Бала тәрибесіне көбіне аналар жауапты деп жатамыз. Бірақ ата-әжелеріміз тәрбиелі, өнегелі баланы көрсе, тегіне тартқан, әкесі сондай адам еді, атасы жақсы адам, көргенді бала деп баға беріп жатады. Осыдан-ақ әкенің бала тәрбиесіндегі рөлін аңғаруға болады. Атадан-балаға мұра болған бабалар сабақтастығы бүгін жойылып барады. Ошақ қасындағы ерлер саны да артуда. Мұның себебін саралап көрсек.
Қазақ ұғымында ер адам – түздің адамы. Яғни табыс табу үйдің сыртындағы ауыр тірлік, еңбек күші бәрі ер адамның қолында тұр. Ал үй ішіндегі, қазан-ошақ қасындағы жеңіл жұмыстар әйел затына тән. Дегенмен дамыған еуропа мәдениеті санаға сіңіп, ер мен әйелдің орны қайсы екені ажыратылмайтын халге жеттік. Әйел мүддесін қорғаймыз деп тіпті шекарадан шығып кеткен сияқтымыз. Тіпті отбасындағы ер адамдардың міндеті туралы пікірлердің алуандығынан кейде ой қайшылықтары туындайды. Ал сарапшы М.Қабақова: «Зерттеушілердің айтуынша, еркектер рөлінің дағдарысқа ұшырауының бірнеше себебі бар. Бастысы, ерлер мен әкелердің бастапқы беделі мен мақсат-міндетіне сәйкес келе алмауы. Күйеуі мен әйелі отбасындағы өздерінің рөлін, кімнің неге жауап беретінін жіті түсіну қажет. Сондай-ақ ерлі-зайыптылардың екеуі де өздерінің отбасылық рөліне қанағаттануы шарт. Бұл шаңырақтағы үйлесімділік пен тұрақтылыққа кепіл болады», – дейді.
Абайтанушы Омар Жәлел дәстүрлі тәрбиеде бала анасынан мейірімділік пен даналықты сіңірсе, әкесінен өжеттік, батылдық сияқты қасиеттерді бойына сіңіріп өскен дейді. Ал тарих пәнінің мұғалімі Айнұр Досжанова дәстүрлі қоғамда тәрбие алған азаматтардың отбасының керегесі мықты болатынын айтады.
– Қазіргі уақытта отбасындағы әкенің орнын оның табысы айқындайтын болды. Беделді өсіретін – ақша. Алайда халықтың көбі – кедей. Табыс табайын десе, ауылдық жерде жұмыс жоқ. Ажырасу да осы мәселеден келіп туындайды. Ал табыстан бөлек ұлт тәрбиесінде әкенің рөлін еш мектеп ауыстыра алмайды. Әкенің мінез-құлқы, өзгелермен қарым-қатынасы, өнері мен білімі – баланың көз алдындағы үлгі-өнеге алатын, оған қарап өсетін нысанасы. Әке балаға жолдас әрі сырлас болу керек. Ол әрқашан бір әрекет жасау үшін әуелі әкесімен ақылдасады, – дейді №233 Ж.Нұрсейітов атындағы орта мектептің тарих пәнінің мұғалімі Айнұр Ергешқызы.
Қоғамда отбасы құндылығын насихаттап жүрген Зейнеп Ахметова ерлердің бойындағы өжеттілік жоғалып бара жатыр деген пікірде.
– Қазір ер-азаматтардың көбі ынжық. Масылдыққа үйренген. Көшеде өзін-өзі жұмысқа жегуге сатып отыратындар бар. Былай қарасаң, тепсе темір үзетін азаматтар. Соларға қарап, намысың келеді. Бұрындары ерінің тауып келгенін әйел үйде ұқсатып, ағайын-туған арасындағы ынтымақты сақтап, балаларын тәрбиелеп отырған. 90-жылдарда бұрынғы қоғамдық құрылыстың бой-бойы қақырап, іргесі сөгіліп, шаңырағы ортасына түскенде ер-азаматтар жұмыссыз қалды. Талайы араққа салынып кетті. Шырылдаған бала-шағасын асырау үшін әйелдер ала қоржынын арқалап, саудаға шықты. Сөйтті де әйел – базаршыл, еркек қазаншыл болды. Содан бірте-бірте еркектер жалқаулыққа үйренді. Бірінші орынға әйелдер шықты. Сауда деген адамның психологиясын өзгертпей қоймайды. «Сен – маған, мен – саған» деген ой қалыптасады. Қаншама әйел сауда жасаймын деп жүріп, отбасын тастап кетті. Міне, сол кезде біз бүтін бір ұрпақты жоғалтып алдық. Сол кездегі ұрпақтан түрлі қылмыскерлер шықты. Себебі оларды көше тәрбиеледі. Бұрын бір жаққа барамын десең, «әкеңе айтайын» дейтін, бірдеңе керек десең, «әкеңнен сұрайын» дейтін. Сонда анамыз әкемізді бізге асқар тау қылып көрсететін. Негізі ер-азаматтың басын зор ететін де, қор ететін де – әйел, – дейді.
Расында, жақсы әйел ердің жарты ырысы демекші, ер азаматтардың отбасындағы абыройын асқақтату әйелге байланысты. Бірақ соңғы уақытта феминистік ұранмен жер-жерде бас көтеру жиі орын алуда. Нәзік жандылардың мұндай әрекетке баруына батыстық идеяның да әсері зор. Бұл турасында журналист Нұрсейіт Жылқышыбай ер азаматтар да жетісіп жүрмегенін, олардың деңгейін көтеретін, ер азаматым деп қарайтын әйелдер өте аз екенін айтады. Оның ойынша, алаңға шыққан әйелдер үйінде ерін ез қылып тастаған, ерін құрметтемейтін әйелдер. «Феминистердің алдына қойған мақсатынан қорқуға болады. Олардың көбі, байдан қайтқан немесе тұрмысқа шықпағандар. Феминизмнің негізгі идеясы − билікке әйел адамдарды әкелу. Арғы жағында үлкен саяси күштер тұр», – дейді ол.
Ежелден Алла Тағала ерлердің дәрежесін жоғары қойған. Онымен таласудың қажеті жоқ. Ал таласқан батыс қоғамы не тапты? Дүниеге сау бала келмейтін болды. Екі баласы бар, кем дегенде 15 жыл бірге тұрған отбасылар – сирек құбылысқа айналды. Ата-анасы ажыраспаған, тату-тәтті отбасында өмір сүретін жоғарғы сынып оқушысын табу қиын. Қоғам тәни тұрғыда да, менталды тұрғыда да. «Дағдарыс», «трагедия» өмірдің кез келген саласында басымдыққа ие. Өзіне қол жұмсау коэффициенті артқан. Ар, ұлағат, парыз, құрбан ету, адамгершілік деген сөздер қолданыстан шығуда. Алкоголизм, темекі тарту, есірткіге душар болу жасарып барады. Жалпы қоғамдық дертке айналды. Ас деген химиялық қоқысқа айналды. Себебі отбасылық ферма, шаруашылық саны кеміді. Бұл тізімді тізбектесек, жалғаса береді. Ал мұндай халге түспеу үшін салт-дәстүр мен дінімізге берік болу қажет.
Француз философы Жан-Жак Руссо: “Өмірге ұрпақ келтіріп, оны асырау арқылы әке өз міндетінің үштен бірін ғана орындайды. Ол адамзатқа адам, қоғамға қызметкер, мемлекетке азамат беруге міндетті. Осынау үш міндетті орындауға қабілетті бола тұра, кімде-кім оны орындамаса – айыпты” деген екен. Осы айыбымызды қаншалықты түсініп жүрміз?
А.ӘБСАДЫҚ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!