Түптің түбінде бір жарық мекеннің бар екеніне кәміл сеніп, соған жету үшін желкенін желге қарсы жайып тастап, сұрапыл дауылдар шайқаған телегей теңіздің бетінде теңселе жүріп, басы да, аяғыда жоқ алыс сапарға жол алып кеткен қайықтың тағдырын көз алдыңызға елестетіңіз.

Ол қайық әдепкі тыныштығын ендігіде мүлдем жоғалтқан. Оның басына бұрынғыдай жайма шуақ көктемнің қайта келуі екіталай. Ол қалай болса да, қадірі бар қасиетті жағажайына енді қайтып оралмақ емес. Оны тасбауыр тағдырдың дойыр күші өз айдынынан айырып, жападан жалғыз, шетсіз де шексіз долы теңізге шығарып жіберді. Ол сапарға жалғыз шыққан, жалғыз келеді. Жалғыз өзі әр екпінді толқынға кеудесін тосып, зорға төтеп келеді. Ендігі көрері не болмақ?… Жалауы құлап, ескегі сынса, есіркей қояр кім бар екен мына жалғанда?!
Оны қараңғылықтар үнемі адасқаққа бастап кетеді. Ессіз тәуекелшілдіктер үнемі тереңге батырып жіберуге де шақ қалады. Кейде оны теңіздің дүр иірімдері бағыт-бағдарсыз етіп, ес-ақылынан айырады. Сонан соң, аз уақытқа созылған зілзала күйден қайта ес жиып, еңсесін тіктеп, тұңғиықтардан жалғыз өзі қасқайып шығып келе жатады. Себебі оның асқақ арманы бар еді. Ол махаббатпен мейірімнің жоғалмайтынына мәңгі сенетін. Сол арманы мен сенімі ғана оған шұғыла шашады.
Жападан жалғыз… Жалқы тірліктен әбден жалыққан оның дел-сал күйден бас көтере алмай қалатын сәттері де көп болады. Оны теңіздің ызғарлы боранынан, Шаңқай түстердің аптап қуырған ыстығынан қалқалайтын ешкім болмайды. Сондай дәрменсіздігіне налиды. Сапарға шыққанына аса көп уақыт болмаса да, тез қажып кеткенін мойындағысы келмейді. Ол өзін қорашсынып, жек көріп те кеткендей теңселіп барады… теңселіп барады…
Десе де, мұндай сапарға шыққан қайықтар осы жолда өлермен болады екен. Ол өзін бақытты сезінеді. Өзін еркін әрі тәуелсіз ұстайды. Ол ешкімнің өміріне мойын созбайды. Және ешкімге ешқашан мойын ұсынбайды. Ол аяқ астынан болған қуанышқа да, тосыннан келген трагедияларға да дайын. Ештеңеге таңғалмайды. Ол айналасындағылардың сүркейлі һәм сұрықсыз кейіп-кеспірлерін бегзаттығымен кешіріп, теңіздің бетінде қопаңдап кете береді… кете береді…
Ол жолықтырған теңіз аралдарының көші оған ұнамайды. Қарабайырлықтан құтыла алмаған жаратылыстар оған пана болуды былай қойып, жаттығын көрсетіп жатырқайды да тұрады. Бейшара қайық ешқайда ұзақ аялдай алмай жалғасты жолға шығады. Сірә, оның тағдырына сапарға шексіз шығу ғана жазылған секілді…
Онымен сапарлас бола алатын серік жоқтың қасы. Шынында да, осынау қарапайым қайықтың болмысын түсінетін ешкім жоқ. Шынымен де ешкім оның жұрт назарынан тыс қалғандағы кешкен күйлерімен санаспайды. Сорлы қайық ырғала басып кетіп барады… кетіп барады…
Түптің түбінде бір жарық мекен жолығып қалар алдынан…

Жамбыл Бақытәліұлы

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!