Қазіргі қадам басқан мыңжылдықты «ақпараттық ғасыр» немесе компьютерлік технологиялар ғасыры деп айтады. Шынында да, олардың басым бөлігі адам қызметінің барлық салаларында айқын көрінеді. Бұл үдерістен кітапхана жүйесі де сырт қалған жоқ.
Заманауи компьютерлік технологиялардың қарқынды дамуы нәтижесінде қауіпсіз өндіріс, қолжетімді ақпарат алмасу жеделдетіліп, коммуникациялық технологияда көрініс тапты. Ақпараттық технологиялардың дамуына байланысты өндірілетін ақпараттың көлемі күннен-күнге артып, кітапханалардың білім базасы құрылуда.
Университеттің ғылыми кітапханасы – бүгінгі күні білім алушылардың қоғамдық дүниетанымын қалыптастыратын, өмірлік бағытын айқындайтын ғылыми ізденіс пен таным орталығы. Қазіргі уақытта кітапхананы – «әлеуметтік институт», кітапханалық қызмет көрсетуді – «жеке тұлғаны әлеуметтендіру бойынша жүргізілетін іс-шаралар» деп қарау түсінігі кең тарауда.
Ғылыми кітапхананың стратегиялық мақсаты – ақпараттық ресурстардың пайдаланушыларға барынша қолжетімді болуы. Бұл мақсатқа жетудің маңызды құралы – заманауи электрондық кітапхана, сандық технологияларды қолдану, ғылыми қорды сақтау, басқару, мүмкіндіктерді кеңейту.
2020 жылдың 1 қыркүйегінен бастап университет кітапханасының ғылыми-техникалық кітапхана атауы өзгеріп, ғылыми кітапхана мәртебесіне ие болды. Қазіргі уақытта жалпы кітап қоры 2 118 961 дананы құрайды.
Университеттің тыныс-тіршілігімен тығыз байланыста болатын ғылыми кітапхана қызметкерлері – оқуға, оқытуға және білімге қол жетімділікті толық қамтамасыз етуге аянбай қызмет етуде.
Ғылыми кітапхана қоры оқу жоспары мен білім беру бағдарламалары бойынша пәндерге сәйкес болуын кітапхана қызметкерлері үнемі қадағалап, кафедра оқытушыларымен бірлесіп қорды толықтыру жұмысы жүзеге асырылады. Осы орайда отандық және шет елдік баспалардан кафедралардың тапсырыстары бойынша 11845 дана әдебиет сатып алынып, оқу үдерісіне пайдаланылуда.
Кітапхана қорына көптеген мекемелерден көркем әдебиет пен оқулықтар сыйға келеді. Ерекше атап кететін болсақ «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы бойынша «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қорынан шығарылған оқулықтардың 11 842 данасы университет кітапхана қорына сыйға берілді. Бүгінгі күні гуманитарлық бағыттағы білім беру бағдарламаларында оқу құралдары толығымен пайдаланылуда.
Кітапхана қоры университеттің оқытушы-ғалымдарының мамандықтар бойынша әзірленген электронды оқулықтарымен де толығуда.
Ғылыми кітапханада оқырмандарға 3 оқу залы, 3 абонемент, 3 электронды зал, сирек кездесетін кітаптар және жатақханадағы кітап беру орны қызмет көрсетеді.
Университет басшылығының қолдауымен білім алушыларға қызмет көрсету сапасын арттыру мақсатында, университет тарихында алғаш рет 2021 жылы ғылыми кітапхананың Студенттер сарайындағы қызмет көрсету бөлімі модернизациялаудан өтті. Күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жаңа үлгідегі кітапханалық кеңістік OPEN SPACE форматында іске қосылады деп жоспарлануда. Бұл университетіміздің 85 жылдық мерейтойы қарсаңында білім алушылар үшін үлкен сый болмақ.
«Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы – білім экономикасына көшуді қамтамасыз ету үшін креативті қоғам құруға бағытталған «Адами капиталды дамыту» бағыты бойынша қазақстандық жоғары оқу орындарының алдына міндеттер қойып отыр. Олар жаңа білімдер мен инновациялар орталықтарына айналуы, экономиканың басым секторларын білікті кадрлық ресурстармен қамтамасыз етуі, рухани-интеллигенттік элитаны тәрбиелеуі тиіс.
Университеттің ғылыми кітапханасы жаңа технологияларды белсенді түрде игеріп, кітапхана ісін автоматтандыру жұмысын одан әрі жетілдіруде. Елімізде болған пандемия кезінде кітапханалық «КАБИС» бағдарламасының қашықтықтан білім алушылар үшін толық жұмыс жасау мүмкіндігі болмағандықтан, 2020 жылдың желтоқсан айында Ресейлік «ДатаЭкспресс» компаниясының «МегаПРО» автоматтандырылған кітапханалық-ақпараттық жүйесінің модульдері сатып алынды. 2021 жылдың мамыр айынан бастап, білім алушылар кітапханалық қызмет түрлерін қашықтан пайдаланады және «МегаПро» бағдарламасы интернет желісіне қосылған кез келген компьютер, мобыльді құрылғылар арқылы 24/7 форматында жұмыс істейді.
Ғылыми кітапхана дәстүрлі және электронды қызмет түрлерін қатар жүргізеді, абонемент және оқу залдарында пайдаланушыларға бірыңғай электронды оқырман формуляры арқылы қызмет көрсетіледі. Оқырманның жеке кабинеті арқылы құжаттарды қайтару мерзімдері, сақталуы туралы ақпараттар көрсетіліп, оқырмандардың бірыңғай базасы жасақталды. Бірыңғай электронды оқырман формулярының ерекшелігі пайдаланушы кітапхана құжаттарын қызмет көрсету пункттеріндегі қайтару уақытын бақылауға және әдебиеттерді қайтару кідірісіне байланысты келеңсіз жағдайлардың алдын алуға мүмкіндік берді.
2021 жылға дейін магистранттар мен докторанттар ғылыми жұмыстарын дәстүрлі форматта кітапхана қорына өткізетін, «МегаПро» бағдарламасы іске қосылғаннан бастап кітапхананың электронды диссертациялық базасы жасақталып, толықтырылуда. Кітапхананың медиаресурстары электрондық оқулықтармен және басқа да ресурстармен толығуда.
«Цифрлық кітапхана» жобасын жүзеге асыруда жоғары оқу орындары аралық электронды кітапханасымен (www.rmeb.kz) келісім-шарт ұзартылды.
Электронды кітапханалар базасын кеңейту мақсатында отандық «Alembook» (https://new.alemlibrary.kz ) электронды кітапханасын пайдалану үшін 2021-2025 жылдар аралығына келісім-шарт жасалды.
Сондай-ақ, отандық ашық электронды ресурстарды пайдалану мүмкіндіктері бар: www.kazneb.kz – Қазақстандық ұлттық электронды кітапхана, https://adebiportal.kz/kz – Әдебиет порталы, https://kitap.kz/- онлайн патформа Ашық кітапхана, http://library.kz/ – Орталық ғылыми кітапхана, https://www.okulyk.kz/ – жалпы орта мектептің оқулықтарының электронды кітапханасы, https://openu.kz/kz/books – Қазақстанның ашық кітапханасы, http://elibrary.kaznu.kz/kk/ – әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің электронды кітапханасы.
Университеттің серверіне қосылған компьютерлер арқылы сыртқы электронды ресурстарды пайдалануға мүмкіндік бар.
Олар: https://link.springer.com/ – Springer – International Publisher Science, http://apps.webofknowledge.com/ – Clarivate Analytics https://www.wdl.org/ru/– Әлемдік цифрлық кітапхана, https://www.scopus.com/ – Scopus.
Инновациялық технология көмегімен кең көлемді ақпарат алу жолдары үнемі насихатталуда. Дәстүрлі түрде оқу жылының басында институттар бойынша «МегаПРО» бағдарламасы арқылы университеттің электронды кітапхана қызметін қашықтан пайдалану, бітіруші түлектердің ғылыми жұмыстарын базаға ендіру, әдебиеттерге онлайн сұраныс беру, т.б. өзекті тақырыптарға арналған онлайн және офлайн режимінде семинар-тренингтер жүйелі түрде ұйымдастырылып отырады.
Университет қабырғасында өтетін түрлі бағыттағы облыстық, республикалық және халықаралық ғылыми-конференцияларға белсене атсалысып, кітап көрмелерін ұйымдастыру дәстүрге айналған.
Университет кітапханасында 30 жылдан астам қызмет атқарып, еңбектері еленіп, университеттің дамуы мен өркендеуіне өзіндік үлесін қосып жүрген кітапхана қызметкерлері А.Р.Қиясова, Г.Қ.Есмағанбетова, Ұ.Ш.Бисенова, А.Т.Есполова, Қ.Арғынбаевалар жас мамандарға үлгі көрсетуде. Жаңа технологияны жетілдіруде және кітапхана қорын сандық форматқа көшіруде С.Ж.Сәдуақасова, Ж.А.Бисенова, М.Ахметова, Ж.Бекотова, Ю.Терещенколардың еңбектерін атап өткен жөн.
Бүгінгі күні ғылыми кітапхана кітапхана білім алушылардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру мен дамытуда заманауи ақпараттық-танымдық орталыққа айналды.
Гүлмира СӘТБАЕВА,
Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің
ғылыми кітапхана директоры
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!