фото: ашық дереккөзден алынды
Бүгінде тіршілік бір сәтке де дамыл таппайды. Таңғы көкжиекке күн жарық шаша бастағаннан-ақ, көшеде асыққан адамдардың дүбірі естіледі. Біреудің қолында – телефон, ойында – жоспар, иығында – жауапкершілік. Біз осы күнделікті дағдылы тірліктің тұтқынына айналғанымызды аңғармай да қалдық. Әр күніміз белгіленген кестемен өріліп, әр қадамымыз есеппен өлшеніп, өмір бір сарынға айналып кеткендей. Тұрмыстың тоқпағы шаршатқанда, өмірден қажып, басыңа небір қиындық келген кезде сол баяғы бейқам балалық шақ еске түседі. Бала кездің шат күлкісі, алаңсыз әлеміміз, қиял мен еркіндікті сағынамыз. Бір сәтке ғана соның шақыруына еріп, өзімізді бала кейпінде сезінсек қалай болар еді?
Бала болу – әлемді қайта көру. Бұлттың пішінінен қиялдағы жануарды іздеп, көшедегі қарапайым тасқа бүкіл оқиғаны сиғызу. Әрбір бұтадан ертегі, әрбір тамшыдан сыр табу. Сол кезде аспан көк қана емес, ертегіге толы терең теңіздей көрінетін, ал жаңбыр тек су емес, көктің бақыттан төгілген көз жасы сияқты әсер қалдыратын. Біз ол шақта ештеңені жоспарламаймыз, ештеңеге асықпаймыз. Өмірдің әр сәті өздігінен қымбат, өздігінен мереке. Ал бұл сәттердің қандай бағалы болғанын балалық шақ біткен кезде ғана түсінеміз. Алайда қайта оралуға мүмкіндік болмайды. Осынысымен ақ балалық балдай тәтті әрі қымбат.
Бүгінгі өмірімізді ойласақ, біз уақытты емес, керісінше уақыт бізді басқаратын секілді. Қазір бәрі тез. Біз, адамдар, болмысымыздан болашаққа қарай жөнелгіміз келіп тұрады, кешеден қашамыз, бүгінді аңғармаймыз. Алайда бала болу – дәл бүгіннің, дәл осы сәттің дәмін тату. Таңғы шыққа жалаңаяқ басып көру, самал желді құшағына алу, шөптің иісін жұтып, аспанға көз тігу – осының бәрі бір күндік ғұмырды тұтас ғаламға айналдырады.
Психологтар ересектерге де ойнау керек екенін айтады. Бірақ ол ойын экранға телміріп отыру емес, жүректің аңғал қақпасын қайта ашу. Қарапайым ауладағы әткеншекте тербеліп көру, арықтағы суға кішкентай қайық жіберу, жазық далаға жүгіріп шығып, бұлттарды санау – бәрі де өмірді жеңілдететін ғажайып әрекеттер. Мұндай сәтте жанымыз сергіп, ойымыз тазарады. Өмірдің басты сыры, бәлкім, үлкен бола тұра кішкентай бола білуде шығар.
Адам бала күнінде әлемді бар ықыласымен көреді. Қарапайым ағаш – орман, су тамшысы – мұхит, қиядағы бұлт – қиялдағы бекініс. Біз есейген сайын бұл сұлулық көзден ғайып болады. Әр дүниені есеппен өлшейміз, әр сәтке баға береміз. Бірақ бала болып бір күн кешу – өмірге жаңа көзбен қараудың жолы. Ол күнде дүниенің бәрі бояулы, әр дыбыс – әуен, әр иіс – естелік.
Бір күнге бала болу деген – өткеннің қақпасын ашу ғана емес, жан дүниемізді шаңнан аршып, шы- найы болмысымызға қайта оралу. Біз өзімізді қайтадан табамыз, шынайы шаттықтың дәмін сеземіз. Асыққан әлемде бір сәтке тоқтап, аспанға қарап күлімдеу – өмірдің ең қарапайым әрі ең қымбат сыйы. Кейде бақыт алыста емес, алақандағы сабын көпіршігінде жасырынғанын ұғыну үшін осы тәжірибенің өзі жеткілікті.
Соңында адам өмірінің әр белесі өз сыйын береді. Бірақ балалық шақтың сыйы – еркіндік пен қиял. Бір күнге болсын бала бола алсақ, сол сыйды қайта қолға ұстап көреміз. Ал ол сезім адамға қанат бітіріп, өмірдің ең қарапайым сәттерінің өзінде ғажайып бар екенін еске салады. Ал сіз балалық шағыңыздағы бейқам өміріңізді сағынасыз ба, құрметті оқырман?
Нұршат НЫШАНОВА
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!