«Қандай ас ішемін, не киім киемін?». Қарап отырсақ, біз бұл сұрақтарға келгенде ұзақ ойланбаймыз. Содан болар, кейде қиғылық салып, бардың қадіріне бойлай бермейміз. Аштықты көрген жоқпыз. Бейбіт өмірде ішкеніміз алдымызда, ішпегеніміз артымызда, ешкімге алақан жайып, жалтақтамаймыз. Ал бұл жолда талай тарланның тақымындағы тер кеппеді.
Ұлт-азаттық көтерілістер, Ұлы отан соғысы мен Желтоқсан оқиғасы, қатал сыннан өткен жандардың жан қияр ерлігі тарих қойнауында сақтаулы. «Тәуелсіздік алдық, енді оны қалай сақтап қаламыз?» деген сауал көптің көкейін күпті еткен тағдырлы уақыт та болды. Ата-аналарымыз ол кезеңнің өтпелі болғанын, айлап-жылдап жалақы алмай, зейнетақыға жете алмай зарыққан жандар жайлы күрсіне айтып отырады. Олар қиналды, бірақ шыдады. Қиын күннің желдей есіп өтеріне сенгендіктен. Оларға сол сәтте қуат берген бір құдірет болса, ол – Тәуелсіздік.
Өйткені ата-бабаларымыздан мұра болып қалған ұлан-ғайыр атамекен жер, мәдениет тек қана қазақтың рухының күштілігімен сақталғаны анық. Бұл орайда қазақ әдебиетінің қара нары, қазақ журналистикасының жампозы Шерхан Мұртазаның мына сөзі еске түседі: «Қазақ деген елдің ежелден бергі арманы – азаттық. Сол азаттық қаншама ғасырлар бойы қиын-қыстау кезеңдерден сүрінбей өткен қазақтың пешенесіне бұйырыпты. Өзгелермен иық тірестіріп тұрып, тәуелсіздік алдық. Тәубе». Шынында,«Қашан егемен ел боламыз?» деген бір кездегі мазалы сұрақ – бүгін біздің бақытымыз. Хас ақын Қасым Аманжоловтың «Сен неткен бақытты едің, келер ұрпақ. Жүзіңе көп қараймын мен таңырқап» деген жалынды жырын да бүгінгі жастарға қарата айтуға болады. Қазір жас буынға сапалы білім беру жолында жаңа білім ордалары ашылуда, кәсіби маман атануға еш кедергі жоқ. Содан болар, білім-ғылымда, спортта, мәдениет саласында топ жарып жүрген замандастарымыздың қатары қалың.
Мұны біз биыл табалдырығымыздан аттаған мерейлі датада, Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай жастардың төл газеті – «Ақмешіт жастары» ұйымдастырған байқаулардан да байқадық. Тарқатып айтсақ, осыдан бірнеше ай бұрын жарияланған «Жастар жырлайды» облыстық жазба ақындар айтысына қатысуға ниет танытқан жастар көп болды. Жастар жанашыры, облыстық мәслихат депутаты, «Сыр үміті» жастар қауымдастығының төрағасы Мағжан Ералиев қаржылай қолдау танытқан сайыста жеңімпазды анықтау оңай болған жоқ. Бірақ сөз сайысында көркемдік ерекшелік, орамды сөз қолданысы арқылы «Егемен Қазақстан» газетінің меншікті тілшісі Мұрат Жетпісбаев, «Сыр медиа» ЖШС бас директорының орынбасары Айжан Абдуллаева, үш мәрте «Алтын домбыра» иегері Мұхтар Ниязов бастаған қазылар алқасы Бексұлтан Орынбасаровқа І орынды, ІІ орынды Шыңғыс Құдайбергенге, ІІІ орынды Айбану Қалиева мен Динар Рахманға берді. Ал Темірбек Жүргенов атындағы сыйлық үшін жарияланған «Ғылым жолында» байқауында «Болашақ» университетінің «Қоғамдық пәндер, тарих және география» кафедрасының меңгерушісі Ботагөз Паридинованың «Рухани дүниетаным» және «Руханилық» категорияларының педагогика және психологиядағы түсініктері» еңбегі байқау талабына сай жазылған үздік зерттеу деп танылды. Біздің айтпағымыз, сайыс, жүлде-марапат емес. Ең маңыздысы, жастардың Тәуелсіздіктің мәнін терең түсінуінде болып отыр. Олардың «Біз бақытты ұрпақпыз, алдағы жарқын болашақ та біздің қолда. Игілігіміздің бастауы болған Тәуелсіздігімізді бағалап, ардақтай білу маңызды» деген пікірі қуантады. Расында, «Азаттық пен тыныштық, көксегенім» деп Абай атамыз жырлағандай, қазіргі қазақ қоғамына ең қажет дүние – бейбіт өмір мен тату тірлік. Тәуелсіздігіміз тұғырлы болғай!
Мөлдір СНАДИН
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!