Таразы Нұрлыбаева ‒ жеті баланы дүниеге әкелген жас ана. 14 жыл бұрын Байымбет әулетінің келіні атанған ол «өмірдегі ең үлкен байлығым ‒ балаларым» деген ұстанымына берік. Өзі де «Күміс алқа» ананың перзенті, ал жолдасы «Алтын алқаны» кеудесіне таққан батыр ананың ұлы.

Біз – балаларымызбен баймыз

Көп балалы отбасында дүниеге келген Таразы Қуантқанқызы  ‒ Арал ауданындағы Тоқабай ауылының тумасы. Қазақы тәрбиемен, бауырмал ортада өскен ол отбасы берекесін сақтау, балаға жақсы тәрбие берудің үлкен жауапкершілік екенін айтады.

‒ Балалық шағым ауылдық жерде, қызыққа толы өтті. Мектепті жақсы бағаға бітіріп, біз де үлкен арманмен қалаға келдік. Ақтөбе ауылшаруашылық колледжінің бугхалтер мамандығында білім алған соң, Арал қаласына қайта ат басын бұрдым.  Сол жылы яғни осыдан он төрт жыл бұрын  Байымбет әулетіне келін болып түстім. Жолдасым ‒ он ағайындының ең кішісі. Енем ‒ «Алтын алқа» иегері. Қазақта «келін қайын ененің топырағынан жаратылады» деген сөз бекер айтылмаған тәрізді. Бүгінде мен де жеті баланың анасымын. Қазіргі жағдайда баланы дүниеге әкеліп, бағу оңай емес. Соған қарамастан балаларыма жақсы тәрбие беруге тырысамын, ‒ дейді Т.Нұрлыбаева.

Жас ананың сөзінің дәлелі іспетті, ұлдары спортпен айналысады екен. Бұл да «балаларым жақсы азамат болсын» деген ананың ақ тілеуі болар деп ойладық біз.

‒ Бала тәрбиесіне енем мен жолдасым көмек береді. Әйел болған соң үй тірлігіне өзім үлгеріп жүрмін. Балаларым әлі кішкентай. Кейде Құдай естімесін,  жеті баланың қажеттілігін өтеу қиынға соғады. Дегенмен қай кезде де Алланың қалауы болады. Бастысы, балаларымның дені сау. Олар үшін мемлекеттен аз ғана көлемде атаулы әлеуметтік көмек беріледі. Сонда да «бұйырғанына қанағат» деп отырамын. Бірақ алдағы уақытта мемлекет балалардың несібесіне көңіл бөлсе деген тілегім бар. Бұл дүниеде баланы қуантқаннан артық бақыт бар ма, ‒ дейді жас ана.  

Бала тәрбиелеудің нақты моделі жоқ екені белгілі. Осы орайда  жас анаға «баланың жеке тұлға ретінде дамуы үшін анасы қанша уақыт бөлу керек?» деген сауалымызды да қойдық:

‒ Мен бар уақытымды балаларыма арнаймын. Әр баламның қызығушылығы мен бейіміне баса мән беремін. Әрине, бала тәрбиесінде әкенің беделі, әкенің рөлі өте маңызды. Сондықтан «әкеміз ‒ отбасымыздың тірегі» деп айта аламын. Жолдасым Жұмамұрат Төлегенұлы ‒ сабырлы, еңбекқор кісі. Балаларының қамы үшін кез келген жұмысқа дайын. Біз ‒ балаларымызбен баймыз. Аллаға шүкір,  бақытты отбасымыз, ‒ дейді бес атқа мінер мен екі кестетігердің анасы.

Сағындырған балалық

Әрбір адамнын өміріндегі  ең тәтті, ерекше қимас сәт ‒  балалық шағы. Сол бақытты кезеңді сыйлаған ата-анаға,  адамгершілікке бастайтын қазақы тәрбиені бойымызға сіңірген әжеме деген алғысым шексіз. Сондай алаңсыз сәттерді еске  алсам, көз алдыма  ауыл адамдарының мейірімді болмысы елестейді. 

Дастархан басында оқыған кітаптар жайлы пікір алмасып, ата-анамыздың бізбен қосылып домбырамен ән шырқауы қандай әдемі?! Әкемізбен бірге тал егу, шахмат, шашка ойнаудың өзі қайталанбас керемет шақтар екенін жып-жылы естеліктер еске түсіреді.

Гүлдана ЖҰМАДИНОВА

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!