Көбінде ересек жандар «Бала не байқайды дейсің» деп көп қателеседі. Шын мәнінде, баланың сезімтал және барлық нәрсені тез байқағыш екенін өздері байқамайды.

Бала кезімде «Қазақ әдебиеті» пәні оқулығындағы Аянды қатты аяйтынмын. Тағдыры аянышты, аяғын сылтып басатын Аян ата-анасынан жетім қалған еді, өскенде осы Аянға көмектессем екен деген бала тілегім әлі күнге көңілімде сайрап тұр. Оның өмірінде қуанышты сәттер көп болмады. Жетімдіктің, соғыстың зардабынан көргені қорлық болды. Сөйте тұра, оқуға құштар әрі хат жазуға қабілетті болды. Өзге балаларға хат жазу арман болғанда, Аян болса кәдімгідей “Аса жаннан артық көретін аға…” деп бастап хат жазатыны менің кітап оқуға деген құштарлығымды арттырды.

Рас, мен ата-анамның ыстық махаббатын сезініп өстім. Әкенің “батырым”, шешенің “құлыным”деген сөзін естімеген баланың ең асыл ізгі сезімдері дамымай қалады дейді психологтар. Мен осы сөзге сенемін. Отбасынан басталған әділеттілік отау құрғанда да сақталып қалады. Өз ошағыңда болмаған бақыт көршінің ошағынан келмейді, сондықтан талмай еңбектеніп, бақытты іздеу керек. Оны өзің іздеп таппасаң, ол қаша береді. Ал енді оны қуып жеткен біреу саған әкеп бермейді. Демек адамдар өз бақытын өзі іздейді.

Қонағы жоқ үйді көңілсіздік көлеңкесі ұялайды деген сөз бар. Бала атаға, анаға, әкеге, ағаға, тіпті қала берді үйге келген қонаққа да қарап өседі. Сондықтан баласы бар үйдің қонақжай болғаны жақсы. Қонаққа бармаған қонақ күте алмайды дегендей, баланы да қонаққа апарып үйрету керек. Бұны әсіресе баланы ертпей қыдырғанды, қонаққа барғанды жақсы көретін ата-аналарға айтып отырмын.

Кішкене сәби бірдеңе құрастырып ойнаса, сіз де соны қайталаңызшы. Қуыршақ ойнап жатса, қуыршағының атын сұраңыз. Қатты қуанады. Байқап па едіңіз? Себебі өзін сізбен “бірмін, біргемін, бір жақпын” деп сезінеді. Сәби өз жанынан әлі алыстай қоймаған. Бәріміз бірдей Жаратқанның бөлшегі екенімізді ол жақсы сезеді.

Адамдар арасында қашан кикілжің басталады? Ел мен ел қай кезде соғысады? Бір бірінен айырмашылығын байқап және соны қабылдай алмағанда, екеуіне ортақ дүниені емес, ажырататын нәрсені іздегенде адам тура мағынасында да, ауыспалы мағынасында да соғысқа дайындала бастайды. “Біз басқамыз, олар басқа, демек әртүрліміз” деген дұрыс. Олардікі қате, “біз – жақсымыз, олар – жаман” деген адасады. Басқаны сен сияқты болмағаны үшін кемсіту, басқаша өмір сүріп, ойлағаны үшін өзіңді одан артық көру – алға бастырмайтын кесел. Бәріміз бір ағзаның, жүйенің бөлшегіміз. Мұны түйсінген адамның көңілі тыныш. Ол ешқашан өзін жалғыз сезінбейді. Жаратқанмен, өзінің жан дүниесімен, табиғатпен, айналасымен үйлесімді өмір сүреді. Өзгеден өзінікіне ұқсас қажеттілікті іздейтін адам – бақытты, кеңпейіл адам.

Расында да, адамның адамнан, жандының жандыдан айырмашылығы жоқ. Қоңыз да тірі қалып, өмір сүргісі келеді. Сол үшін жанталасады. Жолын бөгесеңіз, қашады. Барлық тірі жанның қажеттілігі бір. Бәріміз өмір сүргіміз келеді, бақытты болғымыз келеді. Бәріміз мейірімді қалаймыз. Қорлауды жек көреміз. Солай емес пе?

Алалау, өзіңді ұлтыңа, дініңе, жынысыңа, жас ерекшелігіңе қарай жоғары санау пейілдің тарлығын көрсетеді. Өз қалпыңда қала тұра, басқанікін құрмет тұт! Өз бойыңдағы адами болмысың мен Жаратқанның нұрын екіге бөлмей, біреуін жоққа шығармай, қатар қабылдау – тұтастық. Жүрегінде ғаламмен, өзімен бірлік, тұтастық сезіміне жеткен адам – бақытты. Бәріңізге бақыт тілеймін.

Меруерт ИНЖИБЕКОВА,

Байқоңыр қаласы

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!