Қызылорда ОПД ЕҚҚ ІҚБ жариялаған сайысықа
Біздің шағын ғана отбасы мүшелері адалдық, тәртіп, саламатты өмір салтын ұстанамыз. Отағасы – Сарымсақов Ақылбек көп жылдар бойы аудандық ішкі істер бөлімінде жұмыс істеді, басшылық қызметтер атқарды. Санамызға жат зиянды әдеттерден бойын аулақ ұстайтын әкеміз үнемі спортпен айналысады. Өзі бала күнінен күреске қатысқан, осы саладағы жетістіктері өте көп.
Қазіргі таңда абыроймен зейнетке шығып, еңбегінің жемісін көріп отыр, әлі күнге спортпен айналысу дағдысын тастамай, күнделікті жаттығу залына барып, спортпен шұғылданады. Әкемізден үлгі алған балалары да жастайынан спортты жанына серік еткен. Отбасындағы ер балалар – Жандарбек, Біржан, Бекзат, үшеуі де 6 жасынан бастап күреске барған, спорт шеберлері және спорт шеберлігіне үміткер. Сабақтарын да жақсы оқып, білім мен спортты қатар алып жүр. Сымбат – сыныбындағы озат оқушы, тоғызқұмалақ ойынынан облыстық жарыстардың жеңімпазы. Отанасы – Көшербаева Тоты аудан орталығындағы №27 орта мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары және биология пәнінің мұғалімі, өз жұмысында оқушыларына білім нәрін берумен қатар, тәртіпке, саламатты өмір салтын ұстануға баулып, зиянды әдеттерден аулақ болуды насихаттайды. Ата-анамыз сөзбен емес, өз ісімен бізге үлгі.
Көпшілік ата-ана балам ішсін, жесін, киім кисін деп, өздеріне қарамай, тапқан табысын балаларының аузына тосады, солардың маңдайына жел тимесін дейді, қолдарына артық ақша ұстатады. Өздері жұмыста жүрген кезінде олардың немен айналысып жүргеніне мән бермейді. Қарыны тоқ болса, киімі бүтін болса басқа не керек деп, бала тәрбиесіне мән бермейді. Нәтижесінде қаншама жастар адасып жүр. Адасқан жастарға отбасымыздың атынан айтарымыз, әлі де кеш емес, өміріңді қолға алу өз қолыңда. Ерік-жігері мықты адамдар әрқашан қиындықты еңсере алады. Саламатты өмір салтын сақтап, жақсы өмір сүрейік!
САРЫМСАҚОВТАР отбасы,
Қармақшы ауданы
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!