Мен өмірдің қаншалықты қымбат екендігін түсінемін. Біздің мектепте салауатты өмір салтын ұстану жайлы апайларымыз жиі айтып, тәрбие сағаттарын өткізеді.

Адамның мәнді, ұзақ, бақытты өмір сүруі үшін денсаулығы жақсы болуы керек. Денсаулықты бірінші кезекте адамның өзі қалыптастырады. Спортпен шұғылданып, тазалық сақтап, еңбектеніп, зиянкес әрекеттерден аулақ болса, денсаулық мықты болады. Ғасыр дерті болып саналатын арақ, темекі, нашақорлық адамды қандай қорқынышты жағдайларға жеткізетінін, әртүрлі қылмысқа итермелейтінін бұқаралық ақпарат құралдарынан естіп, көріп жүрміз. Олардың зардабы, өкініші, айналасына зияны өте көп. Айналамызда ондай адамдардың болғанының өзі қорқынышты. Есірткіні пайдаланатын жастарға дүние жүзі бойынша қатаң заңдар қабылданып жатса да, көбейіп бара жатқаны өте өкінішті. Бұл дегеніміз адамның өз өміріне балта шабуы, ата-ананың көз жасы.

Жастардың есірткіні қолдануының себебі өте көп. Ең бірінші кезекте қызығушылық, айналасындағы теріс пиғылдағы адамдар, отбасындағы мәселелер (ата-ананың ажырауы, үлкендердің әлімжеттігі, тым ерке болу) т.б. Алайда бір рет бастаған соң, оны тастау өте қиын екенін жасөспірім түсінбеуі мүмкін. Әрбір ата-ана баласының жақсы болғанын қалайды. Оған жарқын болашақ тілейді.

Менің отбасымда 6 адам бар. Әкем, анам, екі ағам, сіңілім және мен. Біздің үйде барлығы салауатты өмір салтын ұстанады. Ата-анам әрдайым тату. Қандай отбасылық мереке болмасын, біздің дастарханға ішімдік қойылмайды. Әкем шылым шекпейді. Отбасымызда өзіндік құндылықтарымыз бар. Аптасына екі рет әкем бізді бассейнге апарады. Бізге суда балықша жүзуді үйреткен де әкеміз. Ал, екі ағам футболға қатысады. Үлкен ағам Диас мектепаралық әр түрлі іс-шараларға, КВН-ға қатысып жүр. Күнде кешке әкем мен анам сабағымызды сұрап, тексереді. Ата-анамыз біздің денсаулығымызға үнемі мән беріп, зиянкес әдеттерден аулақ болуымызды ескертіп, дұрыс тамақтанудың маңыздылығын түсіндіріп отырады.

Мен бақытты ата-ананың бақытты баласымын. Болашақта әр баласына сенім артқан ардақты ата-анамның үмітін ақтайтын, қуаныш сыйлайтын адал перзенттерінің бірі болғым келеді. Себебі әкешім мен анашым бізге жақсы тәрбие беруде, әлі де балалық шағымыз тәтті өтуде. Мен де, бауырларым да ата-анамызбен мақтанамыз, ұзақ, бақытты өмір сүруін қалаймыз. Олар біздің жанашырымыз, мақтанышымыз, идеалымыз, ақылшымыз. Өмір солармен керемет! Біздің отбасы – салауатты өмір салтын ұстанған мықты отбасы.

Серік Отбасы

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!