Фото: el.kz

Салт-дәстүр ата-бабаларымыздың қаншама ғасырлар бойы сақталып келе жатқан асыл мұрасы. «Салт-дәстүр», «әдет-ғұрып» дегеніміз үйреншікті дүниеге айналған, жалпыға ортақ қоғамдық тәртіп. Салт-дәстүрдің ел арасындағы тәлімдік, тәрбиелік, халықтық мәні зор. Қазақ халқы салт-дәстүрге бай. Алаш жұртында көптеген салт-дәстүр мен ырым бар. Дегенмен көбі ырым мен салт-дәстүрді шатастырып жатады. Салт-дәстүрдің өзіндік ерекшеліктері бар болса, ырымның астарында да игі ниет, тәрбиелік мән бар.

Ал енді қазақ халқының ұлттық салт-дәстүр тәрбиесінің қыр-сырына, оның түйткілді мәселелеріне мойын бұрсақ. Қазақ халқында ұмыт қалған салт-дәстүрлер өте көп. Соның бірнешеуіне арнайы тоқталсақ.

Балдыз қалың. Балдыз қалың салты бойынша қалыңдығы қайтыс болса болашақ күйеу төлеген қалың малын қайтарып алмай, сол отбасының екінші қызын алуға құқы бар.

Егер ол үйдің басқа қызы болмаса, төлеген малдың жартысы қайтарылады. Күйеу ұрын барып, балдызын алатын болып, келіссе, үстіне «балдыз қалың» төлейтін болған. Бұрынғы қалың малдың үстіне түйе бастатқан бір тоғыз қосылады. Егер ұрын келмеген болса, «балдыз қалың» төленбейді.

Бәсіре атау. Ежелгі әдет-ғұрыптардың бірі. Ата-анасы баласына арнап ен салған жас төлді «бәсіре» деп атайды. Бәсірені сол баланың қажетіне, тойына жаратады. Оны ен салып, малды таңбалаумен шатастырмау қажет.

Көтендестіру. Қазақтың кейбір дәстүрлерінің атауы ерсі болғанмен, түсіне білген адамға берер тәлім-тәрбиесі мол. Солардың бірі – көтендестіру салты. Салт бойынша балалары қырқынан шыққанша, бір уақытта босанған екі әйелге бір-бірімен араласуға, көрісуге болмайды. Осылайша жұқпалы ауруларды жұқтырудың алдын алған екен. Сондықтан 40 күннен кейін екі әйелді қонаққа шақырған үй иесі бірінші келгенін кереге жаққа қаратып отырғызады. Екінші келгенді бірінші әйелмен арқасын тірей отырғызады. Үй иесінің белгісімен екі әйел сол қолымен әкелген қонақ кәдесін сол аяғының астынан өткізіп, оң қолымен иық тіресіп отырған әйелге берген. Осылайша қайта қауышып, еркін араласатын болған. Ал сол салтты үйінде өткізген әйелге сыйлығын берген.

Босаға майлау. Жастар шаңырақ көтергенде немесе біреу жаңа үй алғанда жақын туған-туыстары келіп жаңа үйдің босағасына май жағу салтын жасайды. Ол осы үй берекелі, майдай жұғымды, көптің үйі болсын деген ниеттен туған. Босағасын майлаған адамға шаңырақ иелері кәде береді.

Қазан шегелеу. Жақын туыс, әзіл-қалжыңы жарасқан адамдардың үйіне екі-үш адам бірге барып: «Осы үйдің қазанын шегелей келдік» дейді. Бұл олардың түстеніп, ет жеуге келгендігі. Үй иесі оған әзілмен жауап қайтарып: «Жақсы болды, қазан шегелейтін адам таба алмай отыр едік» деп қонақжайлылық танытады. Әйелі ет асып қонақасы береді.

Мойнына бұршақ салу. Ертеде баласы жоқ адамдар мойнына көгеннің бұршағын салып Құдайдан перзент сұрап жалбарынған, жылаған. Мойынға бұршақты бала тілегенде ғана салады.

Қазақ дәстүрінен халықтың мінез-құлқын, болмысы мен дүниетанымын, мәдениеті, тілі мен дінін, өмір сүру жолын байқауға болады.

Салт-дәстүрлеріміздің ұмыт қалған түрлері қаншама?! Қазақ салт- дәстүрін зертеушілер ұмыт болған салттардың қолданысқа қайта енуі екіталай дейді. Сондықтан сақталып қалған дәстүрді жоғалтып алмай, оны алдымен мектеп оқушыларына оқытып, бойларына сіңіру қажет.

Шаттық НИЯЗОВА

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!