Адамның физиологиясына мән берсек, жүрек пен бауыр жалғыз түйір. Ал бабамыз неге туысын «бауыр», «бауырым», «ет жақыным» деп атайды? Неге ақжолтай жаңалық болып, жиын-тойда жиналғанда «басымыз аман, бауырымыз бүтін болсын» деп тілек айтамыз? Себебі бауыр – адам ағзасындағы ең маңызды мүше. Туыс-бауыр бүтін болса, ел де аман, жұрт та тыныш, мамыражай күн кешеді емес пе?

Жақында сырбойылық Бекарыстан Аманжолов «бауыр циррозы» дертіне шалдыққан қызылордалық досының 4 айлық қызына донор болып, өз бауырының бір бөлігін бөліп берді. Донор болу арқылы өзгеге өмір сыйлаған азамат мұны екінің бірі жасайтын ізгі іс деп біледі. Алайда донор болу өзгенің де, өзіңнің де өміріңе үлкен жауапкершілік арқалау екенін мойындау керек. Әрі бауыр трансплантациясы хирургиядағы ең ауыр ота саналады. «AMANAT» партиясы Саяси жұмыс департаментінің кеңесшісі болып қызмет ететін Бекарыстан ештеңеге қарамастан, баланың өмірін сақтап қалу үшін өз бауырын беруге ниет еткен.
Бауыр циррозы анықталған балапанның еміне 40 млн теңге қажет екені анықталып, арнайы қор ашылған. Көп түкірсе, көл емес пе?! Қаржы жинала бастаған соң бүлдіршінді емдету үшін ата-анасы Түркияға аттанады. Сол жақта дәрігерлер бауыр трансплантациясын жасауға шешім қабылдап, донор іздестіре бастаған екен. Сол сәтте кішкентай Әсияның әкесі Уәлиханның досы Бекарыстан Аманжолов өз еркімен донор болуға келісім берген.
«Өз басым донор болу туралы шешімді қорыққаннан немесе басқа да дүниенің әсерінен қабылдаған жоқпын. Бала ауырып, жағдайы белгілі болған кезде тілекшілері болып арнайы чат аштық. Сөйтіп, бүкіл жолдастары болып қаржылай көмек беріп, басқа да қажеттіліктермен қамтамасыз етіп, қолдауға кірістік. Алғашында мен ғана емес, бірнеше жігіт бәріміз донор болуға ниет білдірдік. Ағзаның сәйкестігіне, денсаулық жағдайына байланысты донор мүмкіндік маған берілді. Жалпы кішкентай адамның, сәбидің өмірін құтқаруға мүмкіндігім бола тұра оған өз үлесімді қоспау – нағыз тәкаппарлық сынды. Сондықтан ойланбастан келістім. Шыны керек, басында ештеңе ойламадым. Яғни, ота қалай болады, оның қандай салдары бар екенін білген жоқпын. Бірақ соңына дейін қайтпай, әрекет еттім. Өйткені досым Уәлиханмен бала кезден, оқушы боп жүрген шақтан жақынмын. Оның жүрегіндегі қайғысын мен де сезіндім. Бір жағынан өзім де әке болған соң сүп-сүйкімді балапанды аман алып қалуға тамшыдай болсын көмегім тисе, неге өз үлесімді қоспасқа деген ой келді.
Әрине, отаға кіргенге дейін көңілімде қорқыныш тұрды. Бірақ сенің қорқынышың мен бір адамның өмірі бәсте тұрғанда қорқыныш сезімі түкке тұрғысыз болып қалады екен», – дейді батыр Бекарыстан.
Айта кетейік, 8 сәуір күні жасалған трансплан­тациялық ота сәтті өтті. Бүгінде донор болған Бекарыстан аяққа тұрып, денсаулығы қалпына келе бастапты. Ал 4 айлық Әсияның жағдайы әлі де дәрігерлердің бақылауында.
– Алғашқы операция сәтті өтті. Операциядан кейінгі процесс те жақсы жүріп жатыр деді. Тек балапанның денсаулығында бір қиындықтар болып, қайтадан операция жасалды. Енді сол отаның нәтижесін күтіп, үміт етіп отырмыз. Операция балаға сәл ауырлау болды. Себебі кез келген ағзаға жаңа бауырды қабылдау оңай емес. Дегенмен осындай қауіп-қатерді ескере отырып, шешім қабылдадық. Себебі адам құдай берген барлық мүмкіндікті пайдалану керек. Әсияның жағдайы жақсарып, ғұмыры ұзақ болсын деп тілекші боп жүргендер қаншама! Бұйырса, жақсы хабар күтеміз. Ал менің донор болуым – жай жақсы іске себепкер болуым ғана. Бір сәбиге өмір сыйлаймын деген ой үш ұйықтасам да, түсіме кірмепті. Ол жақсы боп кетсе, мен де бақыттымын, – дейді.


Аделина МӘДЕЛХАНҚЫЗЫ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!