Бектай ақсақалдың бағын білмейтіндер некен-саяқ. Оның шаһарға шырай сыйлаған алқабының әдемілігіне сүйсінбеу мүмкін емес. Наурыз мерекесі қарсаңында еңбекті жанына серік еткен бағбанмен жолығудың сәті түсті.
Сексен үшке қадам басқан қарияның қайраты қайтпаған. Жүзі жылы, қарапайым келген еңбек иесі күннің салқындығына қарамай, ауласында қызу жұмыс істеп жүр екен. Жиырма жасынан бағбандыққа бет бұрған ақсақалмен әңгімеміз осы саланың қыр-сыры жайында өрбіді.
– Жарты ғасырдан астам ғұмырымды орман шаруашылығына арнадым. Жылына 5-6 мың көшетті баптап шығарамын. Жеміс және сәндік ағаштарды өсіруді хобби әрі жұмыс санаймын. Сағат бесте тұрамын. Күнделікті жұмысым бауды аралаудан басталады. Таң сәріден кеш батқанға дейін ермегім алқаптағы ағаштар. Наурыз бен сәуір мен үшін сатылым айы, яғни көшеттерді сатумен айналысамын. Баудағы жайқалған ағаштар бейнеттің берекесі деп білемін, – дейді бағбан.
Расында Бектай атаның бауы үлкен саябақ іспеттес. Бүгінде ақсақалдың бау-бақшасында 20 мыңнан аса ағаш болса, оның үштен бірі жеміс ағаштары. Қала тұрғындары жылына бағбан күтіп баптаған 5-6 мың түп ағашты сатып алатын көрінеді.
– Қандай да бір табысты алсаңыз, ол тек еңбекпен келеді. Қай іске де бел буып, ынтамен кіріссеңіз, оның жемісін бермеуі мүмкін емес. Сол үшін де ауламды күні-түні еңбек алаңына айналдырып келемін. Шүкір, пайдасы жоқ емес. Мысалы, қазір сұранысқа ие аршаны 6 мың теңгеден өткіземін. Ал жеміс ағаштарының саудасы 500-600 теңгеден басталады. Біздегі базар оңтүстіктің көшетіне толы. Енді қараңыз. Сырттан келген көшеттердің бізге келем дегенше бойындағы су тартатын өте нәзік, жіңішке тамырлары бар, солар кеуіп кетеді, жолда бүлінеді. Екінші жағынан, бұлар жылыжайда өскен. Ал енді анығын айту керек, жылыжайда өскен көшеттердің ғұмыры тым қысқа, – деп ақыл қосты.
Кейіпкеріміз тек өз ауласымен шектеліп қана қоймай, аймақты көркейтудегі қолтаңбасы айқын. Тұңғыш Президент саябағымен қатар әуежайға апарар жолдың қос қапталын жайқалту жауапкершілігі Бектай Сүлейменовке артылған.
– Махамбетов ауылына бара жатқан жолда Сыздық Төлеков деген канал бар. Әуежаймен екі аралықты жалғайды. Аймақ басшысының өтінішіне сәйкес, аталған каналдың жағалай қос қапталына 3 қатар ағаш отырғыздым. Ұзындығы – 11 шақырым. Қос қапталдағы 3 қатарды есепке алсаңыз, 66 шақырым. Бейнеттің арқасында сол көшеттер қазір саялы ағашқа айналды, – дейді бағбан.
Әңгіме арасында көшет алушылардың қатары көбейген. Бір сәт ақсақалмен диалогты тоқтатып, сатып алушылардың пікіріне үңілдік.
– 5-6 жылдай болды, көктем келсе, Бектай ақсақалды іздейміз. Қарағай, арша, мәуе, өрік, алма секілді көшеттерді сатып аламын. Бағасы да қалтаға қонымды. Ең маңыздысы көшеттер жер талғамай, бірден көгеріп шыға келеді. Ақсақалдың көшетке келгенде жомарттығы көп. Біреуін алсақ, жанына 3-4 жеміс ағашын ақысыз сыйға тартады, – дейді Марат есімді сатып алушы.
Аршаға сұраныс жоғары. Әрине, әсемдігі бір бөлек. Бұл ағаштың тағы қандай артықшылығы бар деп сұрау салдық.
– Аршаны өзімде жақсы көремін. Сондықтан алқаптың тең жартысы аршаға тиесілі. “Ағаштар анасы – арша” деген теңеу сөзінде қаншама ұлағатты ұғым жатыр. Ертеде небір асыл азаматтарымыз тағдыр тәлкегімен елден жырақ кеткенде бойтұмар ретінде арша ағашының жаңқасын өзімен бірге алып жүріп, елді, туған жерді сағынған кезде ауық-ауық мейірлене иіскеп мауқын басатын болған. Бір жағынан арша – ағаш-фармацевт. Осы өсімдік бөлетін фитоноцидтер денсаулыққа ем болатын таза ауа тудырады. Көп деректерді ақтардым. Сонда оқығаным, арша жылына орта есеппен 1 тоннадан аса шаңды жұтып, айналасына 1,5 мың литр оттегі бөліп шығарады екен. Міне, бұл ағаштың осындай қасиеті бар, – деді ақсақал.
Ерте жастан тал егуді мұрат тұтқан ақсақал қаладағы көшет отырғызу мәдениеті қалыптаспағынын да айтып қалды.
– Қызылордада ағаш егу мәдениеті қалыптасса, шаһар жасыл желекке оранар еді. Тым науқаншылмыз. Тек наурыз мерекесінде көшет егеміз. Көшетті отырғызуын отырғызамыз, бірақ суландыру жүйесіне мән бермейміз, дұрыс күтіп баптамаймыз, – деп әңгімесін түйіндеді бағбан.
Ерасыл ШӘРІБЕК,
Суреттерді түсірген Нұрболат НҰРЖАУБАЙ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!