәрбиелік мәні үшін» Ляйля Байқожаева және Салтанат Исабай, «Мазмұнды мәтін үшін» Ақмарал Әлібекқызы Биназарова марапатталды. Байқауға қатысқан барлық қатысушыларға сертификат берілді. Өңірлік байқауды сапалы ұйымдастырғаны үшін Қызылорда және Ақтөбе “Қарашаңырақ” ҚБ филиал директорлары Рабиға Игенбаева және Бақыт Жаншаеваға Алғыс хаттар табысталды.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!