Бұрын «Лениншіл жас» деген жастардың республикалық газеті болды. Таласа-тармаса оқитынбыз. Ондағы әрбір мақаланы ой сүзгісінен өткізетін едік. Ол кезде заман басқа, заң басқа, идеологияның дәуірлеп тұрған кезеңі, қазір бәрі өзгерді. Біз – Қазақстан деген тәуелсіз мемлекетпіз. Бірақ қандай да бір газетін таласа-тармаса оқып жатқан жастарды көріп тұрғаным жоқ. Телефонға телміріп отырған жас буынға қарап, кәдімгідей жаным ашиды.
Мен қазір 79 жастамын. Біздің буын – газеттің оқырманы, газеттің жоқшысы. Үйге газет келмей қалса немесе арнайылап кей газеттерді кітапханаға барып оқитын дағдымыздан сәл ауытқысақ, көңіліміз көншімейді. Барлық жаңалықтан құр қалғандай құлазып қаламыз.
Менің үйіме «Ақмешіт жастары» газеті тұрақты келеді. Маған осы басылымның атауы ұнайды. Қазақстан бойынша демографиялық өсім жағынан Қызылорда облысы бірінші тұрады, аймақтың туу көрсеткіші жоғары. Дәл біздің Қызылордамыз сияқты 98 пайыз қазақ тұратын аймақ кемде кем шығар. «Ақмешіт жастары» деген атау маған осыны меңзеп тұрғандай әсер қалдырады. Бұл газет бізге керек, әрбір жас жаздырып алып, оқып отырса, қандай ғанибет!
Кейде өзімнің замандастарыма онша көңілім толмайды. Өйткені олар қызметін айтады, анаған, мынаған жақсылық істедім, қызметке қойдым дейді. Соны ұмытып кеткен кей жастардың қылығынан түңіліп, өз-өзінен күйініп отырады. Соны айтудың қаншалықты қажеті бар? Мен оларға алдымен өзіңе сұрақ қой деймін, қай жерден қателік жібердік? Жастар жаман болса, онда біз кінәліміз, оны мойындауымыз керек. Өйткені олар біздің берген тәрбиемізбен есейіп, ержетті емес пе? Олар аяғы салбырап аспаннан түскен жоқ қой. Рас, біз кеңестік идеологияның құрсауында қазақы, ұлттық таным-түсініктің байыбына бара алмай, ұрпақ тәрбиесінде көп нәрседен ұтылуымыз әбден мүмкін. Осы сөзім үшін замандастарым маған ренжиді.
Иә, кеңестік идеологияның бәрін жаман деп айтпаймын. Оның жақсы жақтары көп болды. Әсіресе кадр мәселесінде озық тұстары басым болды. Бұл жүйе адамды дипломмен өлшеген жоқ, бірақ маман ретінде мықты кадр дайындап шығарды. Қазір бір емес, бірнеше дипломы бар жастар бар, бірақ оны қалай алды, біліктілігіне білімі сай ма, мұның ара жігін ажыратып жатқан ешкім жоқ. Осы жағы ойландырады. Мұны айтып тұрған себебім, бір емес, бірнеше дипломы болса да, газет-журналға, кітапқа жібі түзу көзқарасы жоқ адамды қаншалықты білімді, зиялы деп айта аламыз? Газет оқу мәдениетін мансұқ етіп, ақпарат осында тұр ғой деп, телефонын сипалап, айналып-толғанып отырған адамға бәрін басынан бастап түсіндіріп жатуымыз және оның көзқарасында ескішіл адам болып көрінуіміз кімге қалай әсер етеді? Пессимист болғым келмейді әрине, әйтсе де мен осы туралы көп ойланам.
Қазыбай ҚҰДАЙБЕРГЕНОВ, профессор
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!