«Балалар үшін қауіпсіз және жайлы инфрақұры­лым» акциясы аясында Jas Otan Жастар қана­ты­ның Сырдария аудандық бөлімшесінің ұйымдас­тыруымен мониторингтік рейд өтті.

Оған жасотандықтармен бірге аудандық өрт сөн­діру бөлімінің қызметкері Абзал Сәндібекұлы мен  жас­тар ре­сурстық орталығының маманы Нұрдәулет Өтеп­бер­ге­нов қатысты.

Сала мамандары аудан орталығындағы мектеп­тердің жанындағы қозғалыс қауіпсіздігіне ерекше әсер ететін жол төсеніштерінің жай-күйін бақылады. Мектеп дирек­торларымен пікірлесіп, жаяу жүргіншілер жолы екенін білдіретін сызықтардың ескіруіне байланысты қайта сырлауға ұсыныс енгізу қажеттігін айтты. Сондай-ақ балалардың суреті ілінген тақтайшаны жаңарту жұмыс­тарын жүргізуді ұсынды.

– Жаз мезгілінде балалардың бос уақыты көп болады. Олар қыдырып немесе басқа да жұмыстармен автокөлік жолдарында жаяу жүруі мүмкін. Сол кезде қауіпсіздік қаперде болуы қажет. Жергілікті атқарушы орган балалар үшін қауіпсіз әрі жайлы инфрақұрылым қалыптастыруды назарда ұстау керек. Мысалы №35 И.Тоқтыбаев атындағы мектеп-лицейі мен №210 О.Әбілпаттаев атындағы орта мектебі жанындағы үзік сызықтар ескірген. Кент әкімдігі осы мәселені ретке келтіруге мән беруі қажет, – деді Jas Otan жастар қанатының Сырдария аудандық бөлімшесінің жетекшісі, аудандық мәслихат депутаты Ақтөре Ибрагимұлы.

Мамандар №36 Ә.Тәжібаев атындағы мектеп-ли­цейі­нің жанындағы жаяу жүргіншілер жолына балалар қауіпсіздігі қойылған тақтайшаның ескіргенін айтып, мониторингтік рейд шара қорытындысында мектеп-лицей директоры Ү.Жұмабаеваның тапсырмасымен бір күннің ішінде тақтайша жаңартылды. Сондай-ақ мамандар жарықшамдардың түнгі уақытта жануын да қадағалады.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!