Бақыт ұғымын әркім әрқилы топшылайды. Бірі оны өмірлік қажеттіліктен іздесе, екіншісі рухани болмыстан тапқысы келеді. Ал сана-сезім, таным-түсінігі әлі қалыптаспаған бала үшін бақыт нені білдіреді? Бақытты балалық шақты қалыптастыруда балабақшаның маңызы қандай? Осы сауалдарға жауап іздеу мәселенің мәнін ұғудың төте жолы секілді.
Білетініміздей, бала кезде орныққан мінез, сіңірген дағды, үйренген әдет тұлға болып қалыптасуда үлкен салмаққа ие. Әсіресе, балабақшадағы көңілді күндер – бала бақытының бастауы ғана емес, келешек кезеңді айқындар сындарлы сәт. Мұнда бүлдіршін мінез-құлық талаптарын меңгеріп, ұжымдық сана туралы алғашқы түсінікті қалыптастырады. Оған қоса мектепке дейінгі білім беру ұйымдарындағы тәлім тәрбие ата-ана тәліміне қарағанда жүйелі әрі үздіксіз жүзеге асатыны шындық. Сондықтан, бала бақытын құрауда балабақшадағы тәрбие моделі, ата-ана мен тәрбиеші арасындағы қатынас секілді нәзік тінге ерекше мән беруге тура келеді.
Алдымен бала бақытының баламасы – өмірлік дағдылардан бастайық. Балабақшаға барған бала көңілді күндерге біртабан жақындай түседі. Ортамен араласу, өзін қоғамның бір бөлшегі екенін сезіну, жарқын мінез түзу сынды артықшылыққа кенеледі. Оның үстіне балабақшада үйренген тәртіп пен жауапкершілік кейінгі өмірде ұқыптылыққа жетелеп, жинақы азамат болуға жөн сілтемек. Жаңа достар тапқан бүлдіршін өзін бақытты сезініп, даму үстінде екеніне көз жеткізеді. «Бұл не?», «Ол кім?» деген әлемтану сұрақтарына толыққанды жауап алып, оны өзі ғана емес, топтық түсінікте де қабылдауға үйренеді. Себебі, жас өскінді ой-өрісі биік азамат етіп қалыптастыру үшін барынша ерте кезеңнен тыңғылықты тәлім-тәрбие жүйесі болу шарт. Бастапқы қалып қалай құйылса, болашақ қабылдау бағамы, үйрену нәтижесінің жемісі де соған сай құбылмақ. Мұның бәрі болашағына бейжай қарамайтын, өмірін көңілді сәттермен толтыруға тырсатын баланың қалыптасуына көмектесері белгілі.
Әрине, кез келген ата-ана үшін бала бақыты оның дені сау болуы, сана-сезімінің кемелденуімен өлшенері анық. Бұл орайда балабақшадағы жаңарған тәрбие үлгісі мен тәрбиешілердің біліктілік деңгейі жағдайға жаңа сипат беруге мүмкіндік береді. Тәрбиеші баланың ойлау қабілетін арттыруға арналған тапсырмалар тізбегін әзірлеп, ұғым-түсінікті жеңіл де жатық тілмен суреттейді. Осы арқылы бүлдіршін жадында жаңа заттың жағымды тұсы пайда болады. Сондай-ақ дене тәрбиесінің алғашқы сатысын үйрету, қимыл-қозғалыстың дұрыс дамуына бағдар беру де тәрбиеші құзыретінде. Дене тәрбиесін дұрыс техника арқылы жасау тұлғасы сымбатты, дені сау баланың бой түзеуіне жол ашады. Ал спорт элементтерінің көмегімен шыныққан бала жігер-қайраты мол, күйзеліске шыдамды болып өседі. Сондықтан, бала бақытында мектепке дейінгі білім беру ұйымының үлесі қомақты.
Бүлдіршін шаттығының шырақшысы – ата-ана мен тәрбиеші. Ата-ана баланың үйдегі өмір дағдысын, таным-түсінігін қалыптастырса, тәрбиеші бүлдіршіннің әлемге деген ұстанымын, қоғамдық сана туралы ойын бір жүйеге түсіреді. Бұл жұмыстың сәтті нәтиже көрсетуіне жалғыз ереже қажет. Ол – ата-ана мен тәрбиешінің бірлесе жұмыс істеуі. Яғни, баланың көңіл-күйін сараптау, нені қабылдап, нені теріске шығаратынын түсіну, мінезін ұғу өзара байланыс арқылы ғана мүмкін болмақ. Сонда ғана жан-жақпен үйлесімді байланыс жасайтын, әрбір сауалына толыққанды жауап алған кемел тұлға қалыптасары аян.
Бақытты бала. Осы бір киелі ұғымның мәні зор. Адам өміріндегі маңызды шешім, тағдыршешті қадамдар бала кездегі ахуалға тікелей әсер етеді. Мектепке дейінгі орталықтарда немесе үйде шығармашылықпен айналысып, ата-ана мен тәрбиешінің жылы шырайын көрген бүлдіршін өзін бақытты сезінып ғана қоймай, келешегіне сеніммен қарайды. Себебі, бақыттың бір есімі – сенім мен талап. Ойлау қабілеті жүйелі дамыған, таным-түсінігі қалыпты азаматтан тұлғалық болмыстың шығуы да осы қос құндылықтың – нәтижесі. Сол себепті, баланың бүгінгі бақыты – келешек келбетінің кепілі.
Жадыра ЖАЛИЕВА,
«Бота» бөбекжай балабақшасын тәрбиешісі
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!